1«Ефестегі қауымның періштесіне былай деп жаз:
Бұл — оң қолында жеті жұлдыз ұстап, жеті шам қойғыштың арасында жүретін Иеңнен хабар.
2Мен сенің істеріңді білемін: сен еңбек етіп, шыдамды болып келесің. Арам адамдарға төзе алмай, өздеріне Құдайдың елшілері деген атақты таңатындарды сынап, өтірікшілер екенін анықтадың.
3Менің атыма бола (еңбектеніп) көп ауыртпалықты басыңнан өткізгенде шыдамдылық көрсетіп, қажымадың.
4Алайда саған айтар наразылығым мынау: сен алғашқы сенген кездегі сүйіспеншілігіңді жоғалтып алдың.
5Өзіңнің қандай биіктіктен құлдырағаныңды ойлашы! Өкініп, теріс жолыңнан қайтып, алғашқыдағы игі істеріңді жасайтын бол! Әйтпесе саған жуырда келемін де, шам қойғышыңды (қауымдардың арасындағы) орнынан алып тастаймын. Егер өкініп, теріс жолыңнан қайтпасаң, осылай істеймін.
6Бірақ сендегі бір жақсылық мынау: Мен жек көретін николаиттардың істерін сен де жек көресің.
7Құлағы барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын! Жеңіп шыққан әркімге Мен Құдайдың пейіш бағында өсетін, мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаштың жемісінен жегіземін.Ізмірдегі қауымға арналған сәлемхат
8Ізмірдегі қауымның періштесіне былай деп жаз:
Бұл — бір кезде өлген, ал қазір тірі «Алғашқы және Соңғыдан» хабар.
9Мен сенің (істерің мен) шеккен азаптарыңды әрі жұтаң күйіңді білемін. Ал шынында сен рухани байсың! «Яһудиміз» (яғни Құдайдың халқымыз) дейтіндердің сен туралы айтқан ғайбат сөздерін де білемін. Шын мәнісінде олар «шайтанның мәжілісханасы».
10Болашақта басыңнан кешетіндеріңнен қорықпа! Рас, шайтан кейбіреулеріңді түрмеге салып, сынамақ, ал көретін азаптарың он күнге ғана созылады. Өлімге дейін Маған адал бол, сонда саған «мәңгілік өмір тәжін» сыйлаймын.
11Құлағы барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын! Жеңіп шыққан әркім «екінші өлімнен» зиян көрмейді.Перғамдағы қауымға арналған сәлемхат
12Перғамдағы қауымның періштесіне былай деп жаз:
Бұл — екі жүзі де өткір семсері Бардан хабар.
13Мен сенің (істеріңді және) «шайтанның тағы» орналасқан жерде тұратыныңды білемін. Бірақ Менің атымды ұстанып келесің. Адал хабаршым Антипас сенің қасыңда, яғни әзәзіл шайтанның тұрағында, өлтіріліп шейіт болған кезде де Маған деген сеніміңнен бас тартпадың.
14Алайда саған айтар біраз наразылығым мынау: араларыңда Балағамның ілімін ұстанушылар бар. Сол көріпкел ежелде Исраилге қарсы шыққан Балаққа халықты күнәға азғыруды үйреткен: оларға жалған тәңірлерге шалынған құрбандықтардың етін жегізді әрі азғындық жасатты.
15Сондай-ақ, араларыңда николаиттардың (Мен жек көретін) ілімін ұстанушылар да бар.
16Енді өкініп, теріс жолдан қайтыңдар! Әйтпесе саған жуырда келемін де, сол қате ілімді ұстанушылармен аузымдағы семсеріммен соғысамын.
17Құлағы барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын! Жеңіп шыққан әркімді Мен «жасырылған маннамен» тамақтандырамын. Оған алған кісіден басқа ешкім де білмейтін жаңа есім ойып жазылған бір ақ тасты да сыйлаймын.
Тиятирдағы қауымға арналған сәлемхат18Тиятирдағы қауымның періштесіне былай деп жаз:
Бұл — Құдайдың рухани Ұлынан хабар. Оның көздері оттай жалындап, аяқтары балқыған қоладай жалтырайды.
19Мен сенің не істегеніңді — сүйіспеншілігің мен сеніміңді, қызметің мен төзіміңді білемін. Қазіргі игі істерің алғашқыдағыдан көбірек.
20Алайда саған айтар наразылығым мынау: өзін пайғамбармын деп атайтын Езабел іспетті әйелге жол бересің. Ол Менің қызметшілерімді азғындық жасап, жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардың етін жеуге үйретіп адастыруда.
21Мен сол Езабелге өкініп, азғындық жолынан қайтуға уақыт бердім, алайда ол қайтқысы келмейді.
22Біліп ал: Мен Езабелді ауруға шалдықтырып, төсек тартқызамын. Егер сол әйелмен бірге азғындық жасап келгендер оның жаман істерінен қайтпаса, оларға да қатты азап шеккіземін.
23Оның соңынан ергендерді өлтіріп құртамын. Сонда Менің әркімнің жүрегінің түкпір-түкпірін тексеретін Біреу екеніме барлық қауымдардың көздері жететін болады. Мен әрқайсыңның істеріңе қарай еселеріңді қайтаратын боламын.
24Ал Тиятирда Маған адал болып қалғандарға, яғни осы арам ілімді қабылдамай, «шайтанның терең құпиялары» деп аталғанды үйренбегендерге, былай деймін: сендерге тағы басқа ауыртпалық түсірмеймін;
25алайда Мен келгенше, өздеріңде бар рухани игіліктерді берік ұстаңдар!
26Істерімді аяғына дейін атқарып, жеңіп шыққандарға халықтардың үстінен билік жүргізу құқығын сыйлаймын.
27Оларға қатаң билік жүргізеді. Қыш ыдыстарын лақтырып сындырғандай, қиқарлықтарын тас-талқан етеді. Мен де Әкемнен осындай билікті алғанмын.
28Мен жеңіп шыққандарға таңғы жұлдызды да сыйлаймын.
29Құлағы барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.