1(Дәуіттің мадақтау жыры.)
Уа, Құдайым, Патшасың, даңқыңды асырамын,
Атыңды мәңгілік жоғарылатамын.
2Күн сайын Сені дәріптейтін боламын,
Атыңды мәңгілік құрмет тұтамын.
3Жаратқан Ие ұлы, мадаққа лайықты,
Ұлылығын ешкім жете ұғынбайды.
4Ұрпақтан ұрпаққа жұрт істеріңді мақтайды,
Құдіретті әрекеттеріңді жариялайды,
5Сенің керемет ұлы салтанатың
Әрі ғажап істерің жайлы толғанамын.
6Жұрт айтады айбарлы құдіретіңді,
Мен де паш етемін ұлылығыңды,
7Бәрі ескереді зор ізгілігіңді,
Ән-жырмен дәріптейді әділдігіңді.
8Жаратқан мейірбанды да қайырымды,
Тез қаһарланбайтын, өте мейірімді!
9Жаратқан Ие барлығына ізгілікті,
Бүкіл жаратылысына кең пейілді.
10Уа, Ием, бар істерің даңқыңды шығарсын,
Адал адамдарың да Сені мадақтасын!
11Патшалығыңның даңқын олар асырады,
Құдіретті істерің туралы айтады,
12Осылай адамзатқа құдіретіңді ұқтырсын
Әрі Патшалығыңның даңқты ұлылығын.
13Патшалығың Сенің мәңгілік болмақ,
Ұрпақтан ұрпаққа билігің ұласпақ.
Жаратқан бар сөздерін іске асырады,
Оның күллі істері де шапағатты.
14Сүрініп жатқандарды Жаратқан сүйейді,
Еңкейіп жүргендерді көтеріп демейді.
15Барлығының көздері бір Өзіңде,
Тамақтарын бересің мезгілінде,
16Әр тірі жанға қолыңды ашасың,
Мархабатпен барлығын тойындырасың.
17Жаратқанның бар жолдары әділетті,
Иә, Оның күллі істері игілікті:
18Иеміз Өзіне сиынғандардың жанында,
Ол шынайы шақырғандардың қасында,
19Өзін қастерлейтіннің тілегін орындайды,
Жалынышын естіп, оны аман сақтайды.
20Иеміз Өзін сүйетіндердің бәрін қорғайды,
Ал барлық зұлымдарды Ол талқандайды.
21Аузыммен Жаратқанның даңқын асырамын,
Лайым әрбір жан мақтасын киелі атын!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
