Нақыл сөздер 7 - Киелі кітап(QazBi2010)

Даналықтың жүгенсіздіктен сақтауы

1Балам, сөздерімді есіңде ұстап,

Ережелерімді жадыңда жүр сақтап,

2Өмір сүр, өсиетімді орындап,

Ілімімді көз қарашығыңдай сақтап,

3Саусаққа байлап алғандай жүр ұстанып,

Жүрегіңнің түкпіріне қойғын жазып.

4Даналыққа қарашы туған бауырыңдай,

Парасатты да көрші туысқаныңдай.

5Сонда олар қорғайды азғын әйелден,

Сені баурамақ болғаннан майда сөзімен.

6Бір күні қарап тұрсам терезеден,

7Тәжірибесіз жастардың арасынан

Жас жігітті байқадым, ақылы толмаған.

8Әйел тұрған бұрыштан жігіт өтті,

Соның үйіне апаратын жолмен кетті.

9Бұл күн батып, ымырт түскен кез еді.

10Міне, әйел жігіттің алдынан шықты,

Жезөкшедей киінген, айлалы еді.

11Ол үйінде тұрмас, жүгенсіз де даурықпа,

12Торып жүр көше, алаң, бұрыштарды.

13Жігітті сол арсыз құшып алып, сүйді,

Шімірікпей оған қарап былай деді:

14«Мен тиісті құрбандығымды шалдым,

Антымды бүгін түгел орындадым.

15Кезігу үшін өзіңе үйден шықтым,

Сені іздеп, енді, міне, тауып алдым!

16Төсегіме әдемі көрпе салдым,

Түрлі түсті мысырлық жабын жаптым,

17Хош иісті мүр, алоэ, дәмқабық шаштым.

18Кәне, жүр, таң атқанша бірге болайық,

Махаббаттың ләззатымен сусындайық!

19Үйде ерім жоқ, ол алыс сапарға кетті,

20Күміс толы дорбасын ала кетті,

Ай толғанда ғана қайтып келеді».

21Майда тілмен ол жігітті арбап алды,

Жылы сөйлеп дегеніне көндірді.

22Жігіт әйелге еріп жүре берді,

Сойылуға бара жатқан өгіздей,

Әрі торға түсіп қалған бұғыдай,

23Садақ оғы әлі бауырына қадалмай,

Тұзаққа зымырай ұшқан құстай,

Өмірмен қоштасарын кетті ол ұғынбай.

24Сонымен, балалар, мені тыңдаңдар,

Айтқан сөздеріме құлақ салыңдар!

25Жүгенсіз әйелдің ізіне түспеңдер,

Жолына еліктеп, адасып жүрмеңдер!

26Көп адам осылайша құлап қалды,

Күштілер оның қолынан қаза тапты.

27Оның үйі көрге қарай жетелейді,

Тозақтың дәл түбіне түсіреді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help