1Иса жиналғандарға:
— Сендерге шын айтамын: осында тұрған кейбіреулерің Құдайдың Патшалығының құдіретпен келуін өз көздеріңмен көрмей, өлмейсіңдер, — деді.
2Иса осыдан алты күннен кейін тек Петір, Жақып және Жоханды ғана ертіп бір биік таудың басына көтерілді. Сол жерде Исаның сыртқы түрі үш елшісінің көз алдында өзгеріске түсті.
3Оның киімдері жарқырап, жер бетіндегі бірде-бір шебер ағарта алмайтындай аппақ болып кетті.
4Сонда (ежелде өмір сүрген) Ілияс пайғамбар мен Мұса пайғамбар пайда болып, Исамен сөйлесті.
5Сол кезде Петір Исаға: «Ұстаз, бұл жерде болғанымыз қандай жақсы! Біреуін Сізге, біреуін Мұсаға, біреуін Ілиясқа арнап үш күрке құрайық», — деп тіл қатты.
6Себебі үш елшіні үрей билегендіктен, Петір не айтарын білмеді.
7Сонда бір бұлт пайда болып, оларға көлеңкесін түсірді. Бұлт ішінен: «Бұл — Менің сүйікті (рухани) Ұлым. Оны тыңдаңдар!» — деген дауыс шықты.
8Кенеттен үш шәкірт жан-жақтарына қарап, қастарында Исадан басқа ешкімді де көрмеді.
9Таудан түсіп бара жатқанда Иса оларға: «Көктен келген Билеуші өлімнен қайта тірілгенше, бұл көргендерің туралы ешкімге тіс жармаңдар!» — деп бұйырды.
10Үшеуі осы айтылғанды естеріне сақтап, «өлімнен қайта тірілгенше» дегеннің мәнін өзара сұрасты.Ілияс пайғамбардың қайтып келуі жайлы сұрақ
11Кейінірек шәкірттері Исаға мынадай сұрақ қойды:
— Дін мұғалімдерінің «алдымен Ілияс пайғамбар дүниеге қайтып келуге тиіс» деулері қалай? — Иса:
12— Ілиястың алдымен келіп, бәрін қалпына келтіретіні рас. Ал көктен келген Билеушінің көп азап шегіп, қорлануға тиіс болатыны туралы Киелі жазбаларда неліктен жазылған?
13Бірақ сендерге шындығын айтайын: Ілияс келген де еді! Алайда ол туралы Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандай, адамдар оған ойына келгендерін істеді, — деп жауап берді.
Мәсіхтің жын азаптаған баланы сауықтыруы14Осылай Иса үш елшісімен қалған шәкірттеріне қайта оралды. Сонда олар шәкірттердің айналасына жиналған қалың топты және шәкірттерімен айтысып тұрған дін мұғалімдерін көрді.
15Бүкіл халық Исаны көрісімен қатты таңғалып, Оны қарсы ала жүгірді.
16Иса олардан:
— Бұлармен не туралы айтысып жатырсыңдар? — деп сұрады.
17Халықтың арасынан біреу:
— Ұстаз, мен ұлымды Сізге көрсету үшін осында әкелген едім. Оны жын соғып, бала мылқау болып қалды.
18Жыны қайда ұстаса, сол жерде алып ұрады. Баланың аузынан көбік ағып, тістерін шықырлатып, сіресіп қатып қалады. Шәкірттеріңізден жынды қуып шығуларын сұраған едім, бірақ олардың қолынан келмеді! — деп жауап берді.
19Сонда Иса:
— Ей, сенбейтін ұрпақ-ай! Қанша уақыт қастарыңда болмақпын, қанша уақыт сендерге төзбекпін?! Кәне, баланы Маған әкеліңдер! — деді.
20Содан олар баланы Исаның қасына алып келді. Жын Оны көрісімен-ақ баланы қалшылдата бастады. Бала жерге құлап түсіп, аузынан көбік шаша дөңбекшіп жатты.
21Иса оның әкесінен:
— Ұлың қашаннан бері мұндай? — деп сұрады.
— Кішкентай кезінен бері.
22Жын оны құртпақ болып, жиі-жиі отқа да, суға да құлатып келеді. Қолыңыздан келсе, бізді мүсіркеп жәрдем ете көріңіз! — деді әкесі.
23Иса оған:
— «Қолыңыздан келсе» деген не сөз? Сенушіге бәрі де мүмкін, — деп жауап берді.
24Баланың әкесі (көзіне жас алып) дереу:
— Мен сенемін. Сенімім жетіспегенде оны нығайта көріңіз! — деп дауыстап жіберді.
