Ошия 8 - Киелі кітап(QazBi2010)

Халықтың Жаратқан Иеден бас тартуы

1«Керней тартып дабыл қағуға дайындал! Жау бүркіт сияқты Жаратқан Иенің елінің үстінде ұшып жүр. Себебі олар Менің өздерімен жасаған Келісімімнен айнып, Таурат заңымды бұзып келеді.

2Сонда да Солтүстік Исраил Мені шақырып: «Сен біздің Құдайымызсың, Сені мойындаймыз, (көмектесе гөр)!» — деп жалбарынады.

3Ал Солтүстік Исраил ізгі нәрседен бас тартты, енді жау оны қуатын болады.

4Халық өзіне патшаларын тағайындады, бірақ олары Менің еркіме сай емес. Олар билеушілерін де қойды, бірақ Мен бұларын құптаған жоқпын. Өздерінің алтын-күмісінен халық жалған тәңір мүсіндерін жасап алды, әйтсе де олар құрып кетеді.

5Жас бұқа кейпінде жасалған жалған тәңірің әбден жек көрінішті, уа, Самария елі! Мен осы халыққа қатты қаһарланып отырмын. Қашан ғана олар зұлымдықтан арылып тазарар екен?

6Сол тәңірсымақты Исраилдің өзі бір қолөнершіге жасатып алды. Сондықтан ол Құдай емес! Иә, Самарияның жас бұқа кейпіндегі жалған тәңірі күл-парша болып сындырылады!

7Халықтың еккені жел еді, енді жинағандары құйын болады. Шыққан егіндерінің бастары — құр қауыз. Дән бола қалған күнде де бөтен елдіктер оны жалмап кетеді.

8Солтүстік Исраилдің елін жау жалмап кетеді. Оның халқы басқа халықтардың арасында ұнамсыз ыдыс сияқты болып қалды.

9Себебі олар жалғыз дара қаңғырып жүретін жабайы есек сияқты Ассурға барды. Ефрем елі өзіне «ашыналарды» (яғни арқа сүйейтін одақтастарды) жалдады.

10Олар алым-салықтарымен жат халықтарды жалдап алған болса да, Мен Ефремнің халқын бәрібір бір жерге жинап, соттаймын. Олар қуатты патшаның езгісіне түсіп, азап шеге бастайды.

11Ефрем халқы күнәнің құнын өтейтін құрбандықтар ұсынылатын үстелдерді көптеп орнатты, бірақ олары, керісінше, нағыз күнә жасайтын орындар болып кетті!

12Мен халыққа Таурат заңымдағы ережелерді егжей-тегжейлі жазып бергенмен, олар соларды бір жат нәрсе деп санайды.

13Халық Маған арнап малдарын құрбандыққа шалып, етін жесе де, Мен, Жаратқан Ие, соларына риза емеспін. Қайта, Мен халқымның істеген зұлымдықтарын есіме алып, оларды күнәлары үшін жазалаймын: халқым өздері бұрын құл болған Мысырға қайта оралатын болады!

14Солтүстік Исраил өз Жаратушысын ұмытып, үлкен ғимараттар салды. Яһуда елі көптеген қалаларын қамалмен бекітті. Бірақ Мен олардың қалаларына от жіберемін. От солардағы қорғандарын өртеп жалмап қояды».

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help