Заңды қайталау 10 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құдайдың өсиеттерін қайта табыстауы, Һаронның қайтыс болуы

1Сол кезде Жаратқан Ие маған былай деп тапсырды: «Бұрынғы екеуіндей етіп тағы екі тас тақташа қашап жасап ал. Содан кейін таудың басына Менің алдыма көтеріліп кел. Бір ағаш сандық та жасап дайындауың керек.

2Мен жаңа тақташаларға өзің сындырып тастаған алғашқы тақташалардағы сөздерді жазып қоймақпын. Содан кейін тақташаларды сандыққа салып қой».

3Сонда мен аққараған ағашынан сандық жасап дайындадым, әрі тастан бұрынғылардай екі тақташа қашап жасап алдым. Тақташаларды қолыма ұстап, тау басына көтерілдім.

4Жаратқан Ие бұрын жазған Он өсиетті осы тақташаларға қайталап жазды. Сендер тау етегінде жиналған күні Жаратқан Ие сол Он өсиетті тау басындағы от ішінен сендерге жариялап айтқан болатын. Жаратқан Ие тас тақташаларды маған табыстаған соң,

5мен тау басынан төмен түстім. Бұдан кейін сол екі тақташаны Жаратқан Иенің берген нұсқауы бойынша өзім жасаған Келісім сандығының ішіне салып қойдым. Қазір де олар сонда жатыр.

6Кейін исраилдіктер Бене-Яқан құдықтары деген жерден Мосерге көшіп барды. Сол жерде Һарон қайтыс болып, сүйегі қабірге қойылды. Һаронның ұлы Елазар оның орнын басып діни қызметкер болды.

7Сол жақтан халық Гудгодқа, содан кейін ағып жатқан бұлақтары көп Жотбатаға көшіп барды.

8Бұл кезде Жаратқан Ие Леуі руын халықтың өзге руларынан бөліп, Өзінің қызметіне тағайындады. Леуіліктердің міндеттері Жаратқан Иенің Келісім сандығын (халық көшкенде) көтеріп жүру, Жаратқан Иенің алдында тұрып қызмет ету және Оның атынан адамдарға бата беру болды. Леуіліктер қазірге дейін осы міндеттерін атқарып келеді.

9Леуі руына өзге ағайындас руларымен қатар елден мұралық үлесі бөлінбегендігі сондықтан. Құдайларың Жаратқан Иенің оларға берген уәдесі бойынша, леуіліктердің «мұралық үлестері» — Жаратқан Иенің Өзі.

10Бірінші рет болғанымдай, бұл жолы да тау басында қырық күн, қырық түн болдым. Жаратқан Ие сөздеріме осы кезде де құлақ асып, сендерді құртамын деген ойынан бас тартты.

11Сонда Жаратқан Ие маған: «Бар да, Мен оларға беремін деп Өзім ата-бабаларына антпен уәде еткен елге кіріп, оны иемдене алулары үшін халықты жүретін жолында бастап жүр», — деді.

Жаратқан Иені сүйіп, терең қастерлеу

12Ал енді, уа, Исраил, Құдай Иең сенен нені талап етеді? Тек мыналарды ғана: Құдай Иеңді терең қастерлеп, Оның жолымен ғана жүруіңді, Оны сүйіп, шын жүректен және бүкіл жан дүниеңмен Оған қызмет етуіңді,

13әрі Жаратқан Иенің өсиеттері мен ережелерін жүзеге асыруыңды. Бұларды бүгін сендерге өз игіліктерің үшін тапсырып отырмын.

14Ұлан-ғайыр аспан, жер және ондағының барлығы да Құдайларың Жаратқан Иенің меншігі.

15Алайда Жаратқан Ие ата-бабаларыңды сүюге қатты риза болды және олардан өрбіген сендерді барлық халықтардың арасынан таңдап алды. Міне, содан қазір Оның сүйікті халқысыңдар.

16Ендеше жүректеріңді күнәдан арылтып, Жаратқан Иенің бізбен жасаған Келісімін естеріңде ұстап, бұдан былай тоңмойын болмаңдар.

17Себебі Құдайларың Жаратқан Ие — «тәңір» атаулының үстіндегі Құдай және иелердің Иесі. Ол — үрей туғызатын ұлы да құдіретті Құдай, ешкімнің бет-жүзіне қарамайды да, ешкімнен пара алмайды да.

18Жаратқан Ие жетім-жесірлердің мүддесін қорғап, жат жұрттықтарға мейірім көрсетіп, оларды нанмен, киіммен қамтамасыз етеді.

19Жат жұрттықтарға сендер де мейірімді болуға тиіссіңдер, өйткені өздерің де Мысырда жат жұрттық кірмелер болдыңдар ғой.

20Құдайларың Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оған қызмет етіп, Одан ажырамастай берік ұстанып, Оның атымен ғана ант беріңдер.

21Өз көзіңмен көрген сол ұлы да үрейлі істердің бәрін істеген Ол — сендердің Құдайларың, Оны әрдайым мадақтаңдар!

22Мысырға көшіп барған ата-бабаларыңның ұзын саны жетпіс жан ғана еді, енді Құдай Иеміз сендерді аспандағы жұлдыздардай сансыз етіп көбейтті.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help