Матай 3 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жақия пайғамбардың Мәсіхке жол дайындауы

1Сол заманда шомылдыру рәсімін орындаушы Жақия пайғамбар келіп, Яһудея аймағындағы айдалада былай деп уағыз айта бастады:

2«Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер! Құдай Патшалығының жер бетіне орнайтын кезі таяп қалды!»

3Ишая пайғамбардың ежелде былай деп алдын ала айтқаны Жақия туралы болатын:

«Жар салған дауыс шығады айдалада:

Жаратқан Иеге жолды дайындаңдар,

Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!»

4Жақия түйе жүнінен шапан киіп, қайыс белбеумен белін буып жүретін. Жейтін азығы шегіртке және жабайы араның балы болды.

5Сол уақытта Иерусалим қаласынан, бүкіл Яһудея аймағынан және Иордан жағасындағы барлық өңірден халық Жақияның қасына ағылып келіп жатты.

6Олар күнәларын мойындаған соң, Жақия оларды Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өткізді.

7Сол рәсімнен өту үшін көптеген парызшылдар мен саддукейлер де келді. Бірақ Жақия оларды көргенде, қатаң ескертіп былай деді:

— Ей, улы жыланның тұқымдары! Келешектегі қаһарлы жазадан құтылуды сендерге кім үйретті?

8Егер шынымен теріс жолдарыңнан қайтып, Құдай жолына түссеңдер, соған лайықты іс істеңдер!

9«Біздің түп атамыз — Ыбырайым» деп мақтанбаңдар! Сендерге шын айтамын: Құдай Ыбырайымға мына тастардан да ұрпақ жасап бере алады.

10Қазірдің өзінде-ақ ағаш түбінде балта дайын тұр! Жақсы жеміс бермейтін әрбір ағаш шабылып, отқа тасталады!

11Мен сендерді теріс жолдан қайтқандарыңның белгісі ретінде суға шомылдыру рәсімінен ғана өткіземін. Ал менен құдіретті Біреу менен кейін келе жатыр. Ол сендерді Киелі Рухына әрі отқа шомылдырады. Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын.

12Ол бидайды желпушіге ұқсайды: күрегі қолында, қырманын тазартып, «бидайын» жинап, қамбасына құяды, бірақ «қауызын» тозақтың сөнбес отына жағады!Шомылдыру рәсімінен өткен Исаға Құдайдың ризашылығын білдіруі

13Сол шамада Иса Жақияның шомылдыру рәсімінен өту үшін Ғалилеядан Иордан өзеніне келіп жетті.

14Бірақ Жақия Оны тоқтатып:

— Осы рәсімнен Сіздің мені өткізгеніңіз жөн бола тұра, қалайша маған келіп тұрсыз? — деді.

15Иса оған:

— Қазір осылай болсын. Солай Құдайдың әділ еркін толық орындауға тиіспіз, — деп жауап берді. Жақия Оның айтқанына көнді.

16Иса шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін дереу судан шықты. Сол сәтте көк ашылып, Иса Өзіне көгершін сияқты төмендеп келіп, қонған Құдай Рухын көрді.

17Сонда көктен: «Бұл — Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!» — деген дауыс естілді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help