Қорынттықт. 1-хат 16 - Киелі кітап(QazBi2010)

Мұқтаждықтағы қауымдарға жәрдем

1Енді Құдайдың мұқтаждық көріп жүрген (Яһудеядағы) халқына көмек жинау туралы: Ғалатия өлкесіндегі қауымдарға берген нұсқауларыма сай әрекет жасаңдар.

2Жексенбі сайын әрқайсыларың жағдайларыңа қарай қолдағы қаражаттарыңнан бөлектеп, сақтап қойыңдар. Осылайша мен сендерге барған уақытта оларды жинаудың қажеті болмайды.

3Сол кезде өздерің сәлемдемелеріңді апару үшін таңдап алған адамдарыңа сенімхаттарымды беріп, оларды Иерусалимге шығарып саламын.

4Егер өзімнің де баруым жөн болса, онда бірге барармыз.

Елшінің жоспарлары, соңғы өтініштері және сәлемі

5Мен сендерге Македония арқылы сапар шегіп келмекпін. Себебі сол өлкемен өтетін ойым бар.

6Ал сендерде біраз тоқтап, тіпті қыстап та қалуым мүмкін. Осылай қай жаққа сапарымды жалғастырсам, мені жолға шығарып сала аласыңдар.

7Себебі қазір жолай соққым келмейді; Иеміз қаласа, біраз уақыт өздеріңмен бірге болсам деп үміттенемін.

8Алғашқы өнім мейрамына дейін Ефес қаласында болмақпын.

9Өйткені осында өнімді еңбек етуіме есік айқара ашық, ал қарсыластарым да аз емес.

10Тімоте сендерге келіп жатса, оның араларыңда алаңсыз жүруіне көңіл бөліңдер. Тімоте де мен сияқты Иеміздің ісімен айналысуда.

11Ешқайсың оны елемей жүрмеңдер, аман-есен жолға шығарып салып, маған қайтып келуіне жағдай жасасаңдар екен. Тімотенің өзге бауырластарымызбен бірге қайта оралуын күтудемін.

12Ал бауырласымыз Аполлос болса, оны сендерге баратын бауырластарға ілессін деп әлденеше рет жігерлендірдім, бірақ бұл жолы оның барғысы келген жоқ; сәті түскенде барар.

13Сақ болыңдар, сенімдеріңде берік, ер жүрек әрі күшті тұрыңдар!

14Бәрін де сүйіспеншілікпен істеңдер!

15Степан мен оның үй ішін білесіңдер, олар Ахаядағы алғашқы сенушілер арасында болып, өздерін Құдайдың халқына қызмет етуге бағыштап келеді. Бауырластар, сендерден өтінемін:

16осындай адамдардың және олармен істес болып, қажырлы еңбек етіп жүргендердің жетегіне сендер де еріңдер.

17Степан, Фортунат және Ахайықтың келгендеріне қатты қуанып қалдым. Олар сендердің жоқ екендіктеріңнің орнын толтырып,

18мені де, өздеріңді де рухтандырды. Мұндай адамдар шынында да қадірленуге лайық.

19Азия өлкесіндегі қауымдар сендерге сәлем жолдайды. Ақила мен Прискила және олардың үйінде жиналатын қауымнан Иемізбен жүрген сендерге дұғай сәлем.

20Мұндағы барлық бауырластар да сәлем айтуда. Шын жүректен бір-біріңе сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, сәлемімізді жеткізіңдер.

21Енді мен, Пауыл, сәлемімді өз қолыммен жазып отырмын.

22Иемізді сүймейтін әркімді Құдайдың қарғысы атпақ. Иеміз, келе гөр!

23Сендерге Иеміз Иса Мәсіх жар болып, рақымын жаудыра көрсін!

24Менің сүйіспеншілігім Мәсіх Исамен байланысқан бәріңмен бірге. (Аумин.)

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help