Әйүп 22 - Киелі кітап(QazBi2010)

Елипаздың өз қате ойына сүйеніп Әйүпті қайтадан айыптауы

1Сонда темандық Елипаз жауап беріп былай деді:

2— Күшті адамның Құдайға келтірер пайдасы бар ма? Ең дана деген пенде Оған пайдалы бола ала ма?

3Тіпті сен өзің әділ болсаң, құдіреті шексіз Тәңірді соныңмен қандай ризашылыққа кенелтер едің? Іс-әрекетің мінсіз болса, Оған келер пайда не болмақ?

4Құдайдың өзіңе осылайша айып тағып, соттағаны сенің Оны терең қастерлегенің үшін дейсің бе?!

5Қайта, ол аса зұлым болғаныңнан емес пе? Істеген зұлымдықтарыңның еш шегі жоқ болса керек!

6Сен бейшара ағайындарыңнан алған қарызына еш себепсіз кепілдік талап етіп, киімі аз олардың қолдарындағы барын да тартып алғансың.

7Тіпті шөлдеген адамға су, ашыққан адамға нан бермейтінсің.

8Жер мықты адамдікі, беделді кісі оны мекендейді (деген шығарсың).

9Бейшара жесірлерді құр қол жіберіп, жетімдердің де үмітін өшіретінсің.

10Сондықтан да жан-жағыңда тұзақтар пайда болып, аяқ астынан үрейің ұшты.

11Дым көрінбейтін тас түнектің ортасында қалып, үстіңді топан су басып тастаған.

12Құдай заңғар көкте емес пе? Ал ең алыс жұлдыздар қандай биікте десеңші?!

13Бірақ сен сонда да: «Құдай не білуші еді? Мұндай қою түнек арқылы Ол адамзатты қалай соттай алушы еді?

14Қалың бұлттар Оның төңірегін тұмшалап алған, аспан күмбезін айнала шарлап жүріп Ол түк көрмейді!» дейсің.

15Зұлым адамдардың ежелден жүріп келе жатқан жолымен сен өзің де жүрмексің бе?

16Олар осы дүниеден уақытынан бұрын аластатылып, түпнегіздері тасыған сумен шайылып кетті.

17Сол зұлымдар Құдайға: «Қасымыздан аулақ кетші!» дейтін, әрі: «Құдіреті шексіз Тәңір бізге не істей алар екен?» деп бөсетін.

18Бірақ Құдай солардың үйлерін игілікке толтырған еді ғой! Ал мен зұлымдардың мұндай ойларынан аулақ жүремін.

19Әділдер сол жайттарды көріп, қуанады, адал жүргендер:

20«Дұшпандарымыз шынымен қырылды, арттарынан қалғанды от жалмады!» деп арсыздарды келемеждейді.

21Құдайға мойынсұн, сонда жаның тыныш болады, әрі амандық саған қайтып келеді.

22Құдайдың аузынан шыққан тәлімді қабылдасаңшы! Оның айтқан сөздерін жүрегіңе сақтап қойсаң екен!

23Егер құдіреті шексіз Тәңірге қайтадан бет бұрсаң, Онымен қарым-қатынасыңды қалпына келтіресің. Сондықтан үй ішіңнен зұлымдықты аластат!

24Егер ақшақұмарлығыңнан бас тартсаң, тіпті саф алтынды шаң-тозаңдай көрсең,

25онда құдіреті шексіз Тәңірдің Өзі сенің қазынаң болады. Ол саған таңдаулы күмісіңдей қымбат болмақ.

26Сонда сен құдіреті шексіз Тәңірмен қарым-қатынасыңа қуанып, жарқын жүзбен Құдайға қарайтын боласың.

27Сен Оған сиынып, Ол саған құлақ асады, әрі өзің де Оған берген уәделеріңді орындайсың.

28Сенің ой-ниетің жүзеге асып, алдыңдағы жолың нұрға бөленеді.

29Біреудің басына ауыртпалық түскенде, сен «Оны қолдай гөр!» деп сиынасың. Сонда Құдай сол бейшараны аман сақтап қалады.

30Құдай тіпті кінәлі адамды да құтқарады. Сонда осы кісі сенің қолың таза болғандықтан аман қалады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help