Әйүп 33 - Киелі кітап(QazBi2010)

Еліхудің Әйүптің айтқандарын сынауы

1Ал енді, уа, Әйүп аға, менің айтарымды тыңдап, күллі сөздеріме құлақ салсаңыз екен!

2Міне, мен сөйлеуге аузымды аштым, сөздерім тілімнің ұшында тұр.

3Шын жүректен сөйлеп, білетін таза ақиқатты айтамын!

4Құдайдың Рухы мені жаратты, құдіреті шексіз Тәңірдің тіршілік лебі маған өмір берді.

5Қолыңыздан келсе, маған жауап берсеңіз екен! Менің қарсы алдымда тұрып, өз ісіңізді қорғаңызшы!

6Құдайдың алдында мен де сіз сияқтымын, өзіңіз іспетті мен де балшықтан қалыптастырылғанмын.

7Сондықтан менен еш қорықпасаңыз да болады, сізді қатты қыспақтамаймын.

8Ал мен өз құлағыммен сіздің мына сөздеріңізді естідім:

9«Мен пәк таза күнәсізбін, жасаған ешбір зұлымдығым жоқ. Кінәратсызбын!

10Бірақ Құдай маған қарсы сылтау тауып, мені Өзінің жауындай көреді.

11Ол аяғымды бұғаулап, бар жолдарымды жіті қадағалайды!»Құдайдың адамды құтқару үшін ескертуі

12Бірақ, Әйүп аға, бұныңыз дұрыс емес. Құдай пендеден әлдеқайда ұлы ғой!

13«Адамның ешбір сөзіне жауап бермейді» деп неге Оған қарсы шағымданасыз?!

14Өйткені Құдай кейде бір түрде, кейде басқа түрде сөйлейді, ал адам соны жиі аңғармайды.

15Жұрт терең ұйқыға батып, төсектерінде жатқанда, Тәңір Ие олардың түстерінде, түнде көрген аяндарында

16құлақтарын ашып, Өзінің ескертулерін нығайтып бекітеді.

17Осылайша Ол адамды теріс істерінен кері бұрылдырып, өркөкірек паң болудан қорғайды.

18Сөйтіп оны семсерден мерт болудан, әрі жанын о дүниеде құрып кетуден сақтайды.

19Я болмаса, адам ауру-сырқау арқылы жақсылыққа қарай түзетілуге ескерту алады. Ол төсек тартып жатып қалады да, сүйектері тынымсыз сырқырай бастайды.

20Сонда оның нанға зауқы болмай, жақсы көретін тамағына да тәбеті шаппайды.

21Жүдеп, құр сүлдері ғана қалады. Бұрын көрінбеген сүйектері енді көзге ұрып тұрады.

22Осылайша ол көрге, жанын алып кететін хабаршыларға жақындай түседі.Құдайдың адамды құтқаруға хабаршысын жіберуі

23Ал егер мыңның ішінен адамға болысып, оған әділ жолды нұсқайтын бір хабаршы табылса,

24онда ол: «Оны көрге түсуден аман сақтап қала гөр! Оның жанының құнын өтейтін төлемді таптым!» деп мейірім көрсететін болады.

25Сонда адамның денесі жас кезіндегідей болып жасарып, жастық шағындағыдай қайта қалпына келеді.

26Пенде Құдайға сиынып, еткен дұғасы қабылданады. Осылай ол қуанышпен Құдайдың алдына барып, адалдығы қайтадан ақталады.

27Сонда адам жұртқа қарап былай деп мойындайды: «Мен күнә жасап, ақиқатты бұрмаладым. Әйтсе де мұнымның лайықты жазасын тартқан жоқпын.

28Құдай мені көрден аман алып қалып, мен жарық дүниені әлі де көре беретін боламын!»

29Шынында да Құдай осының бәрін адамға екі реттен, тіпті үш реттен жасайды.

30Осылайша оның жанын о дүниеге аттандырмай, оған әрі қарай өмірдің нұрын төге бермек.

31Ендеше, Әйүп аға, мені жақсылап тыңдаңызшы. Үндемей отыра тұрыңыз, мен сөйлейін.

32Егер қайтаратын жауабыңыз болса, онда үнсіз қалмай айта беріңіз. Мен сіздің ақталуыңызды аңсап тілеймін.

33Ал егер айтарыңыз болмаса, мені тыңдап, үндемей отыра тұрыңыз, онда парасатыммен бөлісейін.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help