1Яһудаға Жосия ұлы Жохақымның патшалық құрған төртінші жылы Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
2«Бір шиыршық кітап ал да, соған Жосия патшаның кезінен бастап күні бүгінге дейін өзіңе Исраил, Яһуда және басқа да халықтар туралы айтқан сөздерімнің бәрін жазып қой.
3Мүмкін, Яһуданың халқы Мен оларға жіберейін деп отырған бүкіл пәле туралы естігенде, әрқайсысы зұлым жолынан қайтып, Маған бет бұрар. Сонда Мен олардың күнәлары мен зұлым істерін кешіретін боламын».
4Сонда Еремия Нириях ұлы Барухты шақырып алды. Оған Жаратқан Иенің өзіне айтқан күллі сөздерін қайталап айтып бергенде, ол соның бәрін шиыршық кітапқа жазып қойды.
5Мұнан кейін Еремия Барухқа былай деп тапсырды: «Жаратқан Иенің киелі үйіне бара алмаймын, бұл маған тыйым салынған.
6Сондықтан сен халық ораза ұстаған күні сонда бар да, мен өзіңе жаздырған Жаратқан Иенің сөздерін кітаптан халыққа оқып бер! Өз қалаларынан жиналып келген бүкіл яһудалықтарға да сол хабарларды дауыстап оқып бер!
7Мүмкін, олар Жаратқан Иеге жалбарынып, әрқайсысы зұлым жолынан қайтатын шығар. Себебі Жаратқан Иенің осы халыққа қарсы лаулаған қаһары өте күшті!»
8Нириях ұлы Барух Еремия пайғамбардың айтқандарын түгелдей орындап, Жаратқан Иенің ғибадатханасында Оның шиыршық кітапқа жазылған сөздерін оқып берді.
9Бұл Яһудаға Жосия ұлы Жохақымның патшалық құрған бесінші жылының тоғызыншы айында болды. Иерусалимнің бүкіл тұрғындары мен Яһуданың басқа қалаларынан келген жұртқа Жаратқан Иенің алдында ораза ұстау керек деп жарияланған болатын.
10Барух ғибадатханадағы хатшы Шафан ұлы Гемарияхтың бөлмесінен бүкіл халыққа шиыршық кітаптан Еремияның сөздерін оқып берді. Осы бөлме Жаратқан Иенің киелі үйінің Жаңа қақпасының қасындағы жоғарғы аулада орналасқан еді.
Пайғамбардың кітабының уәзірлерге оқылуы11Гемарияхтың ұлы, Шафанның немересі Миқая кітаптан оқылған Жаратқан Иенің сөздерінің бәрін естіді.
12Содан ол патшалық сарайдың хатшылар отыратын бөлмесіне барды. Сол жерде басшылар бас қосатын: Әлишама хатшы, Шемаях ұлы Делаях, Ахбор ұлы Елнатан, Шафан ұлы Гемариях, Хананиях ұлы Седекиях және тағы басқа лауазымды қызметкерлер.
13Миқая оларға Барухтың халыққа кітапты оқып берген кезінде өзінің естіген күллі сөздерін жеткізді.
14Олар Нетанияхтың ұлы, Шелемияхтың немересі, Хусидің шөбересі Еһудиді Барухқа жіберіп, оған: «Сен халыққа оқып берген шиыршық кітапты осында алып кел!» — деген бұйрықты жеткізді. Сонда Нириях ұлы Барух шиыршық кітапты басшылар жиналған жерге алып барды.
15Олар Барухқа:
— Кел, отыр, кітапты бізге оқы! — деп бұйырды. Барух оларға кітапты оқып берді.
16Уәзірлер кітаптағы сөздердің бәрін естігенде, бір-біріне үрейлене қарап Барухқа:
— Осы сөздердің барлығын міндетті түрде патшаға жеткіземіз! — деді.
17Олар: — Айтшы бізге, бұның бәрін сен қайдан жазып алдың? Сол адамның өз аузынан ба? — деген сұрақ та қойды.
18Барух:
— Иә, ол маған осы сөздердің бәрін өз аузымен айтып, мен сиямен осы кітапқа жазып алып отырдым! — деп жауап берді.
19Сонда уәзірлер Барухқа:
— Еремия екеуің бір жерге барып, жасырыныңдар. Өздеріңнің қай жерде екендеріңді ешкімге білдірмеңдер, — деп тапсырды.
Жохақымның пайғамбардың кітабын өртеп жіберуі20Олар шиыршық кітапты Әлишама хатшының бөлмесіне апарып қойған соң сарайдың ауласына патшаның алдына барып, болған істі баяндап берді.
21Патша Еһудиді жіберіп, ол кітапты Әлишаманың бөлмесінен алып келіп, патшаға және оның жанында тұрған уәзірлерінің бәріне оқып берді.
22Бұл тоғызыншы айда болды. Сол кезде патша сарайының қысқы бөлігінде отырған еді. Ашық пештегі шоқ қызып жанып жатты.
23Еһуди кітаптың үш немесе төрт бағанасын оқып бола салысымен, патша хатшының қағаз кесетін пышағымен оқылғанды кесіп алып, алдындағы ашық пешке салып отырды. Ақыры осылайша кітаптағы бүкіл жазба отқа өртелді.
24Жазбаны тыңдаған патша да, оның нөкерлері де естігендерінен қорыққан да жоқ, өкініп, көйлектерінің өңірлерін айыра жыртқан да жоқ.
25Тек Елнатан, Делаях және Гемариях қана патшадан кітапты өртемеуін өтінді. Бірақ патша бұларға құлақ асқан жоқ.
26Қайта, ол патшазада Ерахмелге, Азриил ұлы Сераях және Әбдиел ұлы Шелемияхқа Барух хатшы мен Еремия пайғамбарды тұтқынға алуға бұйырды. Бірақ Жаратқан Ие оларды жасырып тастаған болатын.
Пайғамбар кітабының қайтадан жазылуы27Патша Еремияның сөздері жазылған шиыршық кітапты өртеп жібергеннен кейін Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап мына тапсырманы берді:
28— Тағы бір шиыршық кітапты ал да, Яһуда патшасы Жохақым өртеп жіберген кітапта болған сөздердің бәрін соған жазып қой.
29Ал патшаның өзіне былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Сен «Бабыл патшасы сөзсіз келіп, осы елді қиратып, ондағы адамды да, малды да тірі қалдырмайды деп жазуға қалайша дәтің барды?!» деп ызаланып кітапты өртеп жібердің.
30Сол себепті Жаратқан Ие Яһуда патшасы Жохақым туралы мынаны айтады: Оның ұрпағының ешқайсысы Дәуіттің тағында отырмайтын болады. Оның мәйіті сыртқа лақтырылып, күндіз аптапта, түнде аязда қалады.
31Мен оның өзін де, ұрпақтарын да, нөкерлерін де зұлымдықтары үшін жазалаймын. Ескертулеріме құлақ аспағандарына бола Мен оларға және Иерусалим мен Яһуданың тұрғындарына жіберемін деп алдын ала айтқан апаттардың бәрін де бастарына түсіремін.
32Сонда Еремия хатшысы Барухқа басқа бір шиыршық кітапты алып берді. Барух Жохақым патша өртеп жіберген бұрынғы кітаптағы сөздерді Еремияның аузынан қайтадан жазып алды. Сондай-ақ соларға тағы да көптеген сөздерді қосып жазды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.