Еврейлерге хат 13 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құдайдың жолымен жүру туралы қосымша нұсқаулар

1Бір-біріңді бауырластар ретінде ұдайы жақсы көріңдер!

2Қонақжайлылық танытуды ұмытпаңдар. Солай еткен кейбіреулер білместен тіпті Тәңір Иенің періштелерін қонақ қылды.

3Тұтқынға түскендеріңнің қамын ойлап, солармен бірге құрсауда отырғандай сезініңдер. Жәбір көріп жүргендерді өздерің де тәндік азап шеккендей естеріңнен шығармай, қолдау көрсетіңдер!

4Некеге барлығың да құрметпен қарап, жар төсегін былғамаңдар! Азғындар және неке адалдығын бұзғандар Құдайдың сотына түспек.

5Ақшақұмар болмай өмір сүріп, қолдағы барды қанағат тұтыңдар! Құдай: «Мен сені ешқашан тастап та кетпеймін, жалғыз да қалдырмаймын», — деген ғой.

6Сондықтан да біз: «Ием маған жар, мен қорықпаймын ешбір жайттан, не істей алады адам баласы маған?» деп нық сеніммен айтамыз.

7Өздеріңе Құдайдың хабарын айтқан жетекшілеріңді ұмытпаңдар. Олардың қалай өмір сүріп, қалай бұ дүниеден кеткендерін естеріңде ұстап, сенімдерін үлгі-өнеге етіңдер!

8Иса Мәсіх өткенде, қазір және болашақта мәңгілік Өзі болып қала береді.

9Түрлі бөтен ілімдерге ілесіп кетпеңдер! Жан дүниеміздің Құдайдың рақымымен нығаюы игі. Бұған ішіп-жеуге болатын тағамдар туралы діни ережелердің қатысы жоқ. Мұндайларды ұстанғандар олардан еш пайда таппайды.

10Мәсіх біз үшін өмірін құрбан етті. Ал ғибадатханада ескі рәсімдерге сай құлшылық етіп жүргендерге Мәсіхтің құрбандық өлімінен келер пайда жоқ.

11Сол рәсімдер бойынша бас діни қызметкер күнәнің құнын өтеу үшін құрбандыққа шалынған малдардың қанын (жылына бір рет) киелі үйдің ең қасиетті бөлмесіне алып барады. Ал құрбандықтардың өздері ел қонысының сыртына шығарылып, өртеледі.

12Сол сияқты Иса да, адамдарды Өзінің қаны арқылы Құдайға бағыштап қасиетті ету үшін қала қақпасының сыртында азапталып, құрбан болды.

13Сондықтан біз ескі құлшылық ету рәсімдерінен аулақ шығып, Мәсіхке еріп, Оның көрген қорлығын бөлісейік.

14Осы күнәкар дүниеде біз тұратын мәңгілік қала жоқ, қайта, көктегі келешек қаланы аңсап күтудеміз.

15Сонымен Мәсіх арқылы Құдайды үнемі мадақтап сый-тартуымызды ұсынайық: Оның «Жаратқан Ие» деген атағын ауызбен де мойындап, дәріптеуіміз біздің Тәңір Иеге арнаған құрбандығымыз болады.

16Сондай-ақ, қолдағы игіліктеріңмен өзара бөлісіп жақсылық жасауды ұмытпаңдар! Мұндай құрбандықтарға да Құдай риза.

17Жетекшілеріңе мойынсұнып, айтқандарын тыңдаңдар. Олар ұдайы рухани өмірлеріңнің қамын жеп, сол қызметтері туралы Мәсіх алдында есеп беруге тиісті. Мұны қинала емес, қуана атқарулары үшін оларға мойынсұныңдар. Олай етпесеңдер, өздерің зиян көресіңдер.

18Біз үшін Құдайға сиыныңдар. Ар-ұжданымыздың таза екеніне сенімдіміз, барлық жағдайда да адал жүруге ұмтыламыз.

19Маған тезірек өздеріңе қайтып баруға жол ашсын деп Тәңір Иемізден тілеулеріңді ерекше өтінемін.

Соңғы баталар мен сәлемдер

20Татулық пен тыныштық орнатқан Құдай біздің Иеміз Исаны өлімнен тірілтіп алды. Иеміз өз қанын төгіп құрбан болуымен мәңгілік Жаңа Келісімді бекіткендіктен, сенушілер қауымының Ұлы Бағушысы болды.

21Лайым Құдай Өзінің айтқандарын орындауларың үшін сендерге қажетті барлық жақсылықты дарыта көрсін, әрі Өзіне ұнайтын игі істерді Иса Мәсіхтің қолдауымен сендерге жасата берсін. Мәсіхтің ұлылығы мәңгілік мадақтала берсін! Аумин.

22Қымбатты бауырластар, өтінемін, сендерге арнаған ескертпелерімді қабыл алыңдар; қысқа ғана жаздым емес пе?

23Бауырласымыз Тімотенің тұтқыннан босатылғанынан хабардар болыңдар. Егер ол мұнда тезірек келсе, онымен бірге өздеріңді көретін ойым бар.

24Барлық жетекшілеріңе және Құдайдың бүкіл халқына сәлемімді жеткізіңдер. Италиялық бауырластарымыз да сендерге сәлем жолдауда.

25Лайым бәріңе Құдай жар болып, рақымын жаудыра көрсін! (Аумин.)

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help