Патшалықтар 4-ж. 21 - Киелі кітап(QazBi2010)

Яһуда елінің аса опасыз патшасы Манаса

1Манаса патша болған кезде жасы он екіде еді. Ол Иерусалимде елу бес жыл билік жүргізді. Оның шешесінің есімі Хепсиба болатын.

2Манаса Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп жүрді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде Исраил халқының алдынан елден қуып шыққан халықтардың жексұрын дәстүрлеріне еліктеді.

3Манаса әкесі Езекия кезінде қиратып тастаған биіктеу жерлердегі табыну орындарын қайтадан салды. Солтүстік Исраилдің бұрынғы патшасы Ахаб істегендей, Манаса да Бағалға арнап құрбандық орындарын тұрғызып, Ашераға бағышталған ағаш бағаналарын орнатты. Сонымен қатар ол аспан денелерінің бүкіл тобына иіліп құлшылық етіп жүрді.

4Жаратқан Ие Өзінің киелі үйі туралы «Мен Иерусалимде өз есімімді орнатамын» деген болса да, Манаса Жаратқан Иенің сол киелі үйінде жалған тәңірлерге арнап құрбандық үстелдерін тұрғызды,

5әрі оның екі ауласында күллі аспан денелеріне бағышталған құрбандық үстелдерін орнатты.

6Манаса тіпті өз ұлдарын жалған тәңірге арнап отқа өртеп құрбан етті. Патша балгерлікпен және сиқыршылықпен де айналысып, аруақтарды шақырушылар мен өзге де сәуегейлерден ақыл-кеңес сұрап отырды. Ол Жаратқан Иеге жек көрінішті көптеген істер істеп, Оның қаһарын өршітті.

7Манаса өзі жасатып алған Ашераның ағаш бағанасын тіпті киелі үйдің ішіне апарып, сонда орнатып қойды. Ал осы киелі үй туралы Жаратқан Ие Дәуітке және оның ұлы Сүлейменге былай деген болатын: «Мен Исраилдің барлық руларының ішінен таңдап алған қалам Иерусалимдегі осы киелі үйде өз есімімді тұрақты орнатпақпын.

8Егер Исраил халқы Менің өздеріне қызметшім Мұса арқылы тапсырған Таурат заңымды толығымен ұстанып, берген барлық бұйрықтарымды мұқият орындап жүрсе, онда Мен ата-бабаларына табыстаған осы елден оларды ешқашан аластатпаймын!»

9Бірақ халық тыңдамай қойды. Манаса оларды теріс жолға тайдырып жіберді. Олардың арам қылықтары ежелде Жаратқан Ие өздерінің ата-бабаларының алдарынан жойып жіберген азғын халықтардың жасағандарынан да бетер болды.

10Содан Жаратқан Ие Өзіне қызмет еткен пайғамбарлары арқылы (халықты сақтандырып) былай деді:

11«Яһуда патшасы Манасаның жасаған жексұрын күнәлары өзінен бұрын осы елде тұрған аморлықтардан да асып кетті. Манаса Яһуданың халқын жалған тәңірлердің мүсіндеріне табындырып күнәға батырды.

12Сол себепті Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен Иерусалим қаласы мен Яһуда елін ғаламат пәлеге душар етемін. Сол туралы естіген адамның үрейі ұшып құлағы шыңылдайтын болады.

13Мен Самарияны және Ахабтың әулетін шынайы бағалап, әділдікпен соттағаным іспетті енді Иерусалимді де солай шынайы бағалап, әділдікпен соттаймын. Жұрттың табақты сүртіп, төңкеріп қоятынындай, Мен де Иерусалимдегі халықты түгелдей сыпырып тастаймын.

14Мен меншікті халқымнан тірі қалғандарын тастап кетіп, жауларының қолдарына тапсырамын. Барлық дұшпандары оларды тонап, олжалап алып кететін болады.

15Себебі өз халқым Маған жек көрінішті істер істеп, ата-бабалары Мысырдан көшіп шыққан күннен бастап, күні бүгінге дейін Менің қаһарымды туғызып келеді».

16Осылай Манаса Яһуда халқын Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеуге еліктіріп күнәға батқан еді. Бұған қоса Манасаның жазықсыздан-жазықсыз төккен қанының көп болғаны сонша, Иерусалим бұ шетінен о шетіне дейін қанға толғандай болды.

17Манасаның қалған барлық іс-әрекеттері және оның жасаған күнәлары туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.

18Манаса көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті өзінің сарайының Ұзза бағы деп аталатын бағындағы қабірге қойылды. Манасаның ұлы Амон орнын басып патша болды.

Яһуда елінің зұлым патшасы Амон

19Амон патша болған кезде жасы жиырма екіде еді. Ол Иерусалимде екі жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні жотбалық Харус қызы Мешулемет болатын.

20Амон әкесі Манаса істегендей, Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.

21Амон толығымен әкесінің теріс жолымен жүріп, әкесі табынған жалған тәңірлердің мүсіндеріне өзі де иіліп құлшылық етіп жүрді.

22Осылайша Амон өзінің ата-бабалары сиынған Құдайы Жаратқан Иені елемей тастап кетіп, Оның ізгі жолымен жүруден бас тартты.

23Ақырында нөкерлері Амонға қарсы сөз байласып, оны өз сарайында өлтірді.

24Ал елдің халқы Амон патшаға қастандық жасағандардың бәрінің көздерін құртып, Амонның орнына оның ұлы Жосияны патша етіп қойды.

25Амонның қалған іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.

26Оның мәйіті Ұзза бағындағы өзінің қабіріне қойылды. Амонның ұлы Жосия орнын басып патша болды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help