1Әйүп сөзін одан әрі сабақтап былай деді:
2— Бәрі бұрынғыдай, Құдай мені аман сақтап жүрген кездердегідей болса ғой, шіркін!
3Сол жылдары Оның «шам-шырағы» үстімде жарқырап, Оның түсірген нұрымен түнекте адаспай жүретінмін.
4Сол тұста мен өмірімнің өркен жайған шағында едім, әрі Құдай үйіме бас-көз болып ақыл-кеңес беретін.
5Құдіреті шексіз Тәңір маған сол кезде әлі де жар болып, балаларым қасымда жүретін.
6Үйімде ақ пен май ағыл-тегіл болып, жартастағы сыққыштан зәйтүн майы тасқындап ағып тұратын.
7Мен қала қақпасына барып, соның маңындағы алаңда өз орныма келіп жайғасқанда,
8жас жігіттер мені көргенде жол бере шегініп, ақсақалдар орындарынан тұратын.
9Басшылар сонда сөздерін тыйып, ауыздарын алақандарымен жабатын.
10Билеушілер дауыстарын шығармай, тілдері таңдайларына жабысып қалатын.
11Сол кезде өзім туралы естіген адамдар мені дәріптеп, көздерімен көргендер жер-көкке сыйғызбай мақтайтын.
12Өйткені мен қиналып, жалбарынған жарлыны да, арқа сүйер ешкімі жоқ жетімді де арашалайтынмын.
13Ажалдан аман алып қалған адамдарым маған алғыстарын жаудырып, жесір әйел менен көрген көмектен әндете бастайтын.
14Осылай бәрін де әділдікпен істедім, адалдық сәлдем мен шапаным сияқты маған жақын болды.
15Зағип пен ақсаққа медет беруші,
16жарлыға қамқоршы болдым. Өзім тіпті танымайтын адамның дау-жанжалын да әділдікпен шешіп беретінмін.
17Ал жауыз қанаушылардың жақтарын сындырып, ұстаған олжасын аранынан түсірткізіп тастайтынмын.
18Былай деп ойлайтынмын: «Мен көп жасап, отбасымның арасынан о дүниеге аттанатын шығармын.
19Себебі мен тереңде жатқан суға дейін тамыр жайып, бұтақтарында түні бойы шық болатын ағаш сияқты мықтымын.
20Әрқашан жұрттың мақтауына бөленемін, қолымдағы садағым әрдайым берік керіліп тұрады».
21Осылай адамдар маған құлақ асып, кеңесімді үнсіз тыңдайтын.
22Мен айтып болған соң олар соған еш нәрсе қоспайтын, себебі берген ақылым оларға ұнайтын.
23Олар мені жаңбырды күткендей тағатсыздана күтетін. Көктемгі жаңбырды тосқан шаруалар сияқты ауыздарын ашып сөздерімді сіміретін.
24Мен оларға жылы жүзбен қараған кезде, олар өз көздеріне өздері сенбейтін, менің жарқын жүзбен қарауым оларды жігерлендіретін.
25Оларға жүретін жолды таңдап, көсемдері сияқты болып отыратынмын. Өз жасақшыларының арасындағы патша сияқты өмір сүрдім, әрі қайғы-қасіретке батқандарды жұбататынмын.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
