1(Дәуіттің жыры.)
Жан-тәніммен Жаратқан Иені мадақтаймын,
Шын жүректен қасиетті атын ардақтаймын.
2Жан-тәніммен Жаратқан Иені мадақтаймын,
Маған көп жақсылық жасағанын ұмытпаймын.
3Ол бар күнәларымды кешіріп,
Дерттерімнің бәрін сауықтырады,
4Ажалдан жанымды аман қалдырып,
Рақымы мен мейірімін сыйлайды,
5Тілегімді жақсылықпен қанағат қып,
Қырандай мені қайта түлетеді.
6Иеміз жәбір көргендердің барлығына
Әділдік жеткізіп, мүддесін қорғайды да.
7Ақиқат жолдарын танытты Ол Мұсаға,
Кереметтер жасады Исраил халқына.
8Жаратқан — мейірбанды да рақымды,
Тез қаһарланбайтын, тым қайырымды.
9Ол бізді ұдайы айыптамайды,
Мәңгі бақи кек те сақтамайды,
10Бізді күнәмізге қарап жазаламайды,
Жаман ісіміздің есесін қайтармайды.
11Аспан жерден қанша жоғары болса,
Жаратқанның Өзін терең сыйлағандарға
Жаудыратын рақымы сонша мол да!
12Шығыс батыстан тым қашық болғаны сияқты,
Ол заңсыз істерімізді бізден зор қашықтатты.
13Әкенің сәбиіне жаны ашығаны іспетті,
Жаратқан Иеміз де Өзін қастерлегендерге
Дәл сондай мейірім мен жанашырлық көрсетеді.
14Неден жаратылдық, соны түгел біледі,
Топырақтан екеніміз Оның есінде.
15Адамның өмірі көк шөп секілді,
Ол гүлдейді дала гүлі тәрізді:
16Ыстық жел соғып өтсе, ғайып болар,
Тұрған жеріне беймәлім боп жоғалар.
17Ал Өзін терең қастерлеген жандарға
Жаратқанның рақымы мәңгі жауады да.
18Иемізбен жасасқан Келісімін бұзбайтын,
Оның бұйрықтарын есінде сақтайтын,
Әрі солар бойынша жүріп-тұратын
Адамдардың келер ұрпақтарына дағы
Құдайдың әділдігі жетіп тұрады.
19Жаратқан Ие көкте орнатты өз тағын,
Оның Патшалығы билейді барлығын.
20Уа, Иеміздің сөзіне құлақ салатын,
Оның айтқанын іске асыратын,
Құдіреті күшті періштелері,
Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар!
21Уа, Иеміздің еркін орындайтын
Көктегі топтары, қызметшілері,
Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар!
22Уа, Оның Патшалығының бар орындарында
Жүретін күллі жаратқандары да,
Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар!
Жан-тәніммен Жаратушыны мадақтаймын да.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
