Руларды санау 27 - Киелі кітап(QazBi2010)

Салопахадтың қыздарына мұралық жер үлестіру

1Бір күні Салопахадтың қыздары: Махла, Ноға, Хоғла, Мылқа, Тирса жамағаттың алдына шықты. Олардың әкесі Салопахад Хефердің ұлы, Ғилақадтың немересі, Махырдың шөбересі еді, ол Жүсіптің ұлы Манасаның руына жататын.

2Осы қыздар кездесу шатырының кіреберісінің маңына Мұсаның, діни қызметкер Елазардың, жетекшілердің және бүкіл жамағаттың алдына шығып, былай деп өтініш жасады:

3«Әкеміз иен далада көз жұмған еді. Соңынан ұл қалмады. Ол Жаратқан Иеге қарсы шыққан Қорахтың сыбайластар тобына қосылған жоқ, (өзге пенделер іспетті) өз күнәсі үшін өлді.

4Артынан қалған ұлы жоқ болғандықтан, әкеміздің аты өз әулетінен өшіп қалуға тиіс пе? Сол себептен бізге әкеміздің ағайындарының арасынан мұралық жер үлестіріп берсеңіз екен».

5Сонда Мұса олардың даулы мәселесін Жаратқан Иенің алдына жеткізді.

6Жаратқан Иенің Мұсаға берген жауабы мынау болды:

7«Салопахадтың қыздары дұрыс айтады. Оларға әкесінің ағайындарының арасынан, сөзсіз, мұралық жер үлестіріп беруің керек. Әкелеріне тиесілі мұралық жерін қыздарына табыста.

8Исраилдіктерге мынаны айт: егер біреу артынан ұл қалдырмай қайтыс болса, онда оның мұралық жерін қызына табыстаңдар.

9Егер қызы да болмаса, онда мұралық жерін туған ағайындарына беріңдер.

10Егер туған аға-інісі де болмаса, онда мұралық жерді қайтыс болған адамның әкесінің туған ағайындарына табыстаңдар.

11Ал егер әкесінің туған аға-інісі де болмаса, онда мұралық жерді марқұмның әулетінің ішіндегі ең жақынының иелігіне беріңдер».

Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанындай, бұл шешім исраилдіктерге арналған ереже болуға тиіс.

Мұсаның ізбасары Ешуаның тағайындалуы

12Содан соң Жаратқан Ие тіл қатып Мұсаға былай деді: «Абарим қыратындағы мына таудың басына шық. Мен исраилдіктерге табыстағалы тұрған елге көз таста.

13Соны көргеннен кейін ағаң Һарон сияқты сен де ата-бабаларыңның қасына жөнелесің.

14Себебі қауым Сін атты елсіз далада Маған қарсы бас көтергенде, екеуің де Менің бұйрығыма бағынбай, жартастан су аққызған кезімде олардың алдында Мені қастерлеп, киелілігімді көрсетпедіңдер». — Бұл оқиға Сін даласындағы Қадештің маңындағы Меріба суының қасында болды.

15Мұса Жаратқан Иеге былай деп жауап берді:

16«Жаны бар күллі адамзаттың Құдайы — Жаратқан Ие осы қауымның үстінен біреуді жетекшілікке тағайындасын.

17Сол кісі оларды бастап алып жүреді. Осылайша Жаратқан Иенің қауымы бағушысы жоқ бір отар қой сияқты болмайды. —

18Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деді: — Бойында Менің Рухым бар адам — Нұн ұлы Ешуаны қасыңа ал да, оның үстіне қолыңды қойып бата бер.

19Ешуаны діни қызметкер Елазардың және бүкіл жамағаттың алдына тұрғызып, олардың көз алдында оған міндетін өсиеттеп тапсыр.

20Өзіңнің билігіңнің біразын Ешуаға табыста! Осылай Исраилдің үрім-бұтағының бүкіл қауымы оған бағынатын болсын.

21Ешуа Менің, Жаратқан Иенің, еркін білу үшін діни қызметкер Елазардың алдында тұрсын. Елазар «Нұр және Кемелділік» деген қасиетті жеребелер арқылы Жаратқан Иенің алдында Оның шешімін анықтасын. Соның білдіргенімен Ешуа және барлық исраилдіктер ел қонысынан аттанып, оған қайта оралатын болсын».

22Мұса Жаратқан Иенің берген бұйрығын орындап, Ешуаны діни қызметкер Елазар мен бүкіл жамағаттың алдында тұрғызды.

23Содан ол Ешуаның үстіне қолын қойып бата беріп, оған міндетін өсиеттеп тапсырды. Бұның бәрі Жаратқан Иенің Мұса арқылы білдірген еркі бойынша істелінді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help