Еврейлерге хат 3 - Киелі кітап(QazBi2010)

Мәсіх Иса Мұса пайғамбардан әлдеқайда жоғары

1Бұл солай болғандықтан, қымбатты бауырластарым, әрі көктегі Құдай сендерді Өзіне бағыштап, қасиетті болуға басқалармен бірге шақырғандықтан, Мәсіх Исаға берік ден қойыңдар: Ол — Құдайдың Елшісі және Бас діни қызметкері. Оған сенім артқанымызды ашық мойындаймыз.

2Мұса пайғамбар Құдайдың бүкіл үйіндегі қызметін адал атқарғанындай, Иса да Өзін тағайындаған Құдайға адал болды.

3Ал салынған үйден гөрі үй салушы көбірек құрметке лайық, сол сияқты Иса да Мұсаға қарағанда әлдеқайда зор құрметке ие.

4Әрбір үйдің салушысы бар, ал бәрінің де Жаратушысы — Құдай. (Сондықтан да Оның рухани Ұлы Мәсіх Мұсадан анағұрлым мәртебелі!)

5Мұса Құдайдың бүкіл үйінде адал қызметшісі болып, Оның кейін жариялайтын хабарына меңзеп, ол туралы алдын ала айтып кетті.

6Ал Мәсіх Құдайдың рухани Ұлы ретінде Оның үйін (яғни Құдайдың халқын) адал басқарады. Егер (Мәсіхке деген) нық сенімімізді және мақтан тұтып келген үмітімізді берік ұстансақ, біз Соның рухани үйіміз.Сенімнен таймай, Құдай сыйлайтын тыныштықты қабылдауды ескерту

7Сондықтан Киелі Рухтың мынадай айтқандарына мән беріңдер:

Бүгін сендер Оның даусын естігенде,

8Ежелде айдалада сыналған кезде

Бас көтергендердің істегендері секілді

Қасарыстырмаңдар енді жүректеріңді!

9(Тәңір Ие олар туралы былай деген еді:)

Қырық жыл ата-бабаларың сол жерде

Көріп жүрсе де керемет істерімді,

Еркінсіп сынай берді төзімімді.

10Бұл ұрпаққа сол себепті ашуландым,

Сонымен былай деп қорыттым:

Жүрек қалаулары теріс бағыттағы

Олар тағылымымды қабылдамады!

11Қаһарланып ант еттім Мен сондықтан:

Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған

Елге кірмейді олар енді ешқашан!

12Бауырластар, сақ болыңдар: ешқайсың жүректеріңді қасарыстырып сенбейтін болмаңдар, мәңгі тірі Құдайдан безіп кетіп жүрмеңдер!

13Қайта, бірде-біреуің күнәнің кесірінен алданып, қасарысып кетпеу үшін, әлі де «бүгін» деген мерзім бітпей тұрғанда, күн сайын өзара дем берісіп отырыңдар!

14Алғашқы сенімімізді аяғына дейін берік ұстанғанда ғана Мәсіхпен тығыз байланыста болып, бірге қызмет етеміз.

15Жоғарыда айтылғандай, «Бүгін сендер Оның даусын естігенде, бас көтергендердің істегендері секілді қасарыстырмаңдар енді жүректеріңді!»

16Жаратқан Иенің даусын естісе де, Оған қарсы бас көтергендер кімдер? Олар Мұса пайғамбардың соңынан еріп Мысыр елінен көшіп шыққандардың бәрі емес пе еді?

17Ал Құдай қырық жыл бойы кімдерге ашуланды? Олар күнә жасағандықтан айдалада жүргенде өліп, жерленген ата-бабаларымыз емес пе еді?

18Құдай кімдер туралы «Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған елге кірмейді олар енді ешқашан!» деп ант еткен болатын? Оған мойынсұнбаған ата-бабаларымыз туралы емес пе еді?

19Сонымен олардың Тәңір Иеге сенбегендіктеріне бола сол елге кіре алмағанын көреміз.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help