1Әйүп бұларға былай деп жауап қайырды:
2— Айтарымды жақсылап тыңдаңдар, соның өзі мені жұбатқандарың болсын.
3Аздап сабырлы болыңдар, мен сөйлейін. Айтып болайын, сосын келеке-мазақтарыңды жалғастыра берерсіңдер.
4Ал менің шағымдануым адамға қарсы ма еді? Шыдамсыз болуымның да жөні бар.
5Жағдайыма жақсылап қарасаңдар, шошып кетесіңдер. Аңтарылған ауыздарыңды жауып қойыңдар!
6Мына жайт туралы ойласам, өзім абыржып, денем дірілдеп қоя береді:
7Зұлымдар неге әлі де өмір сүріп, тіпті көп жасайды? Күш-қуаттары неліктен барған сайын өсе береді?
8Балалары көз алдында ер жетіп, немерелерінің қызығын көреді.
9Үй-жайлары қауіпсіз де алаңсыз, Құдайдың жазасы оларға төнбейді.
10Ондайлардың малы төлді болып, төлдерінің біреуі де жоғалмайды.
11Балаларын отардай еркін шығарып жіберіп, олар қозы-лақтай секеңдеп ойнап жүреді.
12Жетіген мен даңғыраның әуеніне қосылып өлең айтады, сыбызғының әуенімен де көңіл көтереді.
13Зұлымдар өмір бойы молшылықта болып, жер қойнына қиналмай-ақ аттанады.
14Сонда да олар Құдайға: «Қасымыздан аулақ кетші! — дейді. — Тура жолың жайлы білгіміз келмейді!
15Біз Оған қызмет ететіндей құдіреті шексіз Тәңір кім Өзі? Оған жалына сиынудан бізге не пайда?»
16Біліп қойыңдар, олардың аман-есендіктері өз қолдарында емес қой! Ал мен зұлымдардың мұндай ойларынан аулақ жүремін.
17Алайда зұлымдардың шырағы қашан мезгілінен бұрын сөнген еді? Қашан бастарына пәле түскен еді? Қашан Жасаған Ие оларға қаһарланып, қайғы-қасірет жіберген еді?
18Ондайлар қашан жел қуған сабандай, не дауыл соғып, ұшырып әкеткен қабықтай болған еді?
19«Әйтеуір Құдай адамның кінәсін сақтап қойып, оның жазасын тартқызады!» дейді емес пе? Одан да Құдай зұлымдардың өздерін жазаласын, сонда олар білетін болады!
20Олар күйрегендерін өз көздерімен көрсін, құдіреті шексіз Тәңірдің қаһарына толығымен кенелсін!
21Себебі өз ғұмырының күндері біткен соң, артында қалған ұрпағына не болса да, зұлымға бәрібір емес пе?!
22Ал Құдайға біреу даналықты үйрете ала ма?! Ол тіпті ең жоғарғыларды да соттайды ғой!
23Біреу мол дәулетке кенеліп бейқам өмір сүреді.
24Тамағы тоқ, денсаулығы мықты болып, ақырында нағыз кемелді шағында о дүниеге аттанады.
25Ал басқа біреу болса, еш игілік көрместен, бұ дүниеден көңілі қалып өтеді.
26Ақырында солардың екеуі де жер қойнына еніп, екеуі де құртқа жем болады.
27Міне, сендердің ойларыңды білемін. Айтқандарымды қулықпен жоққа шығарғыларың келеді ғой.
28«Кәне, құламай аман тұрған сол зұлым билеушінің үйі және заңсыздардың мекені қайда екен?!» деп айтарсыңдар.
29Көп жол жүретіндерден сұрамап па едіңдер? Олардың айтатын куәліктерін қабылдамап па едіңдер?
30Пәле келген күні зұлым адам аман қалады, қаһар шүйілген күні оған құтылып кетуге жол ашылады.
31Зұлымға не істеген ісін бетіне басып айтатын, не жаман ісінің қарымын қайтаратын ешкім жоқ.
32Арсыздың мәйітін құрметпен қабірге қойып, қабір басында құрметті күзет тұрады.
33Алдында да, артында да сансыз көп адам жүріп, оны соңғы сапарға шығарып салады. Аңғардағы қабірінде жайлы жатады.
34Сонымен мені түкке тұрғысыз нәрселерді айтып жұбататындарың не? Берген жауаптарыңның бәрі де өтірік.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.