Ишая 38 - Киелі кітап(QazBi2010)

Қатты ауырған Езекияның кереметпен сауығуы

1Сол күндері Езекия қатты науқастанып, өлім аузында жатты. Амос ұлы Ишая пайғамбар оған келіп, былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Үй ішіңе соңғы өсиеттеріңді беріп, істеріңді аяқта! Себебі бұл аурудан жазылмай, қайтыс боласың».

2Содан Езекия бетін қабырғаға қарай бұрып, Жаратқан Иеге сиынып:

3«Уа, Жаратқан Ие! Сенің көз алдыңда ізгі жолыңмен жүріп, шын жүректен әділ істер істеп келгенімді ескере көрші!» — деді. Мұнан кейін Езекия қатты жылады.

4Сонда Жаратқан Ие Ишаяға сөзін арнап былай деді:

5«Езекияға барып, былай де:

Түп атаң Дәуіттің сиынған Құдайы Жаратқан Ие саған мынаны айтады: Сенің мінажатыңды естіп, көз жасыңды көрдім. Біліп ал, сенің өміріңе тағы он бес жыл қосамын.

6Мен өзіңді және мына қаланы Ассур патшасының қолынан құтқарып, қаланы қорғап қаламын!

7Жаратқан Иенің Өзінің уәде еткенін іске асыратындығының саған арнаған белгісі мынау болмақ:

8Жаратқан Ие Ахаз патша салғызған баспалдақтың үстімен көлеңкені он қадам кері жылжытады». — Сонда көлеңке шынымен он қадам кері жылжыды!

Езекияның мадақтау жыры

9Яһуда патшасы Езекия науқасынан сауығып кеткеннен кейін (Жаратқан Иені мадақтаған мына жырын) жазып қалдырды.

10Былай дедім: Өмірімнің ортасындамын,

Бірақ енді о дүниеге аттанамын,

Сөйтіп соңғы жылдарымнан ада қаламын!

11Осылай тіршілік әлемінде ешқашан

Жаратқанның көз алдына бара алмаймын,

Һәм адамдарды бұ дүниеде тұратын

Енді қайтып еш көрмеймін деп ойладым.

12Өмірім қойшының қосындай жиылады,

Біржола өзімнен тартылып алынады.

Сонда ғұмырым менің шиыршықталады,

Әрі тоқылған матадай қиылады,

Ымырт жабыла ол тез аяқталады.

13Таң атқанға дейін мен төзіп шыдадым,

Арыстан сүйегімді сындырғандай ауырдым,

Ымыртта жанымды аласың деп ойладым.

14Қарлығаш не шымшықтай шырылдадым,

Гүрлеген көгершіндей аһыладым.

Ұдайы аспанға қарап талды көзім,

Азаптан мені құтқаршы, уа, Тәңірім!

15Енді не айтайын? Ол маған сөйледі:

Иемнің Өзі маған мұны жіберді.

Абайлап өткізем бар келер кезімді,

Шеккен қасіретім мені ескертеді.

16Уа, Ием, тәртібіңмен өмір кешемін,

Жаңартылды осылайша рухым менің.

Сен мені сауықтырып, өмір сүргіздің.

17Зор қайғы шеккенім игі болды маған!

Сен алып қалдың мені өлім аузынан,

Күнәмді лақтырдың асыра арқаңнан.

18Өлілер Сені мадақтамайтын шығар,

Өлім де Саған мақтау айтпайтын болар,

Дүние салғандар үміт артпайтын шығар,

19Саған шүкірлік айтады тек тірілері.

Мен адалдығыңды мақтаймын бұл күндері,

Балаларына ол жайлы айтады әкелері.

20Жаратқан Ие мені сақтап қалды аман,

Оның киелі үйінде біз шат-шадыман

Ән-жыр айтамыз ішекті аспаппен әрқашан!

21Бұрынырақ Ишая пайғамбар патшаның қызметкерлеріне: «Інжір жемістерінен шелпек жасап алып келіңдер! — деп тапсырған болатын. — Соны шиқанның үстіне қойсаңдар, патша айығып кетеді». —

22Сол кезде Езекия: «Мен Жаратқан Иенің үйіне қайтадан көтеріліп бара алатыным жайлы алдын ала берілетін белгі не болады?» — деп сұраған еді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help