Руларды санау 24 - Киелі кітап(QazBi2010)

1Ал Балағам Жаратқан Иенің Исраилді жарылқағысы келіп отырғанын сезіп, енді бұрынғыдай сәуегейлікке сүйенбеді. Қайта, ол елсіз далаға қарай бет-жүзін бұрып қарады.

2Балағам көз тастап, рулары бойынша қатар-қатар тұрақтаған исраилдіктерді көрген кезде, оған Құдайдың Рухы қонды да,

3ол мына нақыл сөзін айтты:

— Беғор ұлы Балағамның пайғамбарлық сөзі,

Көкірек көзі ашық адамның болжау сөзі:

4Құлағым шалады Құдайдың хабарын,

Көзім көреді Құдіреттінің аянын,

Көзім ашық күйі жерге жығыламын,

Құдайдың хабарын енді айтамын.

5Уа, Жақып халқы, шатырларың қандай әдемі,

Уа, Исраил халқы, үйлерің қандай көрікті!

6Бұл халық кеңінен жайылған алқаптардай,

Өзен жағасында өсетін бақтардай,

Жаратқан отырғызған алып ағаштардай,

Су жағалай өсетін самырсындардай.

7Халықтың шелектерінен су мол ағады,

Сепкен тұқымдарына ылғал мол барады,

Оның патшасы Агагтан да үстем болады,

Иә, патшалығының даңқы тым асады.

8Құдай осы халықты Мысырдан алып шықты,

Жабайы бұқаның мүйізіндей оның күш-қуаты,

Жауласқан бөгде ұлттарды ол қиратады,

Олардың сүйектерін күйретіп сындырады,

Һәм жебелерімен тәндерін тесіп атады.

9Халық арыстандай еңкейіп дайын тұрады,

Ана арыстандай тыншып жерге жатады.

Оны мазалауға кімнің батылы барады?

Жақып, саған бата бергеннің өзі жарылқанады,

Ал сені қарғағанның өзін қарғыс атады.

10Сонда Балақтың Балағамға деген ашу-ызасы лаулап, екі алақанын сарт еткізіп, былай деп айқайлады:

— Сені жауымды қарға деп шақырсам, сен оның орнына оларға үш рет ақ бата бердің!

11Лезде өз жөніңе тайып тұр! Сені молынан сыйлаймын деген едім. Ал Жаратқан Иенің Өзі сені сыйыңнан құр қалдырып отыр!

12Сонда Балағам Балаққа мына жауапты қайырды:

— Маған жіберген елшілеріңе-ақ былай деп айтпап па едім:

13Балақ маған сарайын алтын-күміске толтырып берсе де, мен Жаратқан Иенің бұйрығына қарсы шығып, не жақсы, не жаман болсын, еш нәрсені де өздігімнен істей алмаймын. Мен тек Жаратқан Иенің айтқанын ғана айтатын боламын.

14Ал енді, мен өз халқыма қайтпақпын. Кәне, болашақта мына халықтың сіздің халқыңызға не істейтіні жайлы ақыл берейін, — деді.

Балағамның төртінші нақыл сөзі

15Сонымен Балағам мына нақыл сөзін айтып берді:

«Мынау — Беғор ұлы Балағамның айтқан сөзі,

Көкірек көзі ашық адамның болжау сөзі,

16Құдайдың айтқан сөздерін еститіннің,

Тағаланың білдіргенін білетіннің,

Көздері ашық күйі сіресіп құлап,

Құдіреттінің аянын көретіннің

Айтқандары (тыңдаған пенде құлақ түрсін!):

17Көріп тұрмын оны, бірақ қазір емес,

Байқап тұрмын оны, бірақ жақын емес:

Жақыптан бір жұлдыз туатын болады,

Исраилден ұлы патша шығатын болады.

Ол Моабтың әміршілерін таптап жояды,

Шеттің бар ұрпақтарының көзін құртады.

18Сонда ол Едом елін басып алады,

Сейірдегі жаулары оған бағынады,

Ал Исраил үнемі күшейіп нығаяды.

19Жақыптан мықты билеуші шығады,

Ирдағы тірі қалғандардың көзін құртады!»

Балағамның өзге халықтар жайлы нақыл сөздері

20Балағам Амалек халқына көз салып мына нақыл сөзді айтты:

«Амалек халықтардың алғашқысы еді,

Бірақ ақыр соңында ол құрып бітеді».

21Балағам кендіктерге де көз салып, олар туралы мына нақыл сөзін айтты:

«Сондай берік екен сенің тұрағың,

Жартасқа салынған, қауіпсіз екен ұяң.

22Алайда, кендіктер, сендер қырыласыңдар,

Ассурға көп кешікпей тұтқын боласыңдар».

23Содан соң Балағам мынадай нақыл сөз айтты:

«Оу, Құдай солай еткенде кім тірі жүрер,

24Ал Киттим жағасынан жүзіп келген кемелер

Ассурға әрі Еберге жәбір көрсетер,

Бірақ өздері де кейін күйретілер».

25Осыны айтып болғанда Балағам орнынан тұрып, еліне қайтып кетті. Балақ та өз жағына жөнелді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help