Філимонға хат 1 - Киелі кітап(QazBi2010)

Арнау және сәлем

1Мәсіх Исаға арнаған қызметім үшін түрмеде отырған Пауылдан және бауырласымыз Тімотеден сүйікті қызметтесіміз Філимонға,

2сондай-ақ бауырласымыз Әпияға, бізбен бірге Ізгі хабар үшін жан сала қызмет етіп жүрген Арқыпқа және Філимонның үйінде жиналатын қауымға дұғай сәлем.

3Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін!

Філимонның сүйіспеншілігі және сенімі үшін шүкірлік

4Мен Құдайға сиынып сені есіме түсіргенде әрдайым шүкірлік етемін.

5Өйткені Иеміз Исаға деген сенімің және Тәңір Иенің барлық адамдарына көрсеткен сүйіспеншілігің туралы естідім.

6Мәсіхке деген сенімің және Құдайдың бәрімізге берген күллі игіліктерін түсінуің арқылы басқа сенушілермен байланысың Мәсіхтің даңқын асыруға әсерлі болсын деп мінажат етемін.

7Сенің сүйіспеншілігіңнен зор қуаныш пен жұбаныш таптық, өйткені сен, бауырым, Құдайдың адамдарының жүректерін орнықтырып келесің.

Філимонға өтініш

8Сондықтан Мәсіхтің елшісі ретінде керек істі саған бұйыруға батылым барса да,

9сүйіспеншілігіңе бола өтініп сұраймын. Иә, басқа біреу емес, мен — Пауыл қария, Мәсіх Исаға қызмет еткенім үшін қазір түрмеде отырған менің өзім,

10сенен ұлым жайында өтінемін. Мен осында тұтқында отырып, оған Ізгі хабарды айтып берген едім. Қайта туылып, рухани ұлыма айналған сол жан — Онисым («Пайдалы»).

11Ол өткен кезеңде сен үшін пайдасыз болғанмен, енді маған да, саған да пайдалы. Оны өзіңе қайтарып отырмын,

12ал онымен бірге өз жүрегімді жіберіп отырғандаймын!

13Ізгі хабарға бола түрмеге қамалған мен оны сенің орныңда өзіме көмектесу үшін қарамағымда қалдыруды ойлаған едім.

14Алайда жақсылық жасауың мәжбүрліктен емес, өз еркіңмен болсын деп, сенің келісіміңсіз ешбір шешім қабылдағым келмеді.

15Мүмкін, оның уақытша сенен алшақтағанының мақсаты — оны мәңгілікке қабылдауың шығар.

16Ал қазір ол құлың ғана емес, одан әлдеқайда жоғары — сүйікті бауырласың ретінде өзіңе қайта оралады. Ол мен үшін дәл сондай, ал сен үшін адам ретінде де, Иемізбен жүрген бауырласың ретінде де одан бетер жақын болады.

17Сондықтан маған шынымен дос болсаң, оны мені қабылдағандай қабылдағайсың.

18Ал егер ол саған жамандық жасаған не қарыздар болса, онысын менің мойнымда деп есепте.

19Мен, Пауыл, өз қолыммен жазып отырмын: онысын өзім өтеймін! Алайда сенің өзіңнің рухани өмірің үшін маған қарыздар екеніңді айтпай-ақ қояйын.

20Сонымен, бауырласым, Иеміз Мәсіх үшін маған осылай бір жақсылық етіп, Оған деген сүйіспеншілігің арқылы менің жүрегімді орнықтыршы.

21Сен құлақ асар деп үміттеніп, айтқанымнан да артық орындайтыныңды біле отырып, осыны жаздым.

Соңғы сәлемдер және ақ бата

22Сонымен бірге маған баспана дайындағайсың. Құдай мінажаттарыңа мейіріммен құлақ асып, мені сендерге жіберер деп үміттенемін.

23Мәсіх Исаға қызмет еткені үшін менімен бірге бұғауда отырған Епафрас

24әрі өзге қызметтестерім Марқа, Арыстарқ, Димас, Лұқа да саған сәлем жолдауда.

25Лайым жан дүниелерің Иеміз Иса Мәсіхтің рақымына кенеле берсін!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help