1Сонда нағамалық Сопар тағы да сөйлей бастап былай деді:
2— Ішім алай-дүлей болып, ойларым маған маза бермей тұр. Жауап беруім қажет!
3Сен мені айыптап, намысыма тиіп отырсың! Сондықтан ақылым мені сөйлетіп отыр.
4Білмейтін бе едің? Баяғы заманнан бері, адам баласы жер бетіне орналасқалы,
5зұлымның шаттануы ешқашан ұзаққа созылмады, арсыздың қуанышы бір мезеттік қана.
6Ол тіпті асқақтап, аспанға дейін көтерілсе де, басы бұлттарға тиетін болып өссе де,
7бәрібір малдың қиы сияқты лақтырылып тасталмай ма? Оның таныстары: «Қайда екен ол?» дейтін болады.
8Зұлым адам түс сияқты ғайып болып, ешкім таба алмай қалады, түнде көрген елестей жоғалып кетеді.
9Оны көрген көз енді қайтып көрмейді, зұлымның үй іші оған бұдан былай қарамайды.
10Зұлымның балалары кедейлерден қайыр сұрайды, өйткені ол алдау-арбаумен жинаған дүние-мүлкін өз қолымен қайтарып беруге мәжбүр болды.
11Жастықтың күш-қуаты болғанмен, сонысы кейін зұлымның өзімен бірге көрге түседі.
12Арсыз жан күнәні тәп-тәтті көріп, тілінің астына салып тамсана сорса да,
13оны қоя бергісі келмей, аузында қанша ұстап қалуға тырысса да,
14онысы асқазанында быршып ашиды. Сөйтіп күнә арсыздың ішінде жыланның уы болып шыға келеді.
15Ол небір байлықты жұтқан еді, енді соның бәрін құсып тастайды. Оны ішінен шығаратын Құдайдың Өзі болады.
16Ондай адам сұр жыланның уын сорады, зәрлі жылан оны шағып өлтіреді.
17Осылай ол елдің ағы мен балының өзендей ағыл-тегіл мол екенін көре алмайды.
18Бейнетпен қолға түсіргенін жей алмай, қайтаруы қажет болады, саудасының түсімінің де пайдасын көрмейді.
19Өйткені ол кедейді қанап, шарасыз жағдайында қалдырып кететін, өзі салмаған үйлерді тартып алатын.
20Ашқарақтығы маза бермейтіндіктен, өзі сүйсінетін нәрселерінің ешқайсысын сақтап қала алмайды.
21Жеп болған соң, басқа ештеңесі қалмайды. Сондықтан зұлымның дәулеті тұрақты болмайды.
22Дәулетке кенеліп отырған кезінде басына пәле түседі. Өкпелеген әркім оған қарсы қолын көтереді.
23Арсыздың қарнын толықтай толтыру үшін, Құдай лаулаған қаһарын оған бағыттап, пәлені жаңбырдай лақ еткізіп төгеді.
24Зұлым адам темір қарудан қашып құтылып кетсе де, қола ұшты жебе оны түйреп өтетін болады.
25Соның жылтыраған ұшы денесін тесіп өтіп, арқасынан шыға келмек. Сондықтан ол өлімнен қорқып, зәресі ұшады.
26Өзіне ерекше қымбат нәрселер түнекте жоғалмақ. Адам үрлемеген от зұлымды жалмайды. Оның үйінде қалған нәрселер де өртеніп кетеді.
27Аспан оның залымдығын әшкере етіп, жер де оған қарсы шығып, оны айыптайды.
28Құдай қаһарланып, жазалайтын күні тасыған өзен зұлымның үйіндегі бар өнімін ағызып әкетіп, жоқ қылады.
29Құдайдың зұлымдарға белгілеген тағдыры осындай, Тәңірдің оларға бұйырған «мұрасы», міне, осы.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.