Еремия 21 - Киелі кітап(QazBi2010)

Седекиях патшаның өтініші және Құдайдың қатаң ескертуі

1Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады. Сол кезде Седекиях патша Малқиях ұлы Пашхурды және Мағасиях ұлы Софония есімді діни қызметкерді Еремияға жіберіп:

2— Бабыл патшасы Набуходоносор бізге қарсы соғыс ашты. Енді Жаратқан Иеден біз үшін мынаны сұрап біліп алсаңыз екен: Мүмкін, Ол ежелде көрсеткен кереметтері сияқты бізге де керемет жасап, жауды елімізден шегіндіріп кері қайтармас па екен? — деген өтінішін білдірген болатын.

3Еремия оларға мына жауапты қайтарды:

— Седекияхқа былай деңдер:

4Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Сендерді қала қабырғасының сыртынан қоршап алған Бабыл патшасы мен халдей жасақшыларына қарсы қолданып жатқан қару-жарақтарыңды өздеріңе қарсы бұрамын. Сонда Мен жауларыңды қаланың ортасына жинап әкелемін!

5Сендерге қарсы зор күш-қуатыммен, кәрлі ашу-ызаммен құдіретті қолымды алға созып тұрып Өзім соғысамын.

6Мен осы қаладағылардың адам болсын, мал болсын барлығына да апат жіберіп, олар қорқынышты індеттен қырылатын болады.

7Ал содан кейін Мен Яһуда патшасы Седекияхтың өзін де, осы қалада індет, семсер және ашаршылықтан аман қалған нөкерлері мен халқын да Бабыл патшасы Набуходоносордың әрі жандарын алмақ болған басқа да жауларының қолына тапсырамын. Набуходоносор оларды семсермен қырып, еш аяу, мүсіркеу, рақым ету дегенді білмейтін болады, — деп ескертеді Жаратқан Ие.

8Ал осы халыққа былай де: Жаратқан Ие сендердің таңдауларың үшін алдарыңа өмір мен өлімге апаратын жолдарды ұсынады:

9Осы қалада қалатын әрбір адам семсер, ашаршылық немесе індеттен құриды. Ал қаладан шығып, оны қоршап алған халдейлерге берілетін әркім тірі қалып, өз жаны өзіне олжа болады.

10Мен бұл қалаға жақсылық емес, жамандық істеуді ұйғардым. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын. Қала Бабыл патшасының қолына беріліп, ол оны өртеп жібереді.

11Жаратқан Ие маған Яһуданың патшалық әулетіне арнап мынаны айтқызды: «Тыңдаңдар Жаратқан Иенің сөзін,

12уа, Дәуіттің әулеті! Жаратқан Ие мынаны айтады: Күн сайын таңертең халыққа әділдікпен билік айтыңдар! Жәбірленгенді қысым көрсетушісінен құтқарыңдар! Әйтпесе істеген зұлым істерің үшін қаһарым оттай лап етіп, оны ешкім сөндіре алмайды.

13Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Жартасты төбенің басында тұрған саған қарсы шығамын, уа, Иерусалим: «Бізге қарсы соғысып, баспанамызға кіре алатын кім бар?» деп мақтанатын сендерге қарсы Өзім соғысамын.

14Мен сендерге лайықты жазаларыңды тартқызамын! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Орманыңа Өзім от қойып, ол сендердің айналаларыңдағының бәрін жалмап қояды!»

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help