1Ақылды әйел үйін өркендетер,
Ақылсыз әйел үйін өз қолымен күйретер.
2Тура жолмен жүрген Жаратқанды қастерлейді,
Қисық жолға түскен Оны менсінбейді.
3Ақымақ паң сөздері үшін жазаланар,
Ақылдының сөздері өзін аман сақтар.
4Өгізі жоқтың қорасы таза тұрар,
Ал өгіздің күшінен пайда мол болар.
5Адал куәгер өтірік айтпас,
Жалған куәгер өтірігін доғармас.
6Мысқылшыл даналықты іздеп таппас,
Зерделіге білім жинау қиын болмас.
7Аулақ жүр ақымақтың қасынан,
Ақылды сөз шықпас оның аузынан.
8Естінің даналығы — өз жолын ұғынуы,
Ессіздің надандығы — алданып адасуы.
9Надандар күнәні күлкі қылар,
Ал әділдер арасында ізгілік орнар.
10Өз қайғысы әркімнің өзіне аян,
Қуанышын да бөлісе алмас бөтен жан.
11Қылмыстының үйі құрып кетер,
Әділдің мекені гүлденіп өркендер.
12Адамға түзу болып көрінген жолдар да бар,
Ақырында олар ажалға бастап апарар.
13Күлгенде кейде жүрегің сыздар,
Қуаныш кейде қайғымен аяқталар.
Сөзің мен ісіңді ой елегінен өткіз14Опасыз адам тиісті жазасын тартар,
Ал ізгі жан лайықты сыйын алар.
15Аңғал кез келген сөзге нанар,
Есті жан қадамын байқап басар.
16Ақылды абай болып, пәледен безер,
Ақылсыз өркөкірек, бейқам келер.
17Ашушаң мінезді ақымақтық жасар,
Арамдық ойлаушы жексұрын болар.
18Ақымақтық — аңғалдың алар үлесі,
Білімділік — дананың алар тәжі.
19Жақсының алдында зұлым басын иер,
Әділдің қақпасында арамза тізесін бүгер.
20Кедейге өз жақыны да менсінбей қарар,
Ал байға доссымақтар көп болар.
21Жақынын жек көрген күнә жасар,
Жарлыға игілік еткен жарылқанар.
22Зұлымдық ойлаған жолдан адасып кетер,
Игілік ойлаған мейірім мен адалдық көрер.
23Әр бейнеттің зейнеті бар,
Бос сөзден тек жоқшылық шығар.
Әділдігі халықтың дәрежесін көтерер24Дананың алар тәжі — байлық,
Наданның алар үлесі — ақымақтық.
25Адал куәгер адам жанын сақтар,
Жалған куәгер көпті алдар.
26Жаратқанды шын қастерлеу — берік сүйеніш,
Әрі келер ұрпақ та бас сауғалар қорғаныш.
27Жаратқанды шын қастерлеу — өмірдің бұлағы,
Ол ажалдың торынан адамды алшақтатады.
28Патшаның ұлылығы — халқының молдығында,
Ал бақытсыздығы — соның аздығында.
29Түсінігі мол — ұстамды жанның,
Ақымақтығы аян — ашушаңның.
30Жан тыныштығы ғұмырды ұзартар,
Ал қызғаныш денеге жара салар.
31Жарлыны қанаған — Жаратушысын менсінбеген,
Жарлыны қамқорлаған — Жаратушысын қастерлеген.
32Арамза өз күнәсінен опат болар,
Ал әділдің өлерде де үміті бар.
33Даналық зерделінің жүрегіне орнығар,
Аңғалдардың арасынан да өзін танытар.
34Әділдігі халықтың дәрежесін көтерер,
Ал заңсыздығы халықты масқара етер.
35Парасатты нөкері патшаға жағар,
Масқара болғаны ашуын туғызар.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
