Еремия 34 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жаратқан Иенің Седекиях патшаға арнаған хабары

1Бабыл патшасы Набуходоносор өзінің бүкіл әскерімен және қол астындағы барлық патшалықтармен, халықтармен бірге Иерусалимге және оның айналасындағы қалаларға қарсы соғысып жатқан кезде, Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:

2«Яһуда патшасы Седекияхқа бар да, оған хабарымды жеткіз: Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп қой, Мен осы қаланы Бабыл патшасының қолына тапсырамын, ал ол қаланы өртеп жібереді.

3Сен оның шеңгелінен қашып құтыла алмай, сөзсіз ұсталып, оның қолына тапсырыласың. Бабыл патшасын өз көзіңмен көріп, ол сенімен бетпе-бет сөйлесетін болады. Содан Бабылға әкетілесің.

4Бірақ Жаратқан Иенің уәделі сөзін де тыңда, уа, Яһуда патшасы Седекиях! Жаратқан Ие сен туралы мынаны айтады: сен семсердің жүзінен емес,

5өз ажалыңнан өлесің. Бұрын Яһудада патша болған ата-бабаларың қайтыс болғанда олардың құрметіне (хош иісті заттар түтетіліп) от жағылғанындай, сенің құрметіңе де сондай от жағылып, «Беу, тақсырымыз-ай!» деп жұрт сені жоқтап қайғыратын болады. Мен саған осыны бұйырттым». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.

6Еремия пайғамбар осы хабарды Иерусалимде Яһуда патшасы Седекияхқа түгелдей жеткізді.

7Сол кезде Бабыл патшасының әскері Иерусалимге және Яһуданың әлі алынбаған қалалары Лахыш пен Әзекаға қарсы шабуыл жасап жатқан болатын. Бекіністі қалалардан әлі де жау қолына түспегендері осылар ғана еді.

Басыбайлы қызметшілер туралы заңның бұзылуы

8Седекиях патша Иерусалимдегі күллі халықпен келісім жасап, басыбайлы қызметшілердің босатылуын жариялаған болатын. Мұнан кейін Жаратқан Ие Еремияға осы туралы хабарын жіберді.

9Өйткені сол келісім бойынша, бүкіл халық өздерінің басыбайлы исраилдік қызметшілеріне бас бостандығын беруге тиіс болып, бұдан былай ешкімнің басқа исраилдікті малайлықта ұстауға құқығы болмады.

10Осы келісімге сөз байласқан барлық басшылар мен бүкіл халық соның ережелеріне мойынсұнып, басыбайлы қызметшілеріне азаттық берді.

11Алайда олар кейін ойларын өзгертіп, босатып жіберген қызметшілерін кері қайтарып, оларды тағы да басыбайлы малайлары етті.

12Сонда Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:

13— Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сендердің ата-бабаларыңды Мысыр еліндегі құлдықтан азат етіп алып шыққанымда, олармен мынадай Келісім жасаған болатынмын:

14«Әрбір жетінші жылы әрқайсың өзін саған басыбайлы қызметшілікке сатқан исраилдік ағайыныңды малайлықтан босатуға тиіссіңдер! Ол саған алты жыл бойы қызмет етіп болған соң, оны қоя бер!» Бірақ сендердің ата-бабаларың Менің сөзіме құлақ та асқан жоқ, мойынсұнған да жоқ.

15Ал сендер жақында жасаған күнәларыңа өкініп, Маған ұнамды әділ іс істедіңдер: сендердің әрқайсыларың өз араларыңдағы басыбайлы ағайындарыңа бостандық жарияладыңдар. Сендер тіпті Менің атыммен аталатын киелі үйде Өзімнің алдымда сол туралы келісім де жасадыңдар.

16Бірақ қазір сендер содан тайып, Менің атымды қорладыңдар. Сендер олардың өз қалаулары бойынша азат еткен осы ағайындарыңды қайтарып алып, өздеріңе басыбайлы қызмет істеуге қайтадан мәжбүрледіңдер.

17Сол себепті Жаратқан Ие мынаны айтады: Сендер Маған мойынсұнбадыңдар, ағайындарыңа іс жүзінде азаттық жариялаған жоқсыңдар. Сондықтан енді Мен сендерге мынадай «азаттық» жариялаймын: Сендер семсер, індет және ашаршылықтан өлуге «азат» боласыңдар! Мен жер бетіндегі патшалықтардың бәрін сендердің тағдырларыңды көргенде жандары түршігіп шошынатын қыламын.

18Сол адамдарың Менің алдымда келісім жасаған кезде бір бұзауды шалып, екі бөлікке қақ бөліп, осы бөліктердің арасынан өте шыққан еді. Енді Мен осы келісімді бұзып, оның шарттарын орындамаған оларды бөлікке бөлінген бұзау іспетті қыламын.

19Бұзаудың екі бөлігінің арасынан өткендерді: Яһуда мен Иерусалимнің әміршілерін, сарайдағы уәзірлерді, діни қызметкерлерді және елдің бүкіл халқын

20жауларының қолына тапсырамын. Олардың мәйіттері жыртқыш құстар мен аңдарға жем болады.

21Мен Яһуда патшасы Седекиях пен оның әміршілерін олардың жанын алғысы келіп жүрген жауларының қолдарына тапсырамын. Бабыл патшасы әскерімен бірге аз уақытқа қаладан кері шегініп, басқа жаққа кетсе де,

22енді Мен бұйрық беріп, оларды осы қалаға кері қайтарамын. Олар қалаға тағы да шабуыл жасап, оны басып алады да, өртеп жібереді. Яһуданың басқа қалаларын да қаңыратып бос қалдырамын! — Жаратқан Ие осыны нық айтады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help