1(Қорахтың ұрпақтарының әні әрі жыры. Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Ауыртпалық шегу» әуенімен айтылатын езрахтық Хеманның насихат жыры.)
2Уа, Жаратқан Ием — Құтқарушы Құдайым,
Күні-түні дауыстап Саған сиынамын.
3Мінажатым Сенің алдыңа жетсінші,
Дауыстаған айқайыма құлақ түрсеңші.
4Өйткені жан дүнием қайғыға толды,
Өмірім ажалға жақындап қалды,
5Көрге түсетіндер арасынан саналдым,
Күші жоқ, әлсіз адамға ұқсас болдым.
6Осылай өлілер қатарына қалдырылдым,
Қаза тауып, қабірде жатқандардаймын,
Сен оларды енді қайтып еске алмайсың,
Аласталды олар қамқорлығыңнан Сенің.
7Сен мені қап-қараңғы тұңғиыққа
Салып қойғансың, ең терең шұңқырға.
8Үстімді зілдей басады қаһарың,
Мені жаншиды барлық «толқындарың»,
9Жолдастарымнан мені алшақтаттың,
Оларға мені жек көрінішті қылдың,
Ешқайда шыға алмай құрсаудамын,
10Көп жылап бұлыңғырланды қос жанарым.
Уа, Жаратқан, күнде дауыстап Саған сиынамын,
Ием, қолдарымды Өзіңе қарай жаямын.
11Әлде өлгендер үшін керемет жасайсың ба,
Сүйектер қайта тұрып, Сені мадақтай ма?
12Көрде Сенің рақымың уағыздала ма,
Қабірде шындығың жариялана ма?
13Түнектегілер кереметтеріңді біле ме,
Ұмыт болғандар әділдігіңді түсіне ме?
14Уа, Жаратқан, дауыстап Саған сиынамын,
Таң ата алдыңа жетеді мінажатым.
15О, Ием, неге менен бас тартасың?
Бет-жүзіңді неліктен менен жасырасың?
16Жасымнан әлсіз болдым, өлім жүрді жақын,
Айбыныңнан қорқып әлсіреп шаршадым.
17Қаһарыңның оты үстімнен басып өтті,
Зор қорқынышың мені тас-талқан етті,
18Олар тасқын судай ұзақты күн қоршайды,
Жан-жақтан қаһарың мені қыспақтайды.
19Таныс-достарымды менен алшақтаттың,
Тас түнек айналды серігіме ең жақын.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
