Заңды қайталау 4 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жаратқан Иеге мойынсұнуды ескерту

1Ал енді, Исраил, мен сендерге үйретіп отырған ережелер мен шешімдерді тыңдаңдар! Өмір сүре берулерің үшін, әрі ата-бабаларың сиынған Құдай Иенің сендерге табыстап отырған елге кіріп, оны иемденулерің үшін оларды орындайтын болыңдар!

2Құдай Иеміздің бүгін өздеріңе тапсырып отырған осы өсиеттеріне ештеңені қоспай, ештеңені алып та тастамай, оларды берік сақтайтын болыңдар!

3Жаратқан Иенің Бағал-Пеғорда не істегенін өз көздеріңмен көрдіңдер. Пеғорда Бағалға табынып кеткендеріңнің бәрін Құдай Иеміз халықтың арасынан аластатып, қырғынға ұшыратты емес пе?!

4Ал Құдай Иемізден берік ұстанған басқаларың бүгін аман-есен тірі жүрсіңдер.

5Міне, өздерің кіріп, иемденгелі тұрған елде орындауларың үшін мен сендерге Құдай Иемнің ережелері мен шешімдерін Оның маған бұйырғанына сай үйретіп келемін.

6Иә, соларды мұқият сақтап орындаңдар! Себебі осылайша басқа халықтар сендердің даналықтарың мен ақыл-парасаттарыңа көз жеткізіп, осы ережелер туралы естігенде қайран қалып: «Ойпыр-ай, осы үлкен халық неткен дана да парасатты ел еді!» — дейтін болады.

7Шынында, біз қай кезде мінажат етсек те, Құдайымыз Жаратқан Ие бізге жақын тұрады. Ал табынған тәңірлері дәл солай жақын тұратын тағы басқа үлкен халық бар ма?!

8Мен сендерге қазір табыстап отырған осы бүкіл Таурат заңындай әділ ережелер мен шешімдерге ие болып отырған тағы басқа үлкен халық бар ма?! (Әрине, жоқ!)

9Сондықтан өз көздеріңмен көрген осы нәрселердің ешқайсысын естеріңнен шығармауларың үшін, әрі өмір бойы жүректеріңнен кетіп қалмаулары үшін абай болып сақтаныңдар! Сол үшін балаларың мен немерелеріңе оларды айтып үйрететін болыңдар!

10Сендер Хориб тауының маңында Құдайларың Жаратқан Иенің алдында тұрған күнді естеріңе түсіріңдер. Сонда Жаратқан Ие маған мынадай тапсырма берді: «Халықты Менің алдыма жина. Олар өмір бойы Мені терең қастерлеуді үйрететін және өз балаларына да сондай тәрбие бергізетін сөздерімді естісін!»

11Сендер тауға жақындап келіп, оның етегінде тұрдыңдар. Ал жанып жатқан таудың жалыны тіпті аспанға дейін жетіп, үстін қара бұлт пен түнек басып жатқан болатын.

12Сонда Жаратқан Ие өздеріңе сол оттың ішінен тіл қатты. Сендер Оның сөздерін естідіңдер, бірақ ешқандай бейнені көрген жоқсыңдар. Тек Оның дауысы ғана естілді.

13Жаратқан Ие сендерге Өзінің Келісімін жариялап, орындауға бұйырған Он өсиетін айтты да, оларды екі тас тақташаға жазып берді.

14Сол кезде Жаратқан Ие маған сендерге ережелері мен шешімдерін үйретуге бұйырды. Оларды өздерің енді өзеннен өтіп, иемденгелі тұрған елде орындауларың керек.

Жалған тәңірлерге табынудан сақтандыру

15Сонымен абай болыңдар! Жаратқан Ие өздеріңе Хориб тауындағы оттың ішінен тіл қатқан кезде сендер ешқандай бейнені көрген жоқсыңдар.

