Мысырдан шығу 25 - Киелі кітап(QazBi2010)

Халықтың киелі шатырды жасауға бағыштап ұсынатын тартулары

1Сонда Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:

2— Исраилдің үрім-бұтағына былай де: Олар Маған сый-тартулар бағыштап ұсынсын. Шын жүрегімен ниеттенген әрбір адамнан өзінің Маған арнаған тарту-таралғысын қабылдап алыңдар.

3Олардан қабылдайтындарың мыналар болсын: алтын, күміс, қола,

4иірілген қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн жіптер және жіңішке иірілген зығыр жіптер, ешкінің түбіті,

5қызыл түске боялған қошқар терілері, борсық терілері, аққараған ағашы,

6май шамға қажетті зәйтүн майы, май жағу рәсімінде қолданылатын (майға қосылуға) немесе түтетілуге арналған хош иісті заттар,

7сондай-ақ бас діни қызметкердің жеңсіз сырт киіміне және төс қалтасына тағылатын оникс пен тағы басқа да асыл тастар.

8Исраилдіктер Маған арнап киелі шатыр дайындап жасасын. Мен халық арасында сол жерде тұратын боламын.

9Бәрін де Мен саған көрсететін киелі шатыр мен ондағы бұйымдардың үлгісіне дәлме-дәл сай етіп жасаңдар!

Шатырдың жиһаздарын жасауға тапсырма: Келісім сандығы

10Аққараған ағашынан сандық жасат. Ұзындығы екі жарым, ал ені мен биіктігі бір жарым шынтақтан болсын.

11Іші-сырты саф алтынмен қапталып, жоғарғы ернеуі айналдыра алтынмен әшекейленіп жиектелсін.

12Сандық үшін төрт алтын шығыршық құйғызып, төменгі төрт бұрышына, екеуін бір жақ бүйіріне, қалған екеуін қарама-қарсы бүйіріне бекіттір.

13Мұнан кейін аққарағаннан сырықтар жасатып, алтынмен қаптат.

14Сандықты көтеріп алып жүру үшін сырықтар оның екі бүйіріндегі шығыршықтардан өткізілсін.

15Сырықтар әрдайым шығыршықтарға кигізулі тұрсын, оларды алып тастауға болмайды.

16Мен өзіңе беретін Келісім жайлы айғақтарды осы сандықтың ішіне салып қой.

17Сандықтың қақпағын да саф алтыннан жасат. Ұзындығы екі жарым, ені бір жарым шынтақ болсын.

18-19Қақпақтың екі жақ шетіне керуб деген күзетші періштелердің екі мүсінін алтыннан балғамен соғып жасатып, орнатқыз. Олар қақпақпен бірге біртұтас алтыннан жасалсын.

20Керуб мүсіндері қанаттарын жоғары жайып, қақпақты көлегейлеп, беттері бір-біріне қарама-қарсы, қақпаққа қарап тұрулары керек.

21Мен өзіңе беретін Келісім жайлы айғақтарды сандыққа сал да, үстін қақпақпен жауып қой.

22Сол жерден, Келісім сандығы қақпағының үстіндегі екі керуб мүсіндерінің ортасынан Мен саған тіл қатып, Исраилдің үрім-бұтағына сен арқылы бұйыратын ережелерімнің бәрін тапсырамын.

Нан тартулары қойылатын үстел

23Аққараған ағашынан үстел жасат, ұзындығы екі, ені бір, биіктігі бір жарым шынтақ болсын.

24Үстел саф алтынмен қапталып, жақтауы айналдыра алтынмен қапталсын.

25Үстелдің бетін айналдыра төрт елі бойы ернеумен жиектетіп, соны да алтынмен қаптат.

26Төрт алтын шығыршық құйдырып жасатып, оларды үстелдің аяқтары орнатылған төрт бұрышына бекіттір.

27-28Үстелді көтеріп жүруге арналған сырықтар өткізілетін осы шығыршықтар ернеу жиегіне жақын орнатылсын. Сырықтарды аққарағаннан жасатып, алтынмен қаптат.

29Үстелдің аяқ-табақтары мен табаларын және құйылып ұсынылатын сұйық тартуларға арналған құмыралары мен тостағандарын саф алтыннан жасат.

30Нан тартуларын үстелге қойып отыр, олар ұдайы Менің алдымда болсын.Жеті шырақты шам қойғыш

31Саф алтыннан шам қойғыш та жасат. Оның тұғыры мен діңгегі, мүсінделген тармақтары, гүл тостағаншалары, қауыздары және бүршіктері түгел біртұтас алтыннан балғамен соғылып жасалсын.

32Діңгегінен екі жағына үш-үштен алты тармақ шығуы керек.

33-34Әр тармақта шар тәрізді үш бүршіктен тараған, қауыздарын ашқан үш алтын бадам гүлінен болсын. Ал ортадағы діңгекте дәл осындай төрт алтын бадам гүлі болуы керек.

35Бұл гүлдердің бүршіктері екі жаққа созылған үш жұп тармақтың діңгектен шыққан жерлерінің астыңғы жағында орналассын.

36Тармақтарымен, бүршіктерімен бірге шам қойғыш түгелдей біртұтас саф алтыннан балғамен соғылып жасалсын.

37Шам қойғышқа жеті май шамын дайындатып, оларды жарығы алдыңғы жағына түсіп тұратын етіп діңгек пен тармақтардың бастарына орнат.

38Оның білте түзеткіштері мен табақшаларын да саф алтыннан жасат.

39Шам қойғыш пен қажетті құрал-жабдықтары үшін бір ат басындай саф алтын жұмсалсын.

40Байқа, барлығын саған осы тау басында көрсетілген үлгіге сай жасайтын бол!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help