Забур жырлары 44 - Киелі кітап(QazBi2010)

Патшаның үйлену тойына арналған жыр

1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «қызғалдақтар» әуенімен айтылатын Қорах ұрпақтарының насихат жыры әрі махаббат әні.)

2Патшаға арнап әнімді айтқанда

Жүрегімнен ізгі сөз құйылуда,

Тілім ұқсас хатшының жүйрік қаламына.

3Сен әсемсің күллі адам баласынан,

Мейірімді сөз ағылады аузыңнан,

Құдай Сені мәңгілікке жарылқаған.

4Уа, батыр, семсеріңді асынып ал,

Зор даңқ пен ұлылыққа бөленіп ал.

5Осы салтанатыңмен жеңіске аттан

Ақиқат, кішіпейілдік, әділдік үшін,

Мықты оң қолың ғажап істер істесін.

6Жебелерің үшкір, олар патшаның

Жауларының жүрегіне дәл қадалсын,

Барлық ұлттар да аяғыңа жығылсын.

7Сенің тағың, о, Құдай, сақталады мәңгілік,

Патшалығыңа жүргізесің әділ билік,

8Заңсыздықты жек көріп, әділдікті сүйесің,

Сондықтан да Құдай, өз Құдайың сенің,

Өзіңді тағайындап, сыйлады саған

Серіктеріңнен гөрі шаттықты молынан.

9Хош иісті сенің күллі киімдерің

Мүр, алоэ, дәмқабық гүлінің жұпарымен,

Көңіліңді көтереді сазды әуен

Сарайларыңда піл сүйегімен безенген.

10Сенің құрмет тұтатын жұбайларың

Арасында бар қыздары патшалардың.

Оң жағыңда отыр опырлық саф алтын

Әшекейлер тағып алған патшайымың.

11Тыңда, қызым, ұғып ал, тос құлағыңды:

Ұмыт шыққан әулетің мен халқыңды,

12Патша аңсап қалайды сұлулығыңды,

Ол тақсыр иең сенің, ардақта оны!

13Тир қаласы сыйлығын алып келеді,

Елдің байлары ықыласыңды іздейді.

14Қалыңдық ханшаң отыр өз бөлмесінде

Алтын кестелі көйлегі бар үстінде,

15Түрлі түсті киімімен әкелінеді,

Құрбы қыздары соңынан ілеседі,

Барлығы да Сенің алдыңа келеді,

16Зор қуаныш, шаттықпен бастап әкелінеді,

Патшалық сарайыңа салтанатпен енеді.

17Ұлдарың орнын баспақ аталарыңның,

Бүкіл елге оларды әкім етіп қоясың.

18Бар ұрпақтарға сыйлатамын есіміңді,

Халықтар дәріптейді мәңгі Өзіңді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help