Қорынттықт. 1-хат 6 - Киелі кітап(QazBi2010)

Сенушілердің сот алдындағы даулары

1Араларыңдағы кейбіреу бауырласымен бір даулы мәселе туралы келіспей қалғанда қалайша Құдай алдында ақталмағандардың сотына жүгінуге дәті барады? Неге мәселені Құдай халқының алдына қоймасқа?

2Болашақта Құдай халқының адамзатқа билік айтатынын білмейсіңдер ме? Адамзатқа билік ететін өздерің болған соң, ұсақ-түйек даулы мәселелерді шешуге жарамайсыңдар ма?

3Біздердің періштелердің үстінен де билік айтатынымызды білмейсіңдер ме? Сонда күнделікті өмір мәселелерін әлбетте шеше алуға тиіссіңдер!

4Бұлар жайлы дау-жанжал бола қалса, қауым үшін елеусіздердің төрелігіне қалай жүгінесіңдер?

5Сендерді ұялту үшін осылай деймін. Араларыңда бауырластарына төрелік айтатын бірде-бір парасатты адамның болмағаны ма?

6Қайта, бір бауырлас екіншісімен дауласып, тіпті сенбейтіндердің сотына жүгінеді екен.

7Бір-біріңмен таласқандарыңның өзі масқара! Одан да әділетсіздікке неге төзбеске, неге ақыларыңды жегізбеске?

8Керісінше, сендер әділетсіздік жасап, өз бауырластарыңды тонайсыңдар!

9Әділетсіздердің Құдайдың Патшалығынан орын алмайтынын білмейсіңдер ме? Алданбаңдар: азғындар, жалған тәңірлерге құлшылық етушілер, неке адалдығын бұзушылар, нәпсіқұмарлар, еркекжанды еркектер,

10ұрылар, дүниеқоңыздар, маскүнемдер, өсекшілер және тонаушылар үшін Құдайдың Патшалығында орын жоқ!

11Бұрын кейбіреулерің сондай болдыңдар. Алайда сендер күнәдан тазардыңдар; енді Иеміз Иса Мәсіхтің атына сиынып Құдайымыздың Рухы арқылы Оның қасиетті халқы болып, ақталдыңдар.

Таза өмір сүріп, Құдайдың даңқын асыру

12Кейбіреулерің: «Не істесем де еріктімін», — дейсіңдер. Алайда бәрі бірдей тиімді емес. «Не істесем де еріктімін». Дегенмен өзімді құл ететін еш нәрсенің билігінде болмауым керек.

13«Тамақ асқазан үшін, ал асқазан тамақ үшін жаратылған». Әлбетте! Құдай бір кезде екеуін де жоятын болады. Алайда адамның денесі нәпсі үшін емес, Иеміз үшін қызмет етуге тиіс, ал денеміздің қамын Иеміз ойлайды.

14Құдай Иемізді өлімнен қайта тірілтті, Ол біздің денемізді де Өзінің құдіретімен тірілтіп алмақ.

15Денелеріңнің Мәсіхтің рухани денесінің мүшелері екенін білмейсіңдер ме? Мәсіхтің бір мүшесін қайсыбір жезөкшенің дене мүшесі етіп қоюға бола ма? Жоқ, мүлдем болмайды!

16Әлде жезөкшемен жақындасқан кісінің онымен біртұтас болатынын білмейсіңдер ме? Себебі Тауратта «Екеуі біртұтас болады» делінген ғой.

17Ал Иемізге қосылған кісі Оның Өзімен рухани біртұтас болады.

18Азғындықтан аулақ болыңдар! «Барлық күнә адам денесінен тысқары», — дейсіңдер. Бірақ адам азғындық арқылы өз денесіне күнә жасайды.

19Әлде денелеріңнің Киелі Рух мекендейтін киелі үй екенін білмейсіңдер ме? Сендер Құдайдан қабылдаған Киелі Рух бойларыңнан орын алды. Енді өз меншіктерің емессіңдер,

20Иеміз сендерді үлкен құн төлеп, күнәнің құлдығынан азат етті. Ендеше денелеріңмен Құдайдың даңқын арттырыңдар!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help