Қорынттықт. 2-хат 1 - Киелі кітап(QazBi2010)

Арнау және сәлем

1Құдайдың еркімен Мәсіх Исаның елшісі болған Пауылдан және бауырласымыз Тімотеден Құдайдың Қорынттағы қауымына және Оның бүкіл Ахая аймағындағы барлық адамдарына дұғай сәлем!

2Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін!

Құдайдың жұбатып, өлімнен құтқарғанына шүкірлік

3Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі Құдай мадақталсын! Құдай — қайырымды Әкеміз, жұбаныш пен жігер атаулының бастауы.

4Ол бізді барлық азаптарымызда жұбатып, жігерлендіреді. Осылай Құдайдың өзімізді жігерлендірген жұбанышымен біз де әр түрлі қайғы-қасірет шегіп жүргендерді жігерлендіре аламыз.

5Өмірімізде Мәсіхтің жолындағы азаптарымыздың молая түскеніндей, Ол арқылы көретін жұбанышымыз да ағыл-тегіл мол болады.

6Азап шегуіміз сендердің жігерленіп, құтқарылуларыңа септігін тигізеді. Өйткені біз көрген жұбаныш өздеріңді де жігерлендіреді. Соның нәтижесінде сендер дәл біз сияқты азаптарды бастан кешкенде шыдамдылықпен төзе аласыңдар.

7Өздерің жайындағы үмітіміз берік. Себебі азабымызды бөліскендеріңдей, біз қабылдайтын жұбанышты да бөлісетіндеріңді білеміз.

8Сондықтан, қымбатты бауырластар, сендерді Азия аймағында тап болған қиындықтарымыздан хабарсыз қалдырғымыз келмейді. Басымызға түскен ауыртпалықтың шектен тыс, адам төзе алмастай болғаны сонша, тірі қаламыз деп үміттенбедік те.

9Жүрегімізде өлімге кесілгендей сезіндік. Бұл жайт біздің өзімізге емес, Құдайға ғана сүйене алуымыз үшін де осылай болды. Ол өлгендерді тірілте алады ғой.

10Мұндай қорқынышты ажал қаупінен Ол бізді құтқарып алды және әлі де құтқаруда; сондай-ақ болашақта да құтқаратын болады деп Оған нық сенім артамыз.

11Бұған сендердің дұғаларың да септігін тигізеді. Осылайша көптеген сенушілердің мінажаттарына Құдай құлақ асып, бізге рақымын төгіп, сол үшін олар шүкірлік ететін болады.

Елшінің сапар жоспарын өзгерту себебі

12Біздің айналамыздағы адамдармен, әсіресе өздеріңмен, Құдайға ұнамды ашықтықпен, адалдықпен қатынас жасап келгендігімізге ар-ұжданымыз куә; мұны мақтан тұтамыз. Ескі күнәкар болмысымыздың «даналығымен» емес, Құдайдың рақымына бола солай өмір сүріп келеміз.

13-14Сендердің жазған хаттарымыздан оқып, түсінгендеріңнен өзге құпия ниетіміз жоқ. Мұнымызды ұға бастадыңдар, енді толық ұғасыңдар деп үміттенемін. Сонда Иеміз Иса қайтып келген күні біздің сендерді мақтан ететініміздей, өздерің де бізді мақтан тұтатын боласыңдар.

15Бұның бәріне сенгенім сонша, сендер екі рет рухани игілікке ие болсын деп, алдымен өздеріңе баруға ниеттендім.

16Осылайша Македонияға бара жатқанда да, қайтып келе жатқанда да сендерге соға кетуді жоспарладым. Бұдан кейін Яһудея аймағына аттанғанымда мені шығарып сала алар едіңдер.

17Осыған ниеттенгенімде ұшқалақтандым ба? Әлде мені жоспарларын ескі күнәкар болмысына сүйеніп, біресе «иә», біресе «жоқ» деп жасады дейсіңдер ме?

18Құдай берген уәдесіне берік болғандай, біздің сендерге айтқан хабарымыз да кейде «иә», кейде «жоқ» емес, еш жалтақсыз!

19Сендердің араларыңда Сыйлас, Тімоте үшеуіміз уағыздаған Құдайдың рухани Ұлы Иса Мәсіх те біресе «иә», біресе «жоқ» болған емес. Қайта, Ол арқылы Құдай «иә» дейді:

20Оның барлық уәделері Мәсіх арқылы жүзеге асып, «иәға» айналады; сондықтан «аумин» деп, Мәсіхтің атымен Тәңір Иенің ұлылығын мадақтаймыз.

21Мәсіхпен байланысымызда бізді сендермен бірге табанды етіп, тағайындаған — Құдайдың Өзі:

22Ол бізге өз иелігінің «таңбасын басып», берген уәделерінің орындалуының кепілі ретінде Киелі Рухын жүректерімізге орнықтырды.

23Осы кезге дейін менің Қорынтқа келмегенім сендерді аяғандығымнан екеніне Құдай куә.

24Сенімдеріңе өктемдік еткіміз келмей, қуаныштарың үшін өздеріңмен бірге еңбектенеміз. Өйткені сенімдерің арқылы беріксіңдер.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help