16Абайлаңдар, ешбір мақұлықтың бейнесін жасап, оған табынып азғындыққа салынудан аулақ болыңдар: еркектің не әйелдің,

17жерде жүретін жануардың не аспанда ұшатын құстың,

18жер бетінде жорғалайтын жәндіктің не суда жүзетін балықтың бейнесінде өздеріңе жалған тәңірдің мүсінін жасап алмаңдар!

19Сонымен қатар сендер аспанға қарап, ондағы күн, ай, жұлдыз сияқты аспан денелерінің үлкен тобын көргенде, соларға елігіп, табынып кетуден де сақ болыңдар! Оларды жер бетіндегі барлық ұлттардың игілігі үшін Құдай Иеміздің Өзі жаратқан.

20Бірақ сендерді Жаратқан Ие (тазартып) Өзіне меншікті халық ету үшін темір балқытатын пеш іспетті Мысыр елінен алып шығарды. Енді сендер Оның халқы әрі өз меншігі болып отырсыңдар да.

21Ал Жаратқан Иенің сендерге бола маған ашуланған кезі де болды. Сонда Ол мені Иордан өзенінен өткізбеуге ұйғарып, Онысын антпен бекітті. Соның кесірінен Құдай Иеміз мұралық меншіктеріңе табыстамақ мына шұрайлы елге мен кіре алмайтын болдым.

22Мен Иорданның арғы жағына өтпей, осы жерде көз жұмамын. Ал сендер өзеннің арғы жағына өтіп, сол шұрайлы елді басып алып, иемденесіңдер.

23Сондықтан Құдайларың Жаратқан Иенің өздеріңмен жасаған Келісімін естеріңнен шығарудан сақ болыңдар! Өздеріңе кез келген бейнедегі тәңір мүсіндерін жасап алмаңдар! Құдай Ие соған тыйым салған еді ғой.

24Себебі Құдайларың Жаратқан Ие жалмап қоятын от іспетті! Ол — басқа еш нәрсеге табынуларыңа төзбей, Өзіне адал болуларыңды талап ететін Құдай!

25Сендер елде үбірлі-шүбірлі болып, көп жыл тұрғанда азғындыққа салынсаңдар, әлдебір нәрсенің бейнесіне ұқсатып мүсін ойып жасап өз Құдайларың Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет етсеңдер, бұларыңмен Оның ашуын туғызатын боласыңдар.

26Мен бүгін сендерге қарсы көк пен жерді айғақ болуға шақыра отырып былай деймін: егер осылай істейтін болсаңдар, сендер қазір Иорданның арғы жағына өтіп, иемденгелі тұрған елден жуырда-ақ аластатыласыңдар. Онда ұзақ өмір сүрмей, еш шүбәсіз қырыласыңдар.

27Қалғандарыңды Жаратқан Ие басқа ұлттардың арасына шашыратып жібереді. Сендер Жаратқан Ие өздеріңді жер аудартқан сол ұлттардың арасында сандарың аз болып тіршілік етесіңдер.

28Сонда сендер адам қолымен ағаш пен тастан жасалған, көрмейтін де естімейтін, тамақ та жемейтін, иіс те сезбейтін тәңірсымақтарға құлшылық ететін боласыңдар.

29Сол алыс жерлерде сендер өз Құдайларың Жаратқан Иені іздеп, Оған бет бұра бастайсыңдар. Егер Оған шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен бет бұрсаңдар, Оны табасыңдар.

30Осы сөздердің барлығы орындалып, сендер қиындыққа ұшыраған сол кейінгі уақытта Құдай Иемізге қайта оралып, Оған мойынсұнатын боласыңдар.

31Себебі Құдайымыз Жаратқан Ие — рақымды Құдай, Ол сендерден бас тартып, толығымен құрып кетулеріңе жол бермейді, әрі ата-бабаларыңмен антпен бекітіп жасаған Келісімін есінен шығармайды.

Жаратқан Ие — бірден-бір шынайы Құдай

32Ал енді, ежелгі заманнан бері, Құдайдың адамды жер бетінде жаратқан кезінен бастап қазірге дейінгі тарихты зерттеп шығыңдар! Аспанның о шеті мен бұ шетінің аралығындағы халықтардан сұрастырып көріңдер: осы сияқты ұлы іс болып па еді? Яки біреу қашан болса да осындай оқиға туралы естіп пе екен?!

33Оттың ішінен сөйлеген Құдайдың даусын сендер сияқты естіп, тірі қалған өзге халық бар ма екен?!

34Немесе Құдай Иеміздің көз алдымызда Мысыр елінде істегеніндей, сол халықты ауыр сынақтардан өткізіп, ғажап істер мен кереметтер көрсетіп, соғыспен, Өзінің алға созылған құдіретті қолымен әрі ұлы да үрейлі істерімен өз меншігі болу үшін бір халықты басқа бір елдің ішінен алып шығуға тырысқан тәңір бар ма екен? (Әрине, жоқ!)

35Жаратқан Иенің шынымен Құдай екендігі, Одан басқа шынайы құдайдың жоқ екендігі өздеріңе анық болу үшін осы ұлы да үрейлі істер көрсетілді.

36Ол сендерге тәлім-тәрбие беру үшін көктен Өзінің даусын естіртіп, жерде ғаламат отын көрсетті. Сол оттың ішінен Оның сөздерін естідіңдер.

37Жаратқан Ие ата-бабаларыңды сүйгендіктен, олардың ұрпақтары — сендерді де таңдап алды. Өзі араларыңда бірге болып сендерді Мысыр елінен Өзінің құдіретті күшімен алып шықты.

38Ондағы мақсаты өздеріңнен үлкен әрі күшті халықтарды алдарыңнан қуып шығып, жерлерін тартып алып, сендердің мұралық меншіктеріңе беру болды. Бүгін бұл солай.

39Сол себепті көкте де, жерде де Жаратқан Иенің жалғыз Құдай екендігін, Одан басқа ешбір (шынайы) құдайдың жоқ екендігін бүгін біліп, мұны жүректеріңе құйып алыңдар!

40Жаратқан Иенің мен сендерге бүгін тапсырып отырған ережелері мен өсиеттерін орындайтын болыңдар! Сонда өздеріңе және кейінгі ұрпақтарыңа игі болып, Құдай Иеміз сендерге ұзақ ғасырларға табыстамақ елде көп жасайтын боласыңдар.

Шығыс жақтағы бас сауғалау қалалары

41Мұнан кейін Мұса Иордан өзенінің шығыс жағынан үш қаланы бөліп, белгілеп қойды.

42Бұрын өшікпеген біреуді абайсызда өлтіріп алған адам сонда қашып барып, бас сауғалай алатын болды.

43Сол қалалар мыналар: Рубен руына үлестірілген жонды даладағы Бесер қаласы, Ғад руының Ғилақад аймағындағы Рамот қаласы, Манаса руының Башан аймағындағы Ғолан қаласы.

Келісімнің ережелеріне кіріспе

44Мұсаның исраилдіктерге табыстаған Таурат заңы төменде берілген.

45Мысыр елінен шыққаннан кейін Мұса халыққа мына нұсқаулар, ережелер және шешімдерді айтып үйретті.

46Мұнан бұрын олар Иорданның шығысындағы Бет-Пеғордың маңындағы аңғарда, Хешебонда орналасқан аморлықтар патшасы Сихонның елінде біраз тұрып жатқан еді. Мұса мен өзге исраилдіктер Мысырдан көшіп шыққаннан кейін Сихонды талқандап жеңген болатын.

47Содан олар аморлықтардың екі патшасы — жаңағы Сихонның және Башан патшасы Огтың Иорданның шығыс жағасында жатқан жерлерін иемденіп алды.

48Осы жер Арнон аңғарының жағасындағы Арогерден Сирион, яғни Хермон, тауына дейін созылып,

49Иорданның шығыс жағындағы бүкіл елсіз алқапты Өлі теңізге және Писга тауының етектеріне дейін қамтыды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help