Петірдің 1-хаты 4 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құдайға бағышталған жаңа өмір

1Сонымен, Мәсіхтің Өзі тәнімен азап шеккендіктен, сендер де (жақсылық үшін азап шегуге дайын) болыңдар! Осындай ой-ниет өздеріңді қорғайтын қалқан іспетті. Тәні азап шегіп жатқан сенуші күнәлі құмарлықтарына берілмейді.

2Бұдан былай осы дүниедегі өміріңнің қалған кезеңін ескі күнәкар болмыстарыңның құмарлықтарына сай емес, Құдайдың еркіне мойынсұнып өткізулерің керек.

3Өткен кезде сендер ұзақ уақыттарыңды Оған мойынсұнбайтындарға ұнайтынды жасап өткіздіңдер: өмірлерің жүгенсіздік, нәпсіқұмарлық, маскүнемдік, ырду-дырду ойын-сауықтар, мас жын-ойнақтармен және Құдайға жек көрінішті жалған тәңірлерге құлшылық етумен өтіп келді.

4Бұрынғы серіктерің өздерінің иіріп, тартып әкететін азғын өмір салттарына енді батпағандықтарыңа таңғалып, налып, сендерді жамандайды.

5Қиямет сотында олар тірілер мен өлілерге үкім шығаруға дайын тұрған Иемізге есеп бермек.

6Ізгі хабардың кейін өлген сенушілерге де уағыздалғандығының себебі мынау: Тәңір Ие адамзатқа күнәкарлығы үшін ажалды етіп үкім шығарғандықтан, сол сенушілердің де тәндері өлді. Бірақ жандары Құдайдың еркі бойынша мәңгі тірі болмақ.

7Күллі дүние атаулының ақыры таяп келеді. Сондықтан сиынып дұға ете алу үшін байсалды да салауатты болыңдар!

8Ең бастысы, бір-біріңді шынайы сүйіңдер, сондай сүйіспеншілік адамдардың көптеген күнәларын кешіреді.

9Ешбір наразылықсыз өзара қонақжай болыңдар.

10Тәңір Ие рақым етіп сыйлаған алуан түрлі рухани дарындарыңды жақсылап қолданыңдар. Әрқайсыларың қабылдаған дарындарыңмен бір-біріңе адал қызмет етіңдер:

11уағыз айтатындарың Құдай сөзін уағыздай беріңдер; қызмет көрсететіндерің Тәңір Иенің өздеріңе берген күш-қуатымен қызмет ете беріңдер! Осылайша барлық істе де Құдай Иса Мәсіх арқылы мадақталсын. Ұлылық, даңқ және билік мәңгі Онікі! Аумин.

Мәсіхші ретінде азап шегудегі төзімділік

12Қымбатты бауырластарым, өздеріңнің «от кешіп» ауыр азап шегіп, сыналғандарыңды оғаш нәрсе деп ойламаңдар.

13Қайта, неғұрлым көбірек Мәсіх секілді азап шексеңдер, соғұрлым көбірек қуаныңдар. Сонда Мәсіх салтанатты ұлылықпен қайта оралып, ашық көрінген кезде де шаттанып қуанатын боласыңдар.

14Мәсіхтің атына бола қорлық көрсеңдер, бақыттысыңдар, себебі ұлылыққа бөлейтін Құдайдың Рухы сендерге орнығады.

15Алайда егер қайсыбіреулерің азап шексеңдер, бұл, әрине, кісі өлтіріп, ұрлық не өзге қылмыс жасаудың немесе басқаның шаруасына қол сұғудың зардабы болмауға тиіс!

16Ал мәсіхші болғандарыңа бола жәбірленсеңдер, одан ұялмаңдар, керісінше, Мәсіхтің атымен аталғандарың үшін Құдайды мадақтаңдар.

17Осылай Тәңір Иенің ең алдымен өз халқын соттай бастайтын уақыты келді. Ал сот бізден басталса, онда Құдайдың Ізгі хабарына бағынбайтындардың ақыры қандай болмақ!

18Әділ жанның өзі зорға құтқарылғанда, арамза, күнәлі адаммен не болмақ?!

19Сонымен, Құдайдың еркі бойынша азап шегіп жүрген сендер, жандарыңды әрдайым уәдесін орындайтын Жаратушыға сеніп тапсырыңдар, әрі игі істер жасай беріңдер!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help