Ишая 48 - Киелі кітап(QazBi2010)

Халықтың қасарысуы

1Ей, Жақыптың үрім-бұтағы, ей, Яһуда руынан тарағандар, сөзіме құлақ салыңдар! Сендер түп аталарың Исраилдің атымен аталып, Жаратқан Иенің атын атап ант етесіңдер. Исраилдің сиынған Құдайына құлшылық етеміз дей беріп, бұларыңды шын жүректен адал істемейсіңдер!

2Киелі қаладанбыз деп мақтанып, Әлемнің Иесі деп те аталған Исраилдің Құдайын сүйеніш етеді екенсіңдер.

Енді Оның айтқандарына құлақ түріңдер:

3«Мен болатұғын жайттарды баяғыда-ақ алдын ала мәлімдеп, сендерге қайта-қайта білдірген едім. Кенеттен оларды орындап, жүзеге асырдым.

4Қандай қасарыспа екендерің де маған айқын болатын. Тоңмойын, беттеріңнен қайтпайтын қиқарсыңдар!

5Сондықтан Мен сендерге жасайтын істерімді алдын ала хабарладым, оларды болмай тұрып-ақ білдірдім. Сонымен: «Өз тәңірлеріміз осылай істеді! Ағаштан ойылған және қоладан құйылған мүсіндеріміз солай болсын деп бұйырды!» дей алмайсыңдар.

6Хабарларымды естіген едіңдер. Енді жүзеге асқандарының бәріне қарап көз жеткізіңдер! Оларды ашық мойындамайсыңдар ма?

Бұдан былай Мен сендерге жаңа жайттарды жария етпекпін, өздеріңе беймәлім, жасырын жатқандарды хабарламақпын.

7Олар бұрын емес, қазір пайда болып жатыр. Бүгінге шейін солар туралы естімедіңдер. Сондықтан сендер: «Әрине, мұны білген едік», — дей алмайсыңдар.

8Жоқ, оларды алдын ала естіп, түсінген жоқсыңдар! Баяғыдан-ақ сөздеріме құлақ салмадыңдар. Сендердің опасыздық жасайтындарың да маған бұрыннан айқын болатын. Туғаннан-ақ Құдайға қарсы тұрушы деп аталасыңдар!

9Бірақ өз атымның құрметіне бола Мен қаһарымды тежеп, әлі де төкпей тұрмын. Әйтпесе сендерді қасымнан үзілді-кесілді аластатып, құртуым қажет болар еді.

10Оның орнына сендерді тазарту үшін азап отынан өткіздім. Сонда да балқытылған күмістей саф таза болып шықпадыңдар.

11Өзіме бола әрі өз еркіме сай сендерді құтқармақпын. Қалайша Мен абыройыма дақ түсіртемін?! Өз ұлылығымды қайдағы біреуге қимаймын».Бабыл езгісінен құтқарылу туралы уәде

12«Ей, Жақыптың ұрпақтары, Мен өз халқым болуға шақырған Исраил, сөзіме құлақ түріңдер! Мәңгі тірі Жаратқан Иемін, Алғашқы да, Соңғы да Менмін.

13Құдіретті қолыммен жердің негізін салып, аспан кеңістігін де жайып жібергенмін. Мен бұйрық берсем болды — олардың барлығы бірдей орындарына тұра қалады.

14Ендеше жиналыңдар, бәрің де құлақ салыңдар! Жаратқан Иенің сүйікті қызметшісі (Кир патша) Оның еркін Бабылда орындап, мықты қолымен сол елдегі халдейлерге қарсы шығатын болады. «Жалған тәңірлердің қайсысы бұны алдын ала білдіріпті?

15Жоқ, тек Мен ғана соны алдын ала айттым. Өзім оны шақырып әкелемін және оның жолын сәтті етемін.

16Қасыма жақындап, сөзіме құлақ түріңдер: Мен ниетімді басынан-ақ бүкпей ашық айтып келемін. Оны іске асыратын уақытта да Өзім сол жерде боламын».

Енді Жаратушы Тәңір Ие және Оның Рухы мені мына хабармен жіберіп отыр:

17«Сендерді құтқарушы Жаратқан Ие, Исраил сиынған Киелі Құдай, былай дейді: Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін.

18О, егер өсиеттеріме құлақ ассаңдар ғой, шіркін! Сонда сендердегі амандық пен тыныштық сарқылмас өзендей, әділдік те теңіз толқындарындай шексіз болар еді!

19Ұрпақтарың тау тастарындай, үрім-бұтағың құм қиыршықтарындай сансыз мол болар еді ғой. Олардың есімдері Менің алдымнан ешқашан өшпес те, жойылмас та еді».

20Бабылдан тездетіп көшіп шығып, халдейлердің езгісінен құтылыңдар! Мына хабарды қуанышты үнмен жер шетіне дейін жариялаңдар: «Жаратқан Ие өз қызметшісін, Жақыптың үрім-бұтағын, азат етті!»

21Ежелде Жаратқан Ие (Мысырдың езгісінен) құтқарған халқын айдала арқылы жетелеп алып жүргенде олар шөлдемеді: Өзі солар үшін жартастан су ағызды. Жаратқан Ие құзды қақ жарғанда су сарқырай жөнелді. (Осы кезде де Тәңір Ие отанына қайтуға шақырған өз халқына кереметпен қамқорлық жасайтын болады.)

22Ал «әділетсіздерде амандық пен тыныштық болмайды!» — деп нық айтады Жаратқан Ие.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help