1Алайда сол заманда Құдай халқының арасында жалған пайғамбарлар да пайда болды. Дәл солай сендердің араларыңда да жалған тәлім берушілер болмақ. Олар жік салғыш зиянды ілімдерді жасырын енгізеді; тіпті өздерінің күнәларының құнын өтеп жанын құрбан еткен Әміршісі Мәсіхті де мойындамайды! Сондықтан олар бастарына кенеттен түсетін жойылуды өздері шақырып алады.
2Көптеген адамдар солардың азғындықтарына еріп кетпек. Оларға бола ақиқат жолы масқараланатын болады.
3Сол жалған тәлім берушілер сендерді ашкөздіктен өтірік сөздерімен алдап кетпек. Олардың үкімі әуелден-ақ бастарына төніп тұр; жойылулары кешікпей, сөзсіз іске аспақ!
Тәңір Иенің зұлымдарға қаһарын төгіп, әділдерді құтқаруы4Себебі Құдай күнә жасаған періштелерді де аяған жоқ. Оларды қияметте сотталуға сақтау үшін тозақтың қара түнегіне ұстап беріп, шынжырлатып тастады.
5Тәңір Ие ежелгі дүниені де аямай, арсыз зұлымдардың әлеміне топан су жіберді. Жалғыз құтқарғаны әділдікті уағыздаушы Нұх пайғамбар мен оның отбасы, барлығы сегіз-ақ адам, болды.
6Құдай Содом мен Ғомора қалаларын да үкімдеп, күл-талқандарын шығарды. Ол солардың мысалымен болашақтағы зұлымдардың неге ұшырайтынын көрсетті.
7Ал әділ Лутты Тәңір Ие аман сақтап қалды. Ол айналасындағы арсыз адамдардың бұзық қылықтары үшін қатты қиналып жүрді.
8Сол ізгі жан олардың арасында тұрып, Құдайдың бұйрығына қайшы іс-әрекеттерін күн сайын көріп, естіп, өзінің әділ ар-ұжданы алдында азап шекті.
9Бұл солай болғанда, Жаратқан Ие Өзіне ұнамды өмір сүретіндерді өтіп жатқан сынақтарынан құтқаруды, ал әділетсіздерді қиямет соты болатын күнге дейін сақтап, жазалауды, әрине, біледі.
10Әсіресе, күнәкар болмыстарының арам құмарлықтарының жетегіне ерген, ешбір билікті елемейтіндердің тағдырлары осындай болмақ!
Сондай тәкаппар да қиқар жалған тәлім берушілер абыройлы билеушілерді балағаттаудан қаймықпайды.
11Тіпті күш-қуаттары әлдеқайда зор періштелер де соларды Жаратқан Иенің алдында ешқандай балағат сөзбен айыптамайды.
12Бірақ сол алдамшы тәлім берушілер ақылдарымен емес, жабайы аңдар сияқты түйсіктерімен ғана жүреді. Ал аңдар аулап, өлтіру үшін бар ғой. Сол адамдар түсінбеген нәрселері туралы жаман сөз айта береді. Ақырында жабайы аңдар сияқты олар да жойылмақ,
13осылай жасаған әділетсіз істеріне лайықты жазаларын тартпақ.
Мұндайлар тіпті күндіз тәндік тәбеттерін қанағаттандырып, алдамшы ырду-дырдудан ләззат табады; өздеріңмен бірге тойлауларымен ар-ұяттарыңа дақ түсіріп, сендерді жұрт алдында ұятқа қалдырады.
14Олар ұдайы күнә жасаудың орайын іздеп, көздерімен әйелдерді «ішіп-жеп», сенімі тұрақсыздарды өздеріне еліктіріп отырады. (Солардың саны көбейе түссін деп) ашкөзденіп үйренген мұндайларды Құдайдың қарғысы атқан!
15Олар баяғыдағы Босор ұлы Балағамның жолына түсіп, тура жолдан тайып, адасып кетті. Балағам әділетсіз ісі үшін алатын сыйын қатты ұнатты,
16бірақ жаман қылықтары бетіне басылды: оның есегіне тіл бітіп, адам секілді сөйлеп, қиқар пайғамбардың ақымақ әрекетін тоқтатты!
17Сол жалған ілімді таратушылар қауымды алдап, тақырға отырғызатын, кеуіп қалған бұлақ көздеріне және дауыл айдаған, жаңбырсыз ақ бұлттарға ұқсайды. Оларға тозақтың қара түнегі дайын тұр.
18Мұндайлар бос сөздермен мақтанып жүреді. Олар теріс жолмен жүргендердің арасынан жуырда ғана құтылып шыққан адамдарды күнәкар болмыстарының құмарлықтарын қайтадан жүгенсіздікпен қанағаттандыруға еліктіріп, торларына түсіреді.
19Олар осындай жандарға бостандықты уәде етеді, бірақ өздері азғындықтың құлдығында жүреді. Өйткені адам неден жеңілсе, соның құлы болар.
20Осындайлар Иеміз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхті танып білгендері арқылы осы дүниелік арамдықтардан арылып, құтылған болатын. Алайда кейін қайтадан олардың шырмауына түсіп, жеңіледі. Сонда олардың соңғы жағдайы бұрынғысынан да мүшкіл болмақ.
21Олар үшін әділдік жолын танып біліп, Мәсіхтің тапсырған қасиетті өсиеттерін қабылдап, кейін кері бұрылғаннан гөрі, сол жолды мүлдем білмегендері жақсы болар еді.
22Бастарынан кешкендерінде мына тауып айтылған мақал-мәтел жүзеге асады:
«Төбет қайта оралар өзінің құсығына»,
«Жуылған шошқа қайтар аунайтын батпағына».
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.