1(Дәуіттің жыры. Ол Дәуіттің Әбимәлік алдында есуас болғансып, соның қасынан қуылып, құтылып кеткен оқиғасына арналған.)
2Жаратқан Иені мадақтаймын әр уақытта,
Оны мақтаған жыр ұдайы жүрсін аузымда.
3Тәңір Иені шын жүректен тұтамын мақтан,
Байғұс бейшаралар естіп, қуансын соған.
4Келіңдер, бірге Жаратқанды мадақтайықшы,
Бірігіп Оның есімін марапаттайықшы!
5Жаратқанға сиындым, Ол жауап берді маған,
Әрі азат етті мені бар қорқынышымнан.
6Жаратқанға сиынып көз тіккендер жайнайды,
Олар шаттанып, еш масқара болмайды.
7Жарлы болған мен жалбарындым Жаратқанға,
Ол естіп, бар пәлемнен құтқарды сонда.
8Иені қастерлейтіндерді қоршап тұрады
Оның періштесі, ол соларды құтқарады.
9Жаратқанның ізгілігіне көз жеткізіңдер,
Қандай бақытты Оған сенімін жүктегендер!
10Қастерлеңдер Иені, Оның қасиеттілері!
Жоқшылық қинамайды Оны қастерлейтіндерді.
11Арыстандар азыққа зәру жүре алады,
Ал Иеге сенгендер бар игілікке тояды.
12Келіңдер, балалар, тыңдаңдар сөзімді,
Үйретемін сендерге Иемізді қастерлеуді.
13Сендердің қайсыларың өмірді ұнатасыңдар,
Жақсы күндерді көптеп көруді қалайсыңдар?
14Онда жаман сөз ауыздарыңнан шығармаңдар,
Өтірік айтудан да әрқашан сақтаныңдар!
15Жамандықтан бас тартып, жақсылықты жасаңдар,
Татулыққа ұмтылып, сол үшін күш салыңдар!
16Жаратқан Ие әділдерге назар аударады,
Өзіне жалынған оларға құлақ салады.
17Ал сұмдық жасайтындарға Жаратқан қарсы шығады,
Есімдерін із-түзсіз жер бетінен жоқ қылады.
18Әділдер жалынса, Иеміз құлақ салады,
Күллі қиындықтан оларды құтқарып алады.
19Жүрегі жаралыға Жаратқан жақын тұрады,
Жаны күйреп, күнәсіне өкінгенді құтқарады.
20Әділ жан қиындықты көп көреді,
Ал Иеміз оны бәрінен азат етеді,
21Оның барлық сүйектерін аман сақтайды,
Тіпті бірде-біреуі сындырылмайды.
22Сұрқияның зұлымдығы түбіне жетер,
Әділді жек көрген жан зардабын шегер.
23Жаратқан Ие құтқарады өз құлдарын,
Ол соттамайды Өзін паналағандарын.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
