Забур жырлары 17 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жеңіс сыйлаған Құдайды мадақтау

1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған. Жаратқан Иенің қызметшісі Дәуіттің жыры. Ол Жаратқан Иенің оны барлық жауларынан және Саулдың қолынан құтқарғанына арналған. Сонда Дәуіт былай деді:)

2Уа, Жаратқан Ие, Сені сүйемін,

Сен күш-қуатымның қайнар көзісің.

3Жаратқан — жартастай берік қорғаным,

Мені қауіп-қатерден құтқарушым,

Құдайым — сенім артқан шың құзым,

Қалқандай қорғаушым, мықты құтқарушым,

Әрі биік таудағыдай баспанам!

4Мадаққа лайық Жаратқанға сиынам,

Ол мені арашалайды жауларымнан.

5Өлім толқындары жан-жақтан құрсады,

Заңсыздық тасқыны көміп тастады,

6Ажалдың шынжыры мені матады,

Өлімнің торы бұғаулап шырмады.

7Қатты қиналып Жаратқанға сиындым,

Жәрдем сұрап Құдайыма жалындым.

Киелі орнынан Ол құлақ салды,

Жалынышым Оның алдына барды.

8Сол заматта жер дірілдеп сілкінді,

Таулардың негізі шайқалып дірілдеді,

Өйткені Құдай қаһарына мінген еді.

9Қаһарынан Оның түтін шықты,

От лаулап, аузынан жалын атты,

Ыстық шоқ ішінен атқылады.

10Аспанды ашып Ол төмен түсті,

Қара бұлттар болды аяғының асты,

11Мықты періштелерге мініп алды,

Желдің қанаттарында зулап ұшты,

12Түнекті айналдыра перде қылды,

Жаңбырдың қалың бұлттарын жамылды,

13Қасындағы нұрын бұлттар жасырды,

Бұршақ жауып, найзағай жарқылдады.

14Жаратқан Ие аспаннан күркіреп шақырды,

Алла Тағаланың дауысы жаңғырықты.

15Жебелер атқылап жауларын шашыратты,

Найзағай жарқылдап оларды абдыратты.

16Көрінді сонда теңіздің арналары,

Әрі дүниенің негіздері ашылды,

Уа, Жаратқан Ие, қатаң сөгісіңнен,

Қаһарлы да құдіретті лебіңнен.

17Көктен қолын созып, Ол мені ұстап алды,

Терең судан Ием мені шығарып алды,

18Құтқарды мені мықты дұшпанымнан,

Өзімнен қуатты қас жауларымнан.

19Мүшкіл кезімде олар маған бас салды,

Жаратқан Ие бірақ тірегім болды,

20Кең-байтақ жерге Ол мені шығарды,

Маған риза болып аман құтқарды.

21Адал жүрген мені Ием қолдады,

Пәк істерім үшін игілік сыйлады.

22Өйткені Жаратқанның жолымен жүрдім,

Арсыз болып Құдайымнан безбедім.

23Қайта, күллі шешімдері көз алдымда,

Оның ережелерінен бас тартпаймын да.

24Құдайдың алдында мінсіз болып келемін,

Күнә жасаудан сақтанып жүремін.

25Жаратқан маған берді әділдігіме қарай,

Оның көз алдындағы пәк ісіме сай.

26Ием, рақымды жанға рақым танытасың,

Адал жанға адалдықпен қарайсың,

27Таза жүрген жанмен Өзің де тазасың.

Арамзаға айламен жауап қайырасың.

28Жәбір көрген жандарды құтқарасың,

Бірақ менменді байқап, құлатасың.

29Уа, Ием, маған шырақтай нұр шашасың,

Уа, Құдайым, түнегімді жарық қыласың.

30Сенің күшіңмен жау тобын жеңе аламын,

Құдайыммен қамалдың үстіне шығамын.

31Күмән жоқ, Құдайдың жолы мінсіз,

Жаратқанның сөзі де еш мүлтіксіз.

Құдайға сенім артқан бар жандарға

Ол — қалқандай қорған әрі берік баспана.

32Жаратқан Иеден басқа кім Құдай екен?

Құдайымыздан басқа кім қорғайтын құз екен?

33Құдай мені күш-қуатқа бөлейді,

Мінсіз өмір жолымен жетелейді,

34Аяғымды бұғыдай жүйрік қылады,

Биік жерлерімде аман тұрғызады.

35Ол қолдарымды дайындайды шайқасқа,

Майыстырам тіпті қола садақты да.

36Сен құтқаруыңды қалқандай сыйладың,

Мені қолдайды құдіретті қолың,

Жоғарылатады мені шапағатың.

37Жолда қадамдарымды ұлғайтасың,

Аяқтарымды таюдан сақтап қаласың.

38Жауларымның артынан қуып жеттім,

Бәрін құртпайынша кері келмедім.

39Олар жеңіліп, қайта тұра алмады,

Аяғымның астына менің құлады.

40Шайқасуға маған күш-қуат сыйладың,

Қарсыластарды алдыма бас ұрғыздың,

41Қалған жауларды қашуға мәжбүр қылдың.

Мені жек көргендердің көздерін құрттым,

42Көмекке шақырды олар, ешкім құтқармады,

Жаратқанға жалынды, Ол құлақ салмады.

43Жауларды желмен ұшқан шаңдай ұнтақтадым,

Далаға батпақтай лақтырып тастадым.

44Сен мені халықтың бүлігінен құтқардың,

Әрі басшысы етіп қойдың өзге ұлттардың.

Бөтен халық енді маған қызмет етеді,

45Олар да айтқанымды екі етпейді,

Бөгде ұлттар алдымда құлдық ұрады,

46Жат жұрттықтар қатты қорқып бозарады,

Дірілдеп өз қамалдарынан шығады.

47Жаратқан тірі! Құздай Қорғаушым мақталсын,

Құтқарушы Құдайым лайым даңқталсын!

48Құдайым мүддемді қорғаған,

Әрі халықтарды маған бағындырған,

49Жауымнан өзімді аман сақтап қалған.

Жоғары қойдың мені қарсыластардан,

Сен құтқарып алдың зорлықшылдардан.

50Басқа халықтар арасында сондықтан,

Уа, Жаратқан Ием, Сені мадақтаймын,

Сенің атыңа ән-жырымды арнаймын.

51Сен Өзіңнің тағайындаған патшаңа:

Дәуітке және оның ұрпақтарына

Ұдайы ұлы жеңістер сыйлайсың,

Тұрақты мейіріміңді бағыштайсың.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help