Нақыл сөздер 30 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жәке ұлы Ағұрдың нақыл сөздер жинағы

1Мынау Жәке ұлы Ағұрдың сөздері: Осы адамның Ітиелге, Ітиел мен Ұқалға білдірген Құдай Рухының хабары.

2Адамдардың білімсізі шынында менмін,

Адамға тән түсінігім де жоқ менің.

3Даналықты оқып-үйренген емеспін,

Киелі Құдайды жақыннан таныған емеспін.

4Кім аспанға көтерілген?

Кім қайтадан жерге түскен?

Кім желді уысында ұстай алар?

Кім мұхитты шапанымен орап қояр?

Кім жердің шегін орнатқан?

Өзі мен Ұлының аты кім?

Білсең соны айтып берші маған.

5Құдайдың барлық сөздері пәк таза,

Ол қалқандай Өзін паналайтындарға.

6Оның сөздеріне еш нәрсе қоспа,

Әйтпесе Ол саған ескертіп ұрсар,

Өтірігің ашылып жария болар.

7Уа, Ием, сұраймын Сенен екі-ақ нәрсе,

Көзім жұмылғанша соларды аямашы:

8Өтірік пен жалғанды менен алшақтатшы,

Кедейлік те, байлық та маған бұйырмашы,

Тек бере гөр күнделікті нанымды.

9Себебі байып кетіп, «Жаратқан Ие кім?»

Деп ешқашан Сенен бас тартып кетпейін,

Жарлы болып, ұрлық жасап та жүрмейін,

Сол арқылы киелі атыңа кір келтірмейін.

10Жамандама қожайынына қызметшісін,

Әйтпесе сол сені қарғап, зиян шегерсің.

11Бір ұрпақ бар, олар әкелерін қарғайды,

Шешелеріне де алғыс айтпайды,

12Олар арамдығынан жуынып тазармайды,

Алайда өздерін пәк таза санайды.

13Көздері сондай асқақ, тәкаппар,

Кірпіктерін жоғары көтереді олар.

14Осы ұрпақтың тістері өткір қанжардай,

Олардың жақтары өткір пышақтай,

Жарлыны жер бетінен жалмап құртар,

Мұқтажды адамзат арасынан аластатар.

15Сүліктің екі сорғышы үнемі

«Бер маған! Берші!» деп талап етеді.

Мына үшеу де тойым білмес,

Тіпті төртеуі де «жетер» демес:

16Қабірдің қара топырағы,

Әйелдің бедеу құрсағы,

Суға қанбайтын шөлейт жер,

«Жетер» демейтін ашкөз өрт.

17Әкесін мазақтап келекелеген,

Шешесін тыңдамай менсінбеген

Жанның көздерін шоқыр сайдағы қарғалар,

Әрі құзғынның балапандары жеп қояр.

18Таңғалдырар мені үш, тіпті төрт нәрсе бар,

Шамам жоқ менің оларды ұғына алар:

19Аспанда самғар қыранның жолы,

Жартаста жылжыған жыланның жолы,

Теңізде жүзген кеменің жолы,

Қыз жүрегінің кілтін тапқан жігіттің жолы.

20Азғын әйел жолы да таңдандырар:

Ол ішіп-жеп, аузын сүртер,

«Еш жамандық істемедім» дер.

21Мына үшеуден солқылдар жер,

Төртеуіне де төзе алмас жер:

22Құл патша болғанда,

Ақымақ асқа тойғанда,

23Қараниет қыз күйеуге шыққанда,

Ханымның орнын күңі басқанда.

24Мына төртеу жердегі кішкенесі,

Алайда олар даналардың данасы:

25Құмырсқа қауымы зор күштен ада,

Ал қысқы азығын жинайды жазда.

26Әлсіздің бірі — тау тышқаны,

Ал інін ол жартасқа салады.

27Шегірткеде болмайды патша,

Алайда сап түзеп, аттанады жұмыла.

28Кесірткені қолмен де ұстап алады,

Бірақ ол патша сарайынан да табылады.

29Қадамын нық басады мына үшеу,

Айбынды қозғалады мына төртеу:

30Хайуандар арасындағы батыры — арыстан,

Еш нәрседен қаймығып шегінбес жолынан.

31Ерттелген тұлпар не қой бастар серке,

Әскерін жинап аттанған патша.

32Егер асқақтанып ақымақ болсаң,

Не басқаға жамандық ойлап тұрсаң,

Ұялып, жап аузыңды қолыңменен.

33Себебі қаймақты былғасаң май алғандай,

Біреудің мұрнын ұрсаң қан шыққандай,

Ашу қоздырсаң жанжал туар дәл осылай.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help