1Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді:
2— Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Өзіңе айтқан сөздерімнің бәрін шиыршық кітапқа жазып қой!
3Өйткені былай деп уәде беремін: Мен өз халқым (Солтүстік) Исраил мен Яһуданы жер аударылудан қайтарып алып келемін. Сонда Өзім ата-бабаларына мұралық меншікке тапсырған елді олардың иемденетін уақыты жетеді. —
4Мынау Жаратқан Иенің Солтүстік Исраил мен Яһуда туралы тағы да айтқан сөздері: —
5Жаратқан Ие мынаны айтады: Қорқынышты айқай естіледі! Айналдыра үрей, еш тыныштық жоқ!
6Сұрастырып көріңдерші, ойлаңдаршы: ер адам бала туа алатын ба еді? Тумаса, неліктен әрбір еркек толғатып жатқан әйелдей ішін екі қолымен ұстап алған? Неге өңдері құп-қу болып кеткен?
7Ойпырмай, сол күн қандай ауыр болады десеңші! Ешбір күн дәл сол күнге ұқсамайды. Сол кез Жақыптың ұрпақтары үшін қиын-қыстау кезең болады! Бірақ ең соңында олар содан құтқарылады.
8Сол кезде Мен олардың киген мойынтұрықтарын сындырып алып тастап, бұғауларын талқандап лақтырамын. Бөтен халықтар бұдан былай оларды құлдыққа түсірмейтін болады, — деп уәде береді Әлемнің Иесі. —
9Енді олар өз Құдайлары Жаратқан Иеге және Дәуіттің әулетінен шыққан өз патшаларына мойынсұнып қызмет ететін болады. Мен сол үшін оларға Дәуіттің ұрпағын патша болуға қайтадан тағайындап беремін.
10Сондықтан қорықпа, уа, қызметшім Жақып, үрейленбе, уа, Исраил халқы! — дейді Жаратқан Ие. — Біліп ал: Мен сені жүрген алыс жерлеріңнен құтқарамын, ұрпақтарыңды да тұтқында жүрген елдерінен құтқарып алып келемін. Сол жерде Жақыптың үрім-бұтағы елге қайта оралып, аман-есен өмір сүреді. Ешкім де оларды қорқытпайды.
11Мен саған жар болып, сені құтқарамын, — деп уәде береді Жаратқан Ие. — Сені араларына шашыратып жіберген халықтарды құртып жоқ қыламын, бірақ өзіңді құртып жоқ қылмаймын. Алайда сені мүлдем жазасыз қалдырмай, әділдікпен жазалаймын.
12Өйткені Жаратқан Ие мынаны нық айтады: — Сенің жараңа ешқандай ем жоқ, жарақатың тым ауыр!
13Мүддеңді қорғайтын қамқоршың, жарақатыңа ем, өзіңе шипа болатын дәрі-дәрмек жоқ.
14Көңілдес одақтастарыңның бәрі сені ұмытып, естеріне еш алмайды. Кінәң тым ауыр, күнәларың тым көп болғандықтан, Мен сені жау соққы бергендей соғып, қатыгез адамның жазалағанындай жазаладым.
15Өзіңнің жарақатыңнан, шипасы жоқ ауруыңнан несіне айқайлайсың? Кінәң тым ауыр, күнәларың тым көп болғандықтан саған сондай жаза тартқыздым.
16Бірақ сені жалмағандардың бәрі өздері жалманады, дұшпандарың біреуі қалмай тұтқынға түседі. Сені тонағандардың өздері тоналып, талан-таражға салғандар соны өз бастарынан өткізеді.
17Сен «аластатылған, еш қамқоршысы жоқ Сион» деп аталғандықтан, Мен сені қайтадан сауықтырып, жарақаттарыңды жазамын.
18Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады: Біліп қойыңдар, Мен Жақыптың ұрпақтарына рақым көрсетіп, жер аударылған жағынан қайтарамын. Қирап, үйінді болған қала қайта тұрғызылып, қорғаны да өзінің бұрынғы орнында тұратын болады.
19Олардан шүкірлік ән-жырлары мен қуанғандардың үндері шығатын болады. Мен олардың сандарын азайтпай, өсіріп-өндіріп көбейтемін. Абыройға бөлеймін, олар енді масқара болмайды.
20Бұрынғыдай үбірлі-шүбірлі болып, қауымы Менің алдымда нығаяды. Мен оларға қысым көрсеткендердің бәрін жазалаймын.
21Олардың билеушісі халықтың ішінен, өз араларынан шығады. Оны Өзіме жақындатамын, ол Менің алдыма келе береді. Өйткені Мен шақырмасам, өздігінен Менің алдыма келуге кімнің дәті барады? — деп нық айтады Жаратқан Ие. —
22Осылай сендер Менің халқым, ал Мен сендердің Құдайларың боламын.
23Қара да тұр, Жаратқан Иенің қаһары дауылдай буырқанып, құйын сияқты зұлымдардың басына шүйілейін деп жатыр!
24Жаратқан Ие жүрегіндегі ой-ниеттерін толығымен орындап болмайынша, Өзінің лаулаған қаһарынан қайтпайды. Алдағы уақытта сендер мұны түсінесіңдер.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.