Ишая 17 - Киелі кітап(QazBi2010)

Дамаск пен бүкіл Арама елі жайлы ауыр хабар

1Бұл — Дамаск жайлы ауыр хабар:

«Біліп қойыңдар, енді қайтып Дамаск қала болмайды, ол қиратылып, тау-төбе үйіндіге айналады.

2Арогер аймағының қалалары қаңырап бос қалады. Енді олар малдың жайылымына айналып, ешкім де олардан малды қуып аластатпайды.

3Солтүстік Исраил қамалды қалаларынан айырылып, Дамаск өзінің тәуелсіз патшалық болуынан ада қалады. Тірі қалған арамалықтар Исраил халқы сияқты ұлылығын жоғалтады». — Әлемнің Иесі, осыны нық айтады.

4«Сол кезде Жақыптың нұрлы салтанаты күңгірттеніп, оның мықты денесі жүдейді.

5Сонда Исраил елі орақшылар егінді жинап алғаннан кейінгі егістікке ұқсайды. Ол ештеңесін қалдырмай жиып-терген Рефаим аңғарындағы қаңыраған бос егіндік іспетті болады.

6Тек біразырақ адам ғана аман қалады. Бұл, жемісі жинап алынған зәйтүн ағашындай болмақ: ең биік ұшар басында тек екі-үш, ең төменгі өнімді бұтақтарында төрт-бес-ақ жемісі қалмақ». — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие осыны нық айтады.

7Сол уақыт жеткенде адамдар өздерін жаратқан Жасаған Иеге бет бұрып, Исраилдің Киелі Құдайына сеніммен қарап мойынсұнады.

8Олар енді қайтып өздері жасаған құрбандық үстелдеріне бет бұрмайды, әрі өз қолдарынан шыққан Ашера бағаналары мен хош иісті заттар түтететін үстелдерге сеніммен қарамайтын болады.

9Сол заман келгенде олардың бекіністі қалалары да иесіз ну орманға ұқсап, қанахандықтардың Исраил халқынан қашқан кезде тастап кеткен қырат бастарындағы қалалары сияқты елсіз бос болады.

10Неге десең, сен өзіңді құтқарған Құдайыңды менсінбей, өзіңді қорғайтын «Жартасыңды» ұмыттың! Мейлі, таңдаулы деген өсімдіктерді егіп, шетелден әкелінген жүзім бұталарын отырғыза бер!

11Олар сен еккен күні тармақ жайса да, сен отырғызған күні гүлденсе де, бәрібір олардан өнім жинамайсың: соның орнында тек қайғы-қасірет пен жазылмас ауру ғана болады.

12Тыңдашы, көптеген халықтардың әскерлері долданған теңіздің гүріліндей шулайды! Ойбай, ұлттардың дабыры қандай! Олар ағысты судың гүріліндей шулайды,

13әрі жағаны соғып зулаған толқындардай алға жылжиды. Бірақ Құдай оларға бұйрық бергенде, қашып кетеді де, тау жаққа жел ұшырған кебектей, құйын көтерген тозаңдай кері шегінеді.

14Кешке қарай қорқыныш тудырғанмен, олар ертеңгісін жоқ болады. Біздің елді тонап, мал-мүлкімізді талап әкеткен әрбір жаудың тағдыры, міне, осындай болады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help