Әйүп 16 - Киелі кітап(QazBi2010)

Әйүптің Құдайдан және достарынан түңілуі

1Әйүп оған былай деп жауап берді:

2— Мен мұндайды бұрын да көп естігенмін. Сендер не қылған жаман жұбатушысыңдар!

3Бос сөздеріңді қашан доғарасыңдар? Бұндайды айтуға сендерді не итермелеп тұр?

4Мен де өздерің сияқты сөз құрастырып ақыл айта алар едім. Егер менің орнымда болсаңдар, сендерге де сұқ саусағыммен шұқып көрсете алар едім.

5Қайта, мен өздеріңе сөзбен демеу болар едім. Көріп отырған азаптарыңды айтар сөздеріммен жеңілдетер едім.

6Ал қазір сөйлесем де, азабым жеңілдемейді, сөйлемесем де, ол басылмайды.

7Уа, Құдай, мені титықтатып, бүкіл отбасымды қаңыратып бос қалдырдың.

8Сен кінәмді әшкерелемек болғандай, мені жүдетіп жібердің. Құр сүлдерім қалып, азып-тозғаным маған қарсы айғақ болып, кінәмді бетіме басып тұрғандай.

9Құдайдың қаһары маған тап беріп, паршалап тастайды. Ол мені дұшпандай қауып алып, маған көздерімен атып жатқан жауым іспетті қадала қарайды.

10Жұрт маған тістерін ақситып, келеке қылады. Шекемнен ұрып, басынады да. Олар маған қарсы тобыр құрып жиналады.

11Құдай мені әділетсіздерге қалдырды, нағыз зұлымдардың қолына түсірді.

12Алаңсыз едім, Ол мені екіге бөлді. Мені мойнымнан қармап ұстап, кесек-кесек қылып сындырды. Мені Өзіне нысана қылып алды.

13Садақшылары мені қоршап алды. Жебелерімен еш аямай бүйрегімді жарып, бауырымнан шыққан өтті жерге төгуде.

14Ол маған қайта-қайта тап беріп, жасақшыдай бас салуда.

15Мен тәніме азалы киім киіп, бетімді топыраққа бастым.

16Бет-әлпетім жылағаннан қып-қызыл, көзімнің айналасы қара тартқан.

17Қолыммен еш зорлық жасаған жоқпын, еткен мінәжаттарым да пәк таза. Дегенмен осының бәрі басыма түсіп отыр.

Әйүптің көктегі Қорғаушысына болар-болмас үміт артуы

18Ей, жер, қанымды жасыра көрме! Жалынған үнім де еш тынбасын.

19Тіпті қазірдің өзінде мен үшін де куәлік беретін Қорғаушым көкте. Сөзімді сөйлейтін Қолдаушым заңғар биікте.

20Бірақ мына достарым мені келеке қылып отыр. Көзімнен жас ағып, Құдайдан көмек сұраймын.

21Беу, досына арашашы болғандай біреу мен үшін Құдай алдында өтініш жасаса ғой!

22Себебі өмірімнің соңы таяп қалды, жуырда қайтпас сапарға аттанамын.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help