Забур жырлары 78 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құдайдан жау басып алған елді құтқаруын сұрау

1(Асафтың жыры.)

Уа, Құдай, Өзіңе бағынбаған ұлттар

Сенің меншікті еліңді басып, олар

Сенің киелі үйіңді арамдады,

Иерусалимді қиратып, талқандады.

2Жау Сенің қызметшілеріңнің мәйіттерін

Құстарға жемтік етіп тастап кеткен,

Олар адал адамдарыңның денелерін

Жабайы аңдардың азығы еткен,

3Солардың қанын Иерусалимді

Айналдыра ағызды су тәрізді,

Сүйектерін жерлейтін қалдырмады ешкімді.

4Көршілеріміз бізді келеке қылуда,

Маңымыздағылар мазақтап қорлауда.

5Қашанғы бізге ашуланасың ұдайы,

Уа, Ием, қашанғы қаһарың оттай лаулайды?

6Ашуыңды төксеңші соның орнына

Өзіңді мойындамайтын бөтен ұлттарға,

Саған сиынбайтын патшалықтарға.

7Олар Жақыптың ұрпақтарын жалмады,

Мекен-тұрағын қиратып, бос қалдырды.

8Бізге аталарымыздың күнәларын артпашы,

Қайта, өз рақымыңды бізге тезірек жолдашы,

Өйткені әлсіреп түңілдік аса қатты.

9Құтқарушы Құдайымыз, бізді қолдай гөр,

Атыңның даңқына бола азат ете гөр,

Есіміңе бола бар күнәмізді кешіре гөр.

10Бізді Өзіңе бағынбаған халықтардың

«Құдайы қайда екен бұлардың?»

Деген мазағына неге қалдырасың?

Олар Сенің қызметшілеріңнің қанын төкті,

Әділ жаза тартқандарын бізге көрсетші.

11Тұтқындардың күңіренісіне құлақ салшы,

Ұлы құдіретіңмен әрекет жасашы,

Өлімге кесілгендерді аман сақташы.

12Көршілерімізге, уа, Ием, өз атыңды

Қорлағандарын жеті еселеп қайтаршы.

13Бағып жүрген халқың әрі «отарыңбыз»,

Сондықтан Өзіңді мәңгі мадақтаймыз,

Күллі ұрпаққа ұлылығыңды даңқтаймыз.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help