Нақұм 1 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құдайдың зор мейірімі әрі қыңыр жауларына лаулаған қаһары

1Бұл — Жаратқан Иенің Ниневи жайындағы ауыр хабары, елқостық Нақұм көрген көріністер туралы жазба.

2Жаратқан Ие — Өзінен басқа тәңірлеріңнің болуына еш төзбейтін әрі арам істің қарымтасын қайтаратын Құдай. Ол зұлымдықтарды жазалап, оларға ашуланады. Жаратқан Ие жауларына лайықты жазаларын тартқызып, дұшпандарының қылмыстарын есінен шығармайды.

3Жаратқан Ие қаһарлануға асықпайды, Оның құдіреті ерен зор. Ол айыптыны жазасыз қалдырмайды. Тәңір Иенің жүрген жолы құйын мен дауылдан өтеді, бұлттар Оның аяғының басқан шаңына ұқсайды.

4Жаратқан Ие теңізге тыйым салып, оны құрғатады, өзендерге бұйырғанда солардың барлығы кеуіп қалады, Башан мен Қармил тауларындағы жайылымдар күйіп кетеді, Ливанның қаулаған ормандары солып қурап қалады.

5Таулар Оның алдында сілкініп, төбелер балқып кетеді. Жер беті, бүкіл әлем және онда тұратындардың барлығы Оның алдында дірілдейді.

6Жаратқан Иенің ашуына кім шыдай алар екен? Оның лаулаған қаһарына кім төтеп бере алады? Оның ашу-ызасы от сияқты төгіліп, жартастар да Оның алдында талқандалып үгітіледі.

7Жаратқан Ие ізгі, басыңа қиындық түскен кезде Ол паналайтын қорғаның болады. Өзіне сенім артқандарды Ол жақыннан танып біледі.

8Бірақ жау қаласын Иеміз ғаламат топан сумен іргетасына дейін құртады, қара түнек Оның жауларын басады.

Ниневиге шығарылған үкім

9Сендер Жаратқан Иеге қарсы не ұйымдастырмақсыңдар? Ол соларыңды біржола құртады. Осы пәле екінші рет бастарыңа түспейді.

10Оның жаулары тікенді бұтаға шырмалып, мас адамдай тәлтіректеп жүретін болады. Олар өртке жанған құрғақ сабандай мүлдем құрып кетеді.

11Жаратқан Иеге қарсы жамандық ойлап, зұлым іс жоспарлайтын біреу сенен шығып аттанды (уа, Ниневи).

12Жаратқан Ие мынаны айтады: «Олардың күші зор, саны өте көп болғанмен, ассурлықтар жойылып, құрып кетеді. Уа, халқым, Мен сені ауыр апатқа ұшыратқан едім, алайда қайтадан солай істемеймін.

13Мен енді Ассурдың салған мойынтұрығын иығыңнан алып тастап, кісендеріңді үзіп босатамын».

14Жаратқан Ие сен туралы мынадай бұйрық берді, уа, Ассур патшасы: «Сенің соңыңнан ұрпақ қалмай, атың өшеді. Тәңірсымақтарыңның ғибадатханаларындағы қашалған бейнелер мен құйылған мүсіндерді қиратамын. Мен қабіріңді ойрандатқызамын, себебі сен жек көрініштісің».

15Қараңдар, ізгі хабар жеткізуші біреу таудан асып келе жатыр! Ол тыныштықты жариялап: «Уа, Яһуда елі, мейрамдарыңды тойлап, Құдайға берген уәделеріңді орында! Сол сұмырайлар енді саған баса-көктеп кірмейтін болады! Қайта, олардың өздері толығымен құрып кетеді!» — деп паш етеді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help