Ишая 26 - Киелі кітап(QazBi2010)

Яһуда халқының Жасаған Иенің жеңісін мадақтау жыры

1Сол кезде Яһуда еліндегі халық мына жырды әндететін болады:

«Біздің қала мықты, Құдайдың Өзі

Қабырғалар мен бекіністер іспетті

Оны құтқарып, қауіпсіз етеді!

2Айқара ашыңдар қала қақпаларын!

Қалаға әділ халық ене алсын,

Шынымен адал халық кіре алсын!

3Әрдайым ойын Саған бағыттаған

Әрі сенімін бір Өзіңе артқан

Жанды сақтайсың Сен тыныш, аман.

4Жаратқан Иеге сеніңдер әрқашан,

Құдай жартастай берік, мәңгі қорған.

5Ол өркөкіректерді төмендетеді,

Солар тұрған зәулім қаланы күйретеді,

Оны түгелдей жерге құлатады,

Әрі оның күл-талқанын шығарады.

6Бұрын езілгендер қаланы таптар,

Иә, кедейлер үстінде аяқ басар.

7Тегіс те түзу — жолы әділдердің,

Уа, Хақ Тағала, жолды тегістейсің

Ой-ниеті адал адамдар үшін.

8Сенің шешімдеріңе бағынамыз,

Сені күтіп Саған сенім артамыз.

Уа, Тәңір, есіміңді қатты ұнатамыз,

Есімізге Сені алып тұрамыз.

9Жан дүнием аңсайды Сені түнде,

Рухым да сағынады таң сәріде.

Сен дүниеге сот жүргізген кезіңде

Жердің халқы үйренеді әділдікке.

10Зұлымға рақым көрсетілсе де,

Бәрібір үйренбейді әділдікке,

Тіпті турашыл халықтың елінде

Ол әлі де әділетсіздік істеуде,

Жаратқанның ұлылығын менсінбеуде.

11О, Тәңір, қолың соғуға көтерілген,

Бірақ зұлымдар соған қоймайды ден,

Өз халқыңды қорғайтыныңды зор ынтамен

Көрсетіп оларды ұялтасың Сен.

Жауларыңа дайын тұрған от расында

Оларды жалмайтын болады да.

12Ал бізге, уа, Жаратқан, тыныштық бересің.

Себебі өзіміздің қол жеткеніміздің

Бәрі — нәтижесі Сенің істегендеріңнің.

13О, Жаратқан Ие, өз Құдайымыз,

Бізді билеп келді бөгде иелеріміз.

Бірақ Сенің атыңды ғана құрметтейміз!

14Сол иелеріміз енді дүниеден өткен,

Әрі аруақтары тірілмес өлімнен,

Өйткені ден қойып, оларды қырдың Сен,

Содан олар шықты бәрінің естерінен.

15Уа, Иеміз, халқымыздың санын көбейттің,

Жерімізді де Сен жан-жаққа кеңейттің.

Осылайша ұлтымызды үлкейттің,

Содан зор құрмет пен даңққа бөлендің».

Пайғамбардың Құдайға сиынып, өз халқын жігерлендіруі

16Уа, Жаратқан Ие, Сен бізді жазалағанда, Саған сыбырлап қана мінажат еттік.

17Толғақ қысқан әйелдің аурудан бүрісіп айқайлағанындай, біз де көз алдыңда қиналдық, уа, Жаратқан Ие.

18Содан толғақ қысқандай бүрісіп келеміз, алайда көрген азабымыздан еш нәтиже болмады: не осы жерге құтқарылу әкелмедік, не жаңа тұрғындар дүниеге келмеді.

19Сендердің өлген адамдарың қайтадан өмір сүреді, олардың тәндері өлімнен қайта тірілмек. Уа, жер астында жатқан бәрің де, өлімнен оянып, шаттана әндетіңдер! Сендер таңғы шықпен суартылған өсімдіктей өсіп-өнесіңдер. Жер өлгендерді шығарып, бұ дүниеге қайтармақ.

20Уа, халқым, үйлеріңе барып, есіктеріңді бекітіп алыңдар. Жаратқан Иенің ашу-ызасы басылғанша біраз уақыт жасырына тұрыңдар.

21Біліп алыңдар, Жаратқан Ие Өзінің көктегі тұрағынан шығып, жер бетін мекендеген адамдарға олардың әділетсіз істеріне бола назарын аударады. Жер бетіндегі қантөгіс атаулы әшкереленіп, жер ондағы өлтірілгендерді бұдан былай жасырмайтын болады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help