1Солтүстік Исраилге Ремалиях ұлы Пақах патшалық құрған он жетінші жылы Жотам ұлы Ахаз Яһуда елінің патшасы болды.
2Сол кезде оның жасы жиырмада еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Кезінде сиынған Құдайы Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеген түп атасы Дәуітке Ахаз еш ұқсамады.
3Керісінше, ол Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолымен жүрді. Ахаз тіпті өз ұлын (жалған тәңірге арнап) құрбан етіп өртеп жіберді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде исраилдіктердің алдынан елден қуып шыққан азғын халықтардың жексұрын дәстүрлеріне еліктеді.
4Сонымен қатар Ахаз төбе бастары мен өзге де биіктеу жерлердегі табыну орындарында және әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге арнап құрбандық шалып, хош иісті заттар түтетіп ұсынып жүрді.
5Бұл уақытта Араманың патшасы Ресин және Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақах (Яһуда елінің астанасы) Иерусалимге өрлеп аттанып, оған қарсы шабуыл жасады. Олар қаланы қоршап алғанмен, Ахаз патшаны жеңе алмады.
6Сол кездері Арама патшасы Ресин (Ақаба шығанағындағы кеме тоқтайтын) Елат қаласын қайтадан иемденіп алып, қаладан яһудалықтарды толығымен аластатты. Едомдықтар сонда көшіп барып, күні бүгінге дейін тұрып жатыр.
7Содан Ахаз Ассур патшасы Тығылат-Пеләсерге елшілерін жіберіп, мынадай сәлемін жолдады: «Сіздің құлыңызбын, сізге балаңыздай мойынсұнамын! Осында аттанып келіп, мені Арама мен Солтүстік Исраилдің патшаларының қолынан құтқарсаңыз екен! Олар маған қарсы шабуыл жасауда!» —
8Ахаз, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйінің және патшалық сарайдың қазына қоймаларынан табылған алтын-күмісті жинап алып, Ассур патшасына сыйлыққа жіберді.
9Сонда Ассур патшасы оның тілегін орындап Дамаскіге жорыққа аттанып, қаланы басып алды. Содан қаланың бүкіл халқын шығыстағы Кир аймағына жер аударып, Ресин патшаның өзін өлтіріп тастады.
10Бұдан кейін Ахаз патша Ассур патшасы Тығылат-Пеләсермен кездесуге Дамаск қаласына барды. Дамаскідегі (жалған тәңірге бағышталған) құрбандық үстелін көргенде, Ахаз патша діни қызметкер Ұрияға құрбандық үстелінің бейнесін және оны тұрғызудың толық жобасын жіберді.
11Діни қызметкер Ұрия Ахаз патшаның Дамаскіден жіберген күллі нұсқауларына сәйкес құрбандық үстелін жасатып, оны патша қайтып келерінің алдында бітіріп қойды.
12Дамаскіден қайта оралғаннан кейін патша жаңадан салынған құрбандық үстелін қарап шығып, жанына көтеріліп барды. Оның үстінде
13өзінің түгелдей өртелетін құрбандығы мен астық тартуын өртеп, сұйық тартуын және ризашылық білдіретін құрбандығының қанын төгіп (жалған тәңірлерге) ұсынды.
14Ал Жаратқан Иеге бағышталған қола құрбандық үстелін Ахаз Жаратқан Иенің киелі үйінің алдындағы өз орнынан, яғни жаңадан орнатқызған құрбандық үстелі мен Жаратқан Иенің киелі үйінің арасынан, алып тастап, оны жаңа құрбандық үстелінің солтүстік жағына қарай жылжытып қойды.
15Ахаз патша діни қызметкер Ұрияға былай деп нұсқау берді: «Жаңадан салынған дәу құрбандық үстелінде таңертең шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар, кеште астық тартулары ұсынылсын! Онда патша мен халықтың өртелетін құрбандықтары мен астық тартулары және халықтың сұйық тартулары да ұсынылып, үстіне құрбандыққа шалынған барлық малдардың қаны төгілетін болсын! Ал қола құрбандық үстелі менің болашақ жайттарды болжап білуіме арналмақ».
16Діни қызметкер Ұрия Ахаз патшаның осы нұсқауларының барлығын бұлжытпай орындады.
17Содан соң Ахаз жылжымалы қола тұғырлардың шеттерін кестіріп, үстіндегі қазандарды алдыртып тастады. Патша дәу қазанды да он екі бұқа мүсіні тәрізді қола тұғырдан алдыртып, оны тас төселген басқа негізге орнатты.
18Ассур патшасына жағыну үшін ол, сондай-ақ, киелі үйдің ауласындағы демалыс күнге арналған жабық жолды алып тастап, патшаның Жаратқан Иенің киелі үйіне апаратын сыртқы кіреберісін жауып қойды.
19Ахаздың қалған істері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
20Ахаз көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Езекия орнын басып патша болды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.