Елшіл. істері 12 - Киелі кітап(QazBi2010)

Елші Жақыптың өлтіріліп, Петірдің түрмеден босатылуы

1Шамамен осы кезде Ирод (Агриппа) патша қауымның кейбір мүшелерін тұтқындатып, зорлық-зомбылық көрсетіп,

2Жоханның туған ағасы Жақыпты семсермен шауып өлтіртті.

3Осы қылығы яһудилерге ұнағанын көрген ол Петірді де қолға түсірді. Бұл Ашымаған нан мейрамының кезінде болды.

4Осылай Ирод Петірді тұтқындатқан соң, оны түрмеге жаптырып, төрт топқа бөлінген он алты жасақшыға күзеттіріп қойды да, Құтқарылу мейрамынан кейін оны халықтың алдына шығарып, соттамақ болып ниеттенді.

5Сонымен Петір абақтыда күзетілді, ал қауым ол үшін Құдайға қызу жалбарынып сиынумен болды.

6Ирод оны халық алдында соттайтын күнгі түнде Петір екі жасақшының ортасында екі шынжырмен байлаулы ұйықтап жатты. Есіктің алдында да қарауыл абақтыны күзетіп тұрды.

7Кенеттен Жаратқан Иенің бір періштесі пайда болып, қапас жарқырап кетті. Періште Петірді бүйірінен түртіп оятып: «Тезірек тұр!» — дегенде, оның қолдарын байлаған шынжырлар сыпырылып түсті.

8Періште: «Беліңді буынып, аяғыңа да ки!» — деді. Петір мұны орындағаннан кейін, періште: «Шапаныңды жамылып, маған ер!» — деп бұйырды.

9Сонда Петір оған ілесіп, қапастан шықты. Ол періштенің істегені өңінде болып жатқанын ұқпай, аян көріп тұрмын деп ойлады.

10Олар бірінші және екінші қарауылдан өтіп, қалаға шығатын темір қақпаға келгенде, қақпа бұларға өзінен-өзі ашыла кетті де, екеуі сыртқа шықты. Бір көшемен жүріп бара жатқанда кенеттен періште Петірдің қасынан ғайып болды.

11Петір өзіне-өзі келгеннен кейін: «Иеміздің періштесін жіберіп, мені Иродтың қолынан және яһуди халқы күткеннің бәрінен құтқарғанын енді шынымен біліп тұрмын», — деді.

12Осыны аңғарған ол Марқа деп те аталған Жоханның шешесі Мәриямның үйіне барды. Сол жерде көп бауырластар Құдайға сиынып мінажат етуге жиналған еді.

13Петір сыртқы есікті қаққанда, Рода есімді қызметші қыз кім екенін білу үшін құлағын тосты.

14Ол Петірді даусынан танып, қуанғанынан қақпаны ашпастан үйге жүгіріп барып:

— Қақпаның алдында Петір тұр! — деп хабарлады.

15Ал үйдегілер:

— Есің дұрыс па өзі? — деп, оған сенбеді. Бірақ ол:

— Рас, рас! — деп тұрып алды.

— Бұл оның періштесі шығар, — десті олар.

16Петір үздіксіз қағып тұрды. Ақырында олар ашып, оны көргенде, қатты таңғалды.

17Петір сабыр етіңдер деп қолын сілтеп, Иеміздің оны түрмеден қалай шығарғанын әңгімелеп берді. «Осыны Жақыпқа және басқа бауырластарға айтыңдар!» — деп, үйден шығып, басқа жаққа кетіп қалды.

18Таң атқанда қарауылдағылар Петірге не болғанын түсінбей, қатты састы.

19Ирод оны іздеуге бұйырып, таппаған соң күзетшілерді тергеп, өлімге кесті.

Ирод Агриппа патшаның жаман өлімі

Бұдан кейін Ирод Яһудеядан астанасы Кесарияға ылдилап барып, сонда біраз уақытқа тоқтамақ болды.

20Ол Тир мен Сидонның тұрғындарына қатты өшігіп алған еді. Екі қала өзара келісіп, өкілдерін жіберді. Бұлар патшаның уәзірі Бластты өздерін жақтауға көндіргеннен кейін: «Бітімге келейік», — деп өтінді. Себебі олардың аймағы патша елінен азық-түлік алып тұратын.

21Белгіленген күні Ирод патшалық сән-салтанатпен киініп, мінбедегі тағына отырды да, өкілдерге арнап сөз сөйледі.

22Жиналған халық оған: «Адам емес, құдай сөйлеп тұр!» — деп айқайлай берді.

23Ирод Құдайға тиісті құрметті көрсетпегендіктен, Жаратқан Иенің періштесі оған дереу жаза жіберді: Ирод тірідей құртқа жем болып өлді.

24Ал Құдайдың сөзі кеңінен тарап, сенушілердің саны өсе берді.

25Барнаба мен Саул өздеріне жүктелген міндетті Иерусалимде орындап болып, (Антақияға) қайта оралды. Олар Марқа деп те аталған Жохан есімді жігітті де ертіп алды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help