1Еліху сөзін былай деп жалғастырды:
2— Мені тағы сәл тыңдай тұрыңыз. Құдайды қорғап тағы да біраз нәрсені айтуға болатынын көрсетемін.
3Мен білімімді алыстан іздеп таптым. Енді Жаратушымның істегенінің әділдігін дәлелдейін.
4Шүбә жоқ, айтар сөздерім жалған емес. Оларды білімі кемел адамның сөзі деп біліп қойыңыз.
5Құдай құдіретті болса да, адамға менсінбей қарамайды. Оның күш-қуаты да, даналығы да аса зор.
6Құдай зұлымдардың өмір сүре беруіне жол бермейді, қайта, Ол қаналған жарлылардың мүдделерін қорғайды.
7Құдай әділдерді назарында ұстайды, оларды патшалармен бірге таққа отырғызып, мәңгілікке жоғарылатады.
8Ал егер адамдар кісенделіп, ауыртпалықтың бұғауында отырса,
9онда Құдай олардың істеп келген заңсыз іс-әрекеттерін әшкерелейді. Өздерінің менменсіп, асқақтағандарын да оларға көрсетеді,
10сөйтіп тәлім қабылдасын деп құлақтарын ашады. Оларға зұлымдықтан бас тартуды бұйырады.
11Егер де Оған құлақ асып мойынсұнса, онда олар өмір бойы игілікке кенеліп, көңілдері рақатқа толатын болады.
12Бірақ тыңдамаса, ақымақ болғандықтарынан семсерден мерт болады.
Арсыздардың жүректерінде ашу-ыза сақтаулары13Арсыздар жүректерінде ашу-ыза сақтап жүре береді. Құдай сондайларды байлап-матап алса да, олар Оған сиынып көмек сұрамайды.
14Содан арсыздар жастай өледі. Азғындыққа салынғандықтан, өмірлері масқарамен аяқталады.
15Ал жарлыларды Құдай олардың көріп жүрген азаптары арқылы құтқармақ. Қиындық көрген кездерінде Ол солардың құлақтарын ашады.
16Қазір Ол сізді де қауіп-қатерден арашалап, қиыншылық жоқ кең орынға алып шығуға еліктірмек. Сізді ең дәмді тағамдар жайылған дастарқанға алып келмек.
17Бірақ сіз зұлымдарды айыптаудан басқаны ойламайсыз. Ал әділдік пен ақиқат өзіңізді ұстап алған.
18Ашу-ызаңыз сізді Құдайды қорлауға азғырып әкетпесін! Мол пара да сізді теріске бұрып адастырып кетпесін!
19Үлкен байлығыңызбен не зор күш жұмсап қиындықтардан құтыла аламын деп ойлайсыз ба?
20Түннің келуін де аңсаушы болмаңыз! Сол кезде көп адамдар өз орындарында жатып құрып кетеді ғой.
21Зұлымдыққа бет бұрудан сақ болыңыз! Азапқа батқанша күнәға батқан артық деп ойлайтын сияқтысыз.
Құдайдың ұлы істерін мадақтауды ұмытпау керек22Біліп қойыңыз, Құдай зор құдіретімен ұлы істер істейді. Ол сияқты ұстаз болар ешкім жоқ!
23Құдайдың жүретін жолын белгілейтін де, «Мынауың дұрыс емес!» дей алатын да ешкім жоқ қой.
24Одан да адамдар ән шығарып мадақтаған Құдайдың ұлы істерін өзіңіз де мадақтауды ұмытпаңыз!
25Бүкіл адамзат соларды көріп келеді, адамдар оларға алыстан қарайды.
26Біліп алыңыз, Құдай сондай ұлы! Ал біз Оны толығымен ұға алмаймыз. Оның жылдарының санын адам зерттеп біле алмас.
27Жасаған Ие судың тамшыларын көтеріп алып, олар тұман болып тазаланып, жаңбыр жауғанда жерге қайтып түседі.
28Сонда бұлттар өз ылғалын жерге төгіп, ол адамзатқа мол нөсер болып құйылады.
29Құдайдың бұлттарды қалай жаятынын, аспаннан қалай күн күркірететінін түсінетін жан бар ма?
30Қараңыз, Құдай бәрінің үстінен жарықтың нұрын төгіп, теңіздің түбіне дейін жайып қояды.
31Ол халықтарға осылай билік жүргізіп, оларды тамақпен молынан қамтамасыз етеді.
32Тәңір Ие қолын найзағайларға толтырып, оларға нысанаға тиюге бұйырады.
33Күркіреу Құдайдың бар екенін жариялайды. Тіпті мал да ненің болып жатқанын сезеді.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.