1Әділдер, қуана мақтаңдар Жаратқанды,
Адал жандардың мақтауы жарасымды.
2Жаратқанды домбырамен мадақтаңдар,
Он ішекті жетігенмен күй тартыңдар,
3Оған бағыштап жаңа ән айтыңдар,
Мәнерлеп ойнап, шаттана айқайлаңдар!
4Өйткені Жаратқанның сөзі шынайы,
Ол бар істерін адалдықпен жасайды,
5Иеміз әділет пен әділдікті қалайды,
Оның рақымына толы жердің барлығы.
6Жаратқанның сөзімен аспан жаралды,
Аузының лебімен жұлдыздар да жасалды.
7Теңіздің суларын Ол жинап, шек қойды,
Түпсіз мұхитты «қоймаларына» құйды.
8Күллі жер Жаратқан Иені қастерлесін,
Әлемнің бар халқы Оны құрметтесін,
9Өйткені Ол сөз айтқанда орындалды,
Бұйрық бергенде бар болып, берік тұрды.
10Иеміз бағынбайтын ұлттардың ойларын
Шайқалтып, жояды арамза жоспарларын.
11Жаратқанның жоспары мәңгі берік тұрады,
Бар ұрпақтарға ниеті нық сақталады.
12Құдайы — Жаратқанға сиынған ұлт бақытты,
Ол меншігіне таңдаған халық жарылқаулы!
13Жаратқан Ие көктен жерге қарар,
Сонда күллі адамзатты көзімен шолар,
14Өз тағынан жер тұрғындарын байқар.
15Ол бәрінің жүректерін жаратты,
Бүкіл істерін толық ұғынады.
16Патшаны қалың жасағы құтқармайды,
Жауынгер зор күшімен қорғана алмайды,
17Тұлпар да құтқаруға жарамайды,
Ерен күшімен де құтылта алмайды.
18Бірақ Өзін терең қастерлейтіндерге,
Рақымына үмітін жүктегендерге
Назарын салады Жаратқан Ие
19Оларды ажалдан құтқару үшін,
Ашаршылықта аман сақтау үшін.
20Жаратқанға шын көңілден сенім артамыз,
Ол — қолдаушымыз, қалқандай қорғаушымыз.
21Жүрегіміз шаттанады Иемізге,
Кәміл сенеміз киелі есіміне!
22Үмітіміз Өзіңде, уа, Жаратқан Ие,
Берік мейіріміңмен жар бола гөр бізге.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
