1Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар,
Оның есімін атап сиыныңдар,
Ұлы істерін халықтарға хабарлаңдар!
2Иемізге ән салып, Оны мадақтаңдар,
Барлық кереметтерін паш қылыңдар,
3Оның киелі атымен мақтаныңдар,
Жаратқанға сиынатын сендер, шаттаныңдар!
4Иемізге әрі құдіретіне ден қойыңдар,
Дәйім Оның еркін білуге ұмтылыңдар!
5Ұмытпаңдар Оның жасаған кереметтерін,
Ғажап істері мен шығарған шешімдерін,
6Уа, Оның құлы Ыбырайымның ұрпақтары,
Жақыптан тарағандар, таңдаулы адамдары!
7Ол — біздің Құдайымыз, Жаратқан Ие,
Бүкіл әлемге Өзі билік жүргізуде.
8Мәңгі есінде сақтайды Ол өз Келісімін,
Келер мың буынға да бұйырған өсиеттерін —
9Ыбырайыммен жасаған Келісімін,
Ысқаққа да антпен берген сол уәдесін,
10Жақыпқа оны ереже қылып бекітті,
Исраил үшін тұрақты Келісім етті.
11«Мұралық үлесің етіп беремін саған
Қанахан елін» деді сонда Жаратқан.
12Сол кезде бұл әулет әлі де аз болатын,
Азғана кірме болып сонда тұратын.
13Олар елден елге көшіп-қонатын,
Патшалықтарды аралап орнығатын.
14Ал Құдай ешкімге соларды жәбірлетпеді,
Олар жайлы патшаларға қатаң ескертті:
15«Тағайындағандарыма еш тиіспеңдер,
Пайғамбарларыма зұлымдық істемеңдер!»
16Тәңір Ие ашаршылық жіберді елге,
Талқандап тамақ қорының бәрін де.
17Алдарынан шығарды Ол бір жігітті,
Мысырға құлдыққа сатылған Жүсіпті.
18-19Тәңірдің сөзі оның мінезін сынап болғанша,
Алдын ала айтқандары орындалғанша,
Жүсіптің аяқтары қысылып бұғауланды,
Мойнына оның темір құрсау салынды.
20Патша сонда адам жұмсап, Жүсіпті босатты,
Халықтардың билеушісі оны азат етті,
21Тіпті өз сарайының басқарушысы қылды,
Жүсіпке бар иелігін басқартып қойды,
22Төрелерінің үстінен оның бұйрығын жүргізді,
Жүсіпке басшыларын даналыққа үйреткізді.
23Содан кейін Исраил Мысырға көшті,
Жақып жат жерлік боп Хам елінде қоныс тепті,
24Жаратқан Ие сонда халқын өсімтал етті,
Оның санын дұшпанынан басым етті,
25Ол Мысырға Исраил халқын жек көргізді,
Өзінің құлдарына қарсы сұмдық жасатқызды.
26Иеміз қызметшісі Мұсаны жолдады,
Сондай-ақ Өзі таңдап алған Һаронды.
27Бұлар Жаратқан Иенің ғажап істерін —
Хам елі Мысырда Оның мына кереметтерін
Халық арасында іске асырып көрсетті:
28Тәңір Ие қараңғы түсіріп түнек етті елді,
Себебі Мысыр Оның сөзіне бағынбай келді.
29Елдің суларын Ол қанға айналдырды,
Ондағы балықтарды құртып жоқ қылды,
30Мысырдың жерін қаптап кетті құрбақалар,
Патшаның бөлмесін де жайлап алды олар.
31Иеміз айтқанда шыбын-шіркей құжынады,
Әрі масалар да бүкіл елді қаптады.
32Жаратқан жаңбырды бұршақпен ауыстырды,
Найзағайдың отын жерге жаудырды.
33Жүзім мен інжір ағаштарын құлатты,
Елдегі бар ағаштарды қиратты.
34Иеміз айтқанда шегірткелер қаптады,
Сансыз көп шегіртке құрттары құжынады,
35Жердің жасыл шөбінен түк қалдырмады,
Егіндіктегі бар астықты жалмады.
36Ақыры Ол елдегі бар тұңғышты өлтірді,
Мысырлықтардың мақтанышы солар еді.
37Жаратқан Ие Мысырдан халықты
Сыйға алған алтын-күміспен алып шықты,
Руларындағы біреу де шаршап-шалдықпады.
38Халық кеткенде мысырлықтар қуанды,
Өйткені қорқыныш биледі оларды.
39Жаратқан Исраилді бұлтпен жапты,
Түнде от оларға сәулесін шашты.
40Халық ет сұрағанда Ол бөденелер жіберді,
Аспаннан түскен нанмен тойындырды,
41Жартасты жарып, содан су ағызды,
Су шөлді жерлермен өзендей сарқырады.
42Себебі Жаратқан киелі сертін ескерді,
Қызметшісі Ыбырайымға соны берген еді.
43Осылай Ол алып шықты халқын шаттықпен,
Таңдап алған адамдарын зор қуанышпен,
44Өзге ұлттардың жерін оларға берді,
Бөтен халықтың еңбегін де иемдендірді,
45Енді Оның халқы жарлықтарын орындасын,
Заңдарын да ұдайы берік сақтасын.
Лайым Жаратқан Ие мадақталсын!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.