1(Дәуіттің мінажаты.)
Уа, Ием, әділ өтінішімді ести гөр,
Жалынған дауысыма көңіл бөле гөр,
Шынайы мінажатыма құлақ түрші,
2Сен Өзің мені тексеріп, ақтай көрші,
Ісімнің әділдігіне көз сала көрші.
3Жүрегімді зерттеп, түнде де мені сынадың,
Тәптіштеп тексерсең де, еш нәрсе таппадың.
Жалғандық айтудан ойланып сақтанам,
4Іс-әрекетімде сөздеріңе бағынам,
Аулақ жүріп келем зорлықшының жолынан.
5Ізіңмен Сенің берік жүрді қадамдарым,
Ақ жолыңнан тайып кетпеді аяқтарым.
6Уа, Құдайым, Саған дұға етемін,
Себебі Сен маған жауап бересің,
Қазір де құлақ түрші сөзіме менің,
7Көрсетші сондай керемет рақымыңды,
Жауларынан Өзіңді паналаған жандарды
Құтқарасың ғой қолданып қуатыңды.
8Көз қарашығыңдай мені сақтай көрші,
«Қанатыңның астында» тасалай көрші.
9Бас салған зұлымдардан мені қорғай гөр,
Қоршаған жан алғыштардан сақтай гөр.
10Жүректерінде жоқ мейірімділік,
Ауыздарынан шыққандары — менмендік.
11Соңымнан қуып олар қоршап алады,
Жерге ұрып-соғу үшін қарайды қырағы,
12Олжасын паршалауды аңсаған арыстандай,
Тасада аңдып тұрған мықты арыстандай.
13Уа, Жаратқан Ие, енді көтеріле гөр,
Қарсы шығып, бұл жауларды құлата гөр,
Зұлымнан мені семсеріңмен құтқара гөр!
14О, Ием, күшті қолыңмен аман сақтай гөр,
Жау тек осы дүниелік пайданы іздеп жүр.
Жоғары бағалаған жандарыңды тоқ қыласың,
Олардың балаларын да тойындырасың,
Ұрпақтарына да жетер артып сыйлағаның.
15Мен адал жүріп, бет-жүзіңді көремін,
Оянып, көрінісіңе қарап сүйсінемін.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