25Иса тағы көбірек халықтың жүгіріп келіп, жиналып жатқанын байқаған соң, жынға қатаң бұйрық беріп: «Саңырау, мылқау қылатын жын, саған бұйырамын: бұдан шық! Енді қайтып еш уақытта оған жолама!» — деді.
26Жын шыңғырып жіберіп, баланы қатты қалшылдатты да, шығып кетті. Бала өліп қалғандай сұлық жатты. Сондықтан жұрттың көбі оны өлді десті.
27Бірақ Иса қолынан демеп көтергенде, бала орнынан тұрды.
28Иса шәкірттерімен үйіне барып, кірген соң, олар оңашада:
— Неліктен біз жынды қуып шығара алмадық? — деп сұрады. Иса оларға былай деп жауап берді:
29— Мұндай жындарды тек Құдайға сиынып мінажат ету (және ораза ұстау) арқылы ғана қуып шығаруға болады.Мәсіхтің алдындағы азапты жол, ал шәкірттерінің арасындағы бәсекелестік
30Олар сол жерден кетіп, Ғалилея аймағы арқылы жол жүрді. Иса мұны ешкімнің білгенін қаламады,
31себебі Ол шәкірттеріне тәлім беріп жүрді. (Өз басынан өткізетіндері туралы) былай деді: «Көктен келген Билеушіні адамдардың қолына ұстап береді! Оны өлтіреді, бірақ содан кейінгі үшінші күні Ол қайта тіріледі!»
32Бірақ шәкірттері бұл сөздердің мағынасын ұғынбады, ал Исаға сұрақ қоюға батылдары бармады.
33Олар Қапарнаум қаласына келіп, бір үйге түскеннен кейін, Иса шәкірттеріне:
— Жолшыбай не туралы пікірлестіңдер? — деген сұрақ қойды.
34Бірақ шәкірттері үндемеді, өйткені олар жолшыбай келе жатып: «Қайсымыздың жолымыз ең үлкен?» — деп өзара пікірлескен болатын.
35Иса жайғасып отырғаннан кейін, он екі елшісін қасына шақырып алып:
— Кім ең бастыларың болғысы келсе, сол бәріңнен де кішік болып, бәріңе қызмет ете берсін! — деді.
36Содан Иса бір кішкентай баланы алып, орталарына тұрғызып қойды. Оны құшақтап:
37— Кім Менің атымнан осындай бір сәбиді қабылдаса, соның Мені де қабылдағаны. Ал кім Мені қабылдаса, оның тек Өзімді ғана емес, Мені Жібергенді де қабылдағаны, — деді.
38Сонда Жохан:
— Ұстаз, Сіздің атыңызбен адамдардың жындарын қуып шығарып жатқан біреуді көрдік. Оған тыйым салдық. Ол бізге еріп жүрген жоқ қой, — деді.
39Бірақ Исаның жауабы мынау болды:
— Оған тыйым салмаңдар! Менің атыммен керемет істеген ешкім де жуыр маңда Мені қаралап, жамандай қоймас.
40Бізге қарсы болмағанның бізге жақтас болғаны.
41Сендерге шындығын айтайын: Мәсіхтің жолымен жүргендерің үшін сендерге ең болмағанда бір тостаған су берген әркім сол үшін алатын сыйынан құр алақан қалмайды!
Басқаны күнәға азғырудан қатаң сақтандыру42Алайда кім Маған сенетін осы кішкенелердің біреуін азғырып теріс жолға түсірсе, ол үшін мойнына диірменнің зор тасы байланып, теңізге лақтырылғаны жақсырақ болар еді!
43-46(Иса сөзін жалғастырып, астарлап былай деді:) — Егер сені өз қолың не аяғың (секілді өте қажетті нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін «шауып тасталған» сияқты жоқ болсын. «Екі қол-аяқпен» мәңгі сөнбес тозақ отына лақтырылғаннан гөрі «сыңар аяқ-қолмен» мәңгілік өмірді иемденгенің артық болар еді.
47Егер де сені көзің (секілді өте құнды нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін ойып тасталған сияқты жоқ болсын. «Екі көзіңмен» тозаққа лақтырылғаннан гөрі «сыңар көзбен» Құдайдың Патшалығына кіргенің артық болар еді.
48Тозақта «тәндерін кеміретін құрттар өлмейді, жалындаған от та сөнбейді».
49Шалынған құрбандықтардың тұзбен тазартылатыны сияқты, әрқайсың да азап отынан өтесіңдер.
50(Тағамды бұзылудан сақтау үшін) тұз пайдалы. Ал егер тұз өз күшінен айырылған болса, онысын қалай қалпына келтіруге болады? Ендеше жан дүниелеріңде тазартатын «тұз» болсын! Осылай өзара тату-тәтті өмір сүріңдер!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.