1Осыдан кейін қарап қалсам, көкте ашылған есікті көрдім! Мен бұдан бұрын да естіген, керней үніне ұқсайтын қатты дауыс маған: «Мұнда көтеріл, саған осыдан кейін не болуға тиіс екенін көрсетемін», — деді.
2Мен дереу Киелі Рухқа ерекше бөленіп аян көрдім: көкте бір тақ тұрды, үстінде Біреу отыр екен.
3Отырғанның сырт көрінісі яспис, карнеол іспетті асыл тастардай сәуле шашып, ал тақтың айналасын зүбәржаттай жалтыраған кемпірқосақ қоршапты.
4Тақты айналдыра жиырма төрт тақ тұр екен. Олардың үстінде ақ киімді, алтын тәж киген жиырма төрт ақсақал отырды.
5Тақтың тұсынан найзағайдың жарқылы, гүрсілі және күркірі шықты. Ал тақтың алдында жеті шырағдан жалындап жанып тұрды. Олар — Құдайдың жеті Рухының белгісі.
6Тақтың алды мөлдір кристалл іспетті шыны теңізге ұқсады.
Тақты қоршай, оның ортаңғы баспалдағында төрт нөкер бар еді. Олардың денелерінің алды-артында көптеген көздері болды.
7Алғашқысы арыстанға, екіншісі бұқаға, үшіншісінің беті адамның бетіне, ал төртіншісі ұшып бара жатқан бүркітке ұқсас екен.
8Әрбіреуінің алты қанаты болатын, қанаттардың тұла бойлары да толған көздер еді. Олар күні-түні тоқтамастан: «Бүкіл әлемнің Билеушісі — әрдайым болып келген, мәңгі бар және болашақта келетін Құдай Ие қасиетті, қастерлі, киелі!» — деп сиынумен болды.
9Төрт нөкер тақта отырған, мәңгілік өмір сүретін Құдайға даңқ пен құрмет көрсетіп, шүкірлік еткен сайын,
10жиырма төрт ақсақал Оның алдына бас ұра жығылып, мәңгі тірі Оған тағзым етеді. Олар тәждерін тақтың алдына ұсынып, былай дейді:
11«Уа, Құдай Иеміз, Сен даңқ пен ұлылыққа, құрмет пен билікке лайықсың! Өйткені бүкіл әлемді жаратқан Өзіңсің; Сенің еркіңмен ол жаратылды және бола да береді».
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